9.01.2023, 10:45
Оқылды: 22

Көрпесіне қарай көсіледі-ау

Бірер айдан соң кезекті футбол маусымы басталады. Бүгінде еліміздің футбол клубтары жаңа маусымға арналған құрамын жасақтап, қажетті футбол бюджетін алды. Кей клубтар оқу-жаттығу жиындарына аттанып кетті.

OiRKoV7YmFE

Былтыр жоғары лигадан түсіп қалған «Ақжайық» бірінші лиганың көркін қыздырмақшы. Бірақ команда әлі күнге дейін жиналған жоқ. Өткен жылы команданы алға сүйреген көшбасшылардың біразы кететіні анық. Осыған байланысты команданың дайындығы қалай екенін біліп, алдағы маусымға алдына қандай мақсат қойғанын білмек оймен «Ақжайық» футбол клубы директорының міндетін атқарушы Манарбек Ержановқа жолықтық. Ол алдағы жоспар жөнінде баяндады. Қалай да премьер лигаға оралуды көздеп отыр екен. Бірақ оның тапсырманы қалай орындайтыны белгісіз. Өйткені клубтың бюджеті едәуір қысқартылған. Дәлірек айтсақ, командаға 400 миллион бөлініпті. Былтырғы бюджеттен екі жарым есе аз. Иә, өткен маусымда қомақты қаржымен нәти-
же көрсете алмаған ұжымның қаржысы қысқартылары анық еді. Бірақ дәл осылай кесіп тастап, нәтиже талап ету қаншалықты дұрыс? Ол ақшаға сапалы легионер алып, саналы ойын көрсете аламыз ба? Легионер түгілі, жергілікті ойыншылар аз жалақыға ойнауға келісе ме? Сол сұрақ көпті мазалайды. Иә, осынша аз қаржымен қайсарлық танытып, жеңіске жетсе, келер жылы команда қоржыны ақшаға толар, бәлкім? Бірақ оны күтіп жүретін жанкүйер бар ма? Сол себепті «Ақжайықты» жоғары дивизионда көргіміз келсе, қаржысын көбейткеніміз жөн-ау?

Биылғы маусымға командаға деп бөлінген қаржы басты қарсыласымыз саналатын «Тараз» командасының бюджетінен үш есе аз. Жамбылдық клубтың маусымға арналған қаржысының 1,2 миллиард теңге екені «Қазақ футболы» парақшасында жазылды. Енді тараздық команда алаңсыз дайындықты бастайды. Сапалы да тәжірибелі ойыншылдарды құрамға алады. «Ақжайықтың» бюджеті қайта құрылып, бірінші лига додасына қосылғалы жүрген семейлік «Елімай» клубының бюджетінен де аз. «Match.kz» парақшасына жарияланған ақпаратқа сенсек, «Елімайға» 716 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылыпты. Оған қоса, «Ақтөбе» футбол клубы өзінің жас тәрбиеленушілерінің шеберліктерін шыңдап, олардың алаңсыз жарыстарға шығуына 300 миллион, «Ақсу» футбол клубының балалары жаттығатын орталыққа 367 миллион бөлінгені туралы ақпаратты көз шалды. Болашағын ойлаған командалар балаларын осылай қамқорлап жатыр. Ал біз жалпы командаға 400 миллион теңге бөліп, алдына үлкен мақсат қойдық. Орындау қаншалықты қиын болатынын айтпасақ та түсінікті. Бірақ бұл жайттың екінші бір жақсы жағы бар. Ол жергілікті жас таланттарды шыңдауға мүмкіндік береді. Өйткені ақшасы аз командаға сырттан сапалы ойыншы келмейтіні анық. Клуб басшылығы команда құрамын жөндеп жасақтап, тәжірибесі толысқан Бауыржан Омаров, Руслан Хаиров, Эльдар Абдрахмановтардың қасына Батыр Мұқашев, Азат Бақытов, Роман Божко, Рысбек Қоңыров, Әйбек Жұмаханов, Самат Бердәулетов сияқты жергілікті жас таланттарды қосып, жастардың шыңдалуына мүмкіндік бере алады. Орал футболында болашағы бар жас ойыншылар көп екені туралы газетімізде жарық көрген «Жігерлі де жалынды футболшылар өңірімізде де бар» атты мақалада айтылды. Қалай боғанда да тығырықтан шығудың жолы осы. Маусым ортасына дейін жергілікті футболшылар намысты қолдан бермесе, қосымша қаржы келіп қалар?

Бірақ «Құрғақ қасық ерін жыртар» дегендей, клубтың футбол орталығы жетімсіреп қалмай ма екен? Өйткені негізгі команданы жарылқау өз алдына, балаларға да көңіл бөлуіміз керек-ақ. Бірақ бұл–  басқа мәселе. Ол туралы алдағы уақытта айтамыз.

 

Түгелбай  Бисен, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале