5.12.2020, 22:09
Оқылды: 130

Қоршаған ортаны қорғаудың 74 жобасы бар

Кеше Батыс Қазақстан облысы бойынша экология департаментінде «Күрделі жобаларға мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу» тақырыбында бейнеконференц байланысы арқылы жиналыс өтті. Онлайн сипатта өткен басқосуға өңірдегі ірі табиғат пайдаланушылар, БҚО бойынша «Ақжайық – адалдық алаңы» аймақтық кеңсесінің өкілдері, сарапшылық кеңестің мүшелері, облыстың экоамбассадорлары, жұртшылықтың және БАҚ-тың өкілдері қатысты.

20201205_220153

Жиында бұдан төрт жыл бұрын аталмыш департамент жанынан құрылған экологиялық мемлекеттік сараптаманың сарапшылық кеңесінің отырыстарында қаралған ірі және аса күрделі жобалық құжаттамалардың жайы сараланып, тақыланды.

Сарапшылық кеңестің құрамында қызметтік міндеттері қоршаған ортаны қорғауға байланысты мемлекеттік құрылымдардың лауазымды тұлғалары, жоғарғы оқу орындарының ғалымдары, үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіпкерлер палатасы және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қоғам белсенділері бар.

Департаменттің экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Жанар Ізболатованың баяндауынша, сарапшылық кеңес құрылғалы бергі уақыт ішінде кеңестің 37 отырысы өткізіліп, 74 жобалық құжаттама қаралды. Сарапшылық кеңестің отырыстарында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы, «ҚазТранс Ойл», «Ақ қайнар» НӨК АҚ-лары, «Жайықмұнай», «Орал құс фабрикасы», «ICM Recycling» (Ай Си Эм Ресайклинг), «Айдана», «BKKS LPG», «Жайык Дизель Сауда», «Батыс Эко Орталығы» ЖШС-лары сынды ірі және басқа табиғат пайдаланушылардың неғұрлым күрделі жобалық құжаттамалары қаралған.

- «КПО б.в.» компаниясы жобаларының арасынан 2017 жылға арналған «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в» компаниясының шекті рұқсат етілген шығарындыларының (ШРШ) және 2017-2018 жылдарға арналған Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнының жер асты қабаттарына сарқынды сулармен айдалатын ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген төгінділерінің (ШРТ) нормативтік жобаларының талқыланғаны атап өтілді. Компания ШРШ жобасын қарастыру және үйлестіру барысында 2017-2021 жылдар аралығында «КПО б.в.» компаниясының өндірістік қызметінің нәтижесінде ауаны ластайтын заттар шығарындыларының көлемін азайтуды қарастыратын шараларды жасақтап, оны іске асыруды өздерінің міндетіне алды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жылма-жыл ауаны ластайтын заттардың нақты көлемі 8-10 мың тонна шамасында азайды.

Сонымен қатар ШРТ жобасын үйлестіру барысында «КПО б.в.» компаниясының мойнына алған міндеттемелері бойынша қазіргі уақытта өнеркәсіптік ағынды суды айдау көлемін көбейту мүмкіндігін және оның жер асты қабатында таралмауын негіздеу үшін №1 өндірістік ағындыларды жер асты көму полигоны учаскесінде геологиялық барлау және зерттеу жұмыстарын жүргізді. Соған орай ағынды суды айдау жобасына қосымша құжаттар жасақталып, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитеті мемлекеттік экологиялық сараптамасы оң қорытындысын берді.

Күрделі жобалардың бірі - «Орал құс фабрикасы» ЖШС-нің қалдықтарды орналастыру нормативтік жобасы. Облыс экологиясының жай-күйін жақсартуға бағытталған жоба барысында кәсіпорын құс көңін кәдеге жарату үшін препараттарды қолдану шараларын жоспарлады және оны сәтті іске асырды. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде көң сақтау орнында құс көңін орналастыру көлемі азайтылды. Осылайша құс фабрикасы ауданына жақын орналасқан тұрғын аймақтағы атмосфералық ауа сапасы жақсарды.

Маңызды күрделі жобалардың арасынан «2019-2025 жылдарға арналған Батыс Қазақстан облысының қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткіштері туралы» облыстық мәслихат шешімінің жобасын атап айтуға болады. Осы жобаны іске асыру барысында департамент БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірге жалпы облыс бойынша қоршаған ортаға шығарындыларды, төгінділерді және қалдықтарды орналастырудың рұқсат етілетін көлемдерін азайту бағытында жұмыстанып келеді. Бұл жоба эмиссиялардың нақты көлемдерін азайтуға әсер етеді, - деді Жанар Ізболатова.

Жиынға қатысушылар «ICM Recycling» (Ай Си Эм Ресайклинг) ЖШС, «Айдана» ЖШС, «Ақ қайнар» НӨК АҚ эмиссияларының нормативтік жобалары, су айдындары нысандарындағы балықтарды шекті-мүмкін аулау жайы мен облыс аумағындағы киіктерді тірілей аулаудың биологиялық негіздемелерін талқылады. Басқосудың тоқетер түйіні табиғат пайдаланушылар табиғат-ананың байлығынан нәсіп-берекет тауып қана қоймай, қоршаған ортаның табиғи жағдайын жақсарту, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, сақтау, жандандыру бағытындағы іс-шараларды естен шығармауы тиіс дегенге сайды. Өйткені табиғат байлығын елдің ертеңгі болашағы үшін сақтау қашан да өзекті.

Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале