10.11.2022, 10:01
Оқылды: 27

«Көрмегенге – көсеу таң...» (тағы да басқатырғы бағдарламалар хақында)

Емен де семен «Болашақ» бағдарламасымен жастарды шетелге оқыту­ға ұмтылдық. Мақтан көрдік соны. Мұхиттың арғы жағындағы елдерден жақсыны көріп, біліп, үйреніп, Қазақстанға алып келеді. Білімге, экономикаға, мәдениетке, қоғамның дамуына өзгеріс енгізеді деп күттік. Не таптық? Ақталды ма сенім? Қайдам... Әзірге жарытулы ештеңе жоқ. Жемқорлықпен «ұшып кетіп» жатқандары болмаса. Білім саласы да сол. «Көрмегенге – көсеу таң», шетелге барып келгендер ауыздарының суы құрып айтты екен деп, ал кеп өзгеріс жасауға кірістік алашапқын болып. Бірден ағылшынша сөйлетіп жібермек болдық мектептерді. Бірден! Бірінші сыныптан!  Сөйтсек қана «теңеледі» екенбіз әлеммен.

815863_1599246596

Фото: ult.kz

Ағылшынша білмеген адам «адам болмайды» екен. Масқара болғанда,  ағылшын тілін үйрене алмай жатып, мектептерде ішінара пәндерді «таза ағылшын тілінде» оқытуға пәрмен келді емес пе ана бір жылы! Министр бұйрық шығарады, облыстық білім басқармасы оны орындатып бағады бағыныштыларға қалай етсе де. Аудандық білім бөлімі туралы әңгіме жоқ. Салмақ мектепке, оның ішінде мұғалімге түседі. Сол «бір-екі пәнді түгел ағылшын тілінде (тым болмаса факультативте қосымша қазақша жүргізуге де рұқсат жоқ)  оқыту» дегенге Оралда да біраз мектеп экспериментке алынды, ішінде осы жолдардың авторы еңбек еткен «Үміт» лингвистикалық гимназиясы да (қазір, неге екені белгісіз, облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты болып өзгертілген...) бар. Ақылға сыймайтын бағдарламаға тәжірибе алаңы болғымыз келмей, басында біраз қашқақтап көріп едік, жоғарғы органымыз тыңдар болмады. Биология түсті біздің таланға. Кішкене де болса ағылшыншалары молырақ қой деп, 9-сыныпты белгіледік. Ағылшын тілі мен биология пәнінің мұғалімін жұптастырып,  интеграциямен оқыту үшін сабақтарын парлап қойдық кестеге. Оқулық бола ма, қолдан аударып, қолдан басып, екі балаға бір таратпа материалдан (қағаз да жоқ...) үлестіріп, ілдалдалап, оқытқан болып жаттық қой. Арада бір жұма өтіп, екінші апта басталғанда ағылшын тілінің мұғалімі кірді абдырап, алабұртып. Жасы үлкен, тәжірибесі бай деп осы жұмысты  тапсырған Жұпар Әлжанқызы деген мықты мұғалімім ғой. «Мынау қателік. Түк те шықпағаны былай тұрсын, бұл балалардың болашағына балта шабу. Жол беріп отыра береміз бе осылай? Мен бас тартамын. Жұмыстан қазір шығарып жіберсеңіз де, көріп тұрып балаларды да,  өзімді де алдай алмаймын», – деді ол кісі.

Қысқасы, ата-аналар, мұғалімдер бірігіп, министрлікке хат жазып,  протокол түсіріп, сол эксперименттен шығып кеттік. Биология – дәрігер мамандығының профильдік пәні, оны шала оқыту – гимназияда көптеп сол мамандықты таңдаған балалардың жолын кесу еді, өйткені. Жылма-жыл бітірген түлектерден 6-7 бала жоғары медициналық оқу орындарының грантына ие болып отырғанын көріп тұрып,  қалай жол берерсің мұндайға. Ол қатеден солай арашаладық балаларымызды. Кейін сол бағдарламаның  дұрыс еместігі дәлелденіп, түгел жабылып қалды. Ал эксперименттен өткен балалардың  обалы кімнің мойнында қалғаны белгісіз.

Енді, міне, «жаңартылған оқу бағдарламасы, жаңа буын оқулықтары» деген шығып, мектептің де,  бала мен ата-ананың да бас ауруына айналып кетті. Ел іші гу-гу. Көнтерілі мұғалімдердің өздері шыдамай, әлеуметтік желілерде, салалық жиындарда пікірлерін ашық айтып жатыр.  Бірқатарын оқып көрелік:

«...Еліміздегі барлық пән мұғалімдері бұл бағдарламаның өзгертілуі керек деп есептейді. Бұл 2017-2021 жылдар аралығындағы білімнің олқылығын, білім берудегі мемлекеттік саясаттың (Сағадиев енгізген «үш тілділік», «жаңартылған білім мазмұны») қырын кеткенін көрсетеді. Білім беру мен тәрбиелеудегі бұл олқылықтар мыңдаған оқушының тәрбиесі мен біліміне әсер етті. Ендігі кезек күттірмейтін мәселе Стандарт пен Бағдарламаны қайта қарау, жаңадан  құру,  өзгерту»; «Егер бағдарлама жасаушы, оқулық жасаушы, әдістеме ұсынушы және психолог бір жерден бас қосып, біріге  жұмыс істемесе, жақсы өнім алу мүмкін емес. Оны қолданыстағы бағдарлама, оқулық дәлелдеп тұр»; «...ТЕНДЕР деген дүние де түрлі қитұрқыға жол ашуда. Оқулық шығаратын баспа мемлекет иелігіне өтіп, Білім және ғылым министрлігінің құзырымен жұмыс істеуі қажет. Әйтпесе, қолдағы оқулықтар секілді сапасыз дүниеге босқа ақша шығындала бермек. Сараптамадан өткен оқулықтар баспадан шықпай, жеке меншік баспалардың өздері автор тағайындап, зерттелмеген, жүйеленбеген, мазмұнсыз дүниелерді шығарғанының зардабын  тартып  отырмыз»; «... Білім мен тәрбие қатар берілсін десеңіз, қазақ тілі мен қазақ әдебиетін аптасына 5 сағат оқыт, математиканы аптасына 5 сағат  оқыт, Қазақстан тарихын оқыт, ғылым негіздерін оқыт, орыс тілінің орнына әлем әдебиетін оқыт, ағылшын тілін 5-сыныптан  2 сағат оқыт, «Сызу» пәнін қайта енгіз, көркем еңбекті  кәсіптік  деңгейге  дейін   жетілдір»; «... Қарап отырсақ, біздің қолымыздағы бағдарлама да, оның оқу мақсаттары да,  «ойыншық» оқулықтар да бір-біріне сәйкес келмейтін «аққу, шортан һәм шаян»; «Пәннің негізі жоқ. Қазақша оқитын қазақ баласына «Тіл үйретуге арналған бағдарлама» ұсынылған»;  «Әлі онға дейінгі санды меңгермеген баланың оқулығына «Теңдеу» тақырыбын салған.  Түсіне ме ол оны?»; «1-сыныпта «Қ» мен «Ғ-ны» ғана өтіп үлгірген,  ал математикада«см», «кг», «л», яғни өлшем бірліктерін өтіп жатыр. «К» мен «Г» әрпін әлі танымайтын бала дәптеріне «қғ» деп жазады. Интеграция жоқ...».

Бүгінгі оқудың жай-күйінен хабар беретін нөпір жазбалардың бұл тек шет жағасы ғана...

Мектептің ғимаратын, жабдықтарын түгелдеп, сыртқы формасына мәз болып жүргенде,  ішкі мазмұны жыларман халге жетіпті. Сөз аяғын белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақованың таяуда  «Халық үні»  ақпараттық агенттігіне берген сұхбатынан алынған мына бір үзіндімен тұжырайық:

«Оқулыққа қатысты ата-аналардың пікірлерін оқысаң, жаның ашиды. 2017 жылдан бері осылай келе жатыр. Кезінде «Қосымша оқулықтар бар, тіл ережелері оқытылады» деген. Сөйтсем, онысы өтірік екен. Біз алданып қалдық. Қазіргі қазақ тілі оқулығын ашыңызшы, ішінде түрлі ақпарат бар, бірақ қазақ тілі пәні жоқ! Мұғалімдер хабарласып, жанайқайын айтып жатыр. Өйткені ендігі шығатын оқулықтар бұдан да сұмдық болуы мүмкін деген үрей бар. Қазақ мектебінде ана тілінде сапалы білім бермесек, қазақ тілі мынандай сорақы оқулықтармен оқытылса, біз Тәуелсіздікке ие болатын ұрпақты қайдан аламыз?».

P.S. 2023 жылы жаңа оқулықтар  шығады... Дұрыс болып шыққай!

Дариға Мұштанова, 

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы, «Парасат»  орденінің  иегері,

Ы.Алтынсарин белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале