ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Біз Біргеміз» онлайн-форумында коронавирус пандемиясымен күресте ерекше көзге түскен азаматтар «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және пандемия мен күресте елеулі еңбек етіп, жемісті жұмыс істегені үшін республика бойынша түрлі саланың 343 маманы марапатталады.
Олардың арасында 60 дәрігер, 39 полицей, 30 әскери қызметші, 41 волонтер, 34 меценат, 38 мәдениет және білім өкілдері, 25 БАҚ қызметкері бар. Марапатты ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ҚР Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушы Алексей Цой, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігің төрағасы Анар Жайылғанова табыстады. «Осы сахнада өзімнің еңбек жолымды еске алдым. Кардиохирургиядағы 15 жылда қуанышты және қайғылы сәттер болды. Бірақ, дәл бүгінгідей қатерлі пандемия салдарын көрмедік. Бұл коронавирустың ерекшелігі –балаларымыз бен ата-аналарымызға зақым келтіріп жатыр. Бүгін таңертең өз әріптесіме жансақтау жүйесін орнаттым. Бұл өте қорқынышты. Біздің үнемі жұмыста болып, отбасымыздан жырақта жүргеніміз үшін емес, вирустың шекараға бағынбайтыны қорқынышты. Бақытымызға орай, науқастардың көрер жарығы бар немесе үмітсіз деп бөліп жатқан жоқпыз. Барлығын бірдей емдеуге тырысудамыз», - деді Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы бөлімшесінің басшысы Тимур Лесбеков марапаттау рәсімінде. Дәрігердің айтуынша, коронавируспен күрес арқылы едәуір тәжірибе мен құрал-жабдықтар жинақталды және ең бастысы – вирусты жеңу мүмкіндігі бар. «Мұнда бір ғана дәрігерлердің еңбегі жеткіліксіз. Тұтас халықтың бірігуі маңызды. Коронавируспен күрес – әр адамның міндеті. Осылай ғана қатерлі ауруды жеңе аламыз. Бүгінгі марапат үшін, азаматтарымызды қорғау мүмкіндігі үшін шын жүректен қуаныштымын», - деді дәрігер. Марапаттау рәсіміне ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және барлық өңірлердегі медаль иегерлері онлайн қатысты. Елордада Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы бөлімшесінің басшысы Тимур Лесбеков, «Nomad ММА» республикалық федерациясының президенті Гаджи Гаджиев, Ұлттық волонтерлер желісінің төрағасы Вера Ким, Мейірімділер клубының жетекшісі Гүлмира Әбдірашева, меценат, қоғам қайраткері Оралбек Ботбай, Биологиялық қауіпсіздік мәселлері ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария, Бас әскери клиникалық госпитальдің нейрохирург дәрігері Ержан Рысқалиев, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің инспекторы Артур Ботабеков, елордалық волонтер Абзалбек Сұлтанбек, ғалым, кәсіпкер Әмір Қуат және «Jas Otan» жастар қанатының сарапшысы Аян Хафиз марапат алды.
zhaikpress.kz