12.09.2022, 11:00
Оқылды: 15

Қоршаған ортаға қамқорлық керек

Сәрсенбі күні облыстық мәслихатта өткен кезектен тыс сессияда қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемақы мөлшерлемерін  бекіту туралы шешімге өзгеріс енгізіліп, жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидалары жөніндегі жаңа шешім бекітілді.  

4

Қоршаған ортаны қорғау саласын экономикалық реттеудің негізгі тетіктерінің бірі – қоршаған ортаға эмиссия үшін төленетін төлемақы жүйесін жетілдіру. Бұл табиғат қорғау шараларын қаржыландыруға тікелей әсер етеді. Өңірдегі табиғат пайдаланушылар жыл ішінде 28 мың тоннаға жуық қалдық шығарады екен.

Сессияда облыстық табиғи ресурстар және табиғатты  пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Алдияр Халенов баяндама жасады.

– БҚО бойынша қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемақы мөлшерлемелері салық кодексіне сай есептелген. Алайда Салық кодексінің 576-бабымен көзделген төлемақы мөлшерлемелеріне ҚР 2021 жылғы 2 қаңтардағы №402-VІ заңымен өзгерістер енгізілуіне байланысты БҚО бойынша қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы мөлшерлемелері жаңа редакцияда жазылуды қажет етеді, – деді Алдияр Халенов.

Өңірде жасыл желектерді баптау мәселесі өзектілігін жойған емес.  Жаңа шешімге сәйкес жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларына өзгеріс енгізілмек. Ережеде  ағаш егу, қоршаған ортаны абаттандыру, ағаштарды кесу, оларды есепке алу тәртібі қаралған.  Бұл өзгерістер кәсіпкерлік субьектілерінің шығындарына әсер етпейді.

3

Сессияда өңірдегі қордаланып келе жатқан мәселелер халық қалаулыларының  назарынан тыс қалмады. Ұшақ билеттерінің қымбаттығы, ұшақтардың жетіспеушілігі, қымбат болса да, билет таппаған халықтың діттеген жеріне өзге қалалар арқылы ұшып, қиналып жүргенін ашынып айтқан депутаттар Нұрғазы Сәтбаев пен Тұрарбек Тілемісов  көп созбай, бұл мәселенің шешімін табу қажеттігін ортаға салды.

Сессияны түйіндеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов әр мәселенің орынды көтерілгенін атап өтіп, бұл бағытта жұмыстар жасалып жатқанын айтты. Сессия соңында референдумды ұйымдастыру мен өткізуге белсене қатысқан мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаеваға Мемлекет басшысының алғысхаты табысталды.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале