COVID-19 пандемиясы басталғалы бері әлемде вакцина жасау үшін бәйге жүріп жатқандай. Осы жылдың наурыз айының өзінде 35 зертхана мен институт коронавирусқа қарсы вакцинаны әзірлеу жұмысына кірісіп кеткен болатын.
Сол тұстың өзінде қолда бар прототиптерге клиникалық сынақ жүргізіле бастады. Әлемдік сарапшылардың көбі және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинаны ойлап табу үшін бір жарым жыл уақыт керектігін жариялаған еді. Алайда Ресей мамандары тіпті бұл вакцина 11 айдың ішінде жасалатынына сенім білдіріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі таңда коронавирусқа қарсы вакцинаны жасау бағытында әлемде 150 жоба басталып кеткен. Мәселен, наурыз айының соңында Қытай билігі алдын ала тиімділігін көрсеткен вакцинаны ойлап тапқанын жария еткен еді. Қытайлық мамандар сынақ жұмыстары сегіз айдың ішінде аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеген. Маусым айының соңында Қытайда аталмыш вакцина әскери препарат ретінде мақұлданғаны хабарланды. Шетелдік БАҚ-тың дәл қазіргі ақпаратына сенсек, қытайлық CanSino Biologics атты үміткер-вакцина 508 пациенттің 85 пайызынының ағзасында бейтараптандыратын антидене қалыптастырған. 90%-дан астамында Т-жасушалық жауап болған.
Америкалық ғалымдар да коронавирусқа қарсы эксперименталды вакцинаны клиникалық зерттеулерен өткізудің бірінші кезеңінен кейін шілдеде үміт берерлік нәтижеге қол жеткізді. Тестілеуге қатысқан еріктілердің ағзасында COVID-19 қоздырғышына қарсы антиденелер анықталған. Массачусетс штатындағы «Moderna» биотехнологиялық компаниясы жасаған коронавирусқа қарсы тәжірибелік вакцина ерте клиникалық зерттеулерде теріс әсерсіз иммундық реакцияны тудырған. АҚШ тағы бір вакцинаны сәуірде Бразилияда және Оңтүстік Африка Республикасында клиникалық сынақтардан өткізе бастағаны хабарланған болатын. Нақтырақ айтқанда Бразилияда, вакцинаны әсіресе COVID-19 инфекциясын жұқтырған мыңдаған медицина қызметкеріне сынап жатқаны жарияланған. Оксфорд университеті AstraZeneca компаниясымен бірлесіп әзірленген вакцина сынақтан өткен 1077 адамның бойында айтарлықтай иммундық реакцияны көрсетті. Бейтараптандыратын антиденелер пациенттердің 90% -дан астамынан табылса, барлық қатысушылардың бойында Т-жасушалар жауабы анықталған.
Неміс ақпарат құралдары да сәуір айында коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның алғашқы клиникалық сынақтардан өтетінін жарыса жазған.
Алайда белгілі болғандай шілде айында Ресей Федерациясында жасалған вакцина әлемде бірінші болып жаппай өндіріске енгізілмек. Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, COVID-19 індетіне қарсы вакцина өндірісіне Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау министрлігі осы жылдың тамыз айында мақұлдауы мүмкін. Ал әлемнің басқа елдері мұндай шешімді қыркүйекте шығаруы ықтимал. Қалай болғанда да, 20 шілдеде Сеченов университеті хабарлағандай, Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігінің Гамалея ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми орталығы жасаған жаңа коронавирусқа қарсы вакцинаны тексеруге қатысқан еріктілердің екінші тобының бәрі де емханадан шығарылған. Еріктілер вакцинаны жақсы қабылдаған. Ешқандай жанама теріс әсер болмағаны жарияланып отыр. Ресей жыл соңына дейін басқа серіктес елдермен бірге 200 миллион доза өндіруді көздеп отыр. Латын Америкасы, Таяу Шығыс және басқа мемлекеттер Гамалея ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми орталығы жасаған ресейлік вакцинаны сатып алуға қызығушылық танытқан көрінеді. Өз кезегінде Премьер-Министр Асқар Мамин Қазақстан ресейлік препаратты алғашқылардың бірі болып сатып алатынына үміттенетінін айтып өтті. Қазақстандық ғылымға келетін болсақ, отандық ғалымдар да COVID-19 індетіне қарсы вакцинаны жасау үшін белсенді жұмыс жүргізуде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген кандидаттық вакцина клиникалық сынақтардан қыркүйек айында басталуы мүмкін. Клиникаға дейінгі сынақ жұмыстары мамыр айының ортасында басталған еді. Бұл - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының дамуы өнімі. Жалпы Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның бес прототипі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. COVID-19 вакцинасын жасау бойынша жұмыстардың барысына қызығушылық танытқан азаматтар ДДСҰ веб-сайтында вакцинаға үміткерлер туралы жалпы шолуды оқи алады. Вакцинаға үміткерлердің тізімі үнемі жаңартылып отырады.
zhaikpress.kz