2.07.2017, 19:13
Оқылды: 60

Қос қатерден сақтандырған жиын

Тожар   Сенбі күні облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың төрағалығымен суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары және дала, орман өрттерінен сақтану туралы жиын өтті. Жиынға бірқатар департамент, басқарма басшылары, сондай-ақ селекторлық режимде аудан әкімдері қатысып отырды.


      Облыс әкімінің орынбасары кіріспе сөзінде кезектен тыс жиынның өтуіне жуырда өңірде суға шомылушылардың өміріне қауіп төнген екі жағдайдың тіркелгені себеп болғанын айтты. Абырой болғанда толқын ағызып, жағалаудан қашыққа әкеткен кісілерді төтенше жағдай қызметкерлері аман құтқарып қалған. Бағдат Оразалдыұлының айтуынша, суға кетіп ажал құшатындардың басым бөлігі ішімдік ішушілер болса, олардың төрттен бірі жүзе білмейтіндер, 13 пайызы үлкендердің қадағалауынсыз суға шомылатын жасөспірімдер. Осындай статистикалық мәліметтерді мысалға келтірген өңір басшысының орынбасары суға шомылушы тұрғындарды қауіпсіздік қамтамасыз етілген арнайы орындарда ғана демалуға, жазғы демалыс уақытындағы мектеп оқушыларын қадағалаусыз қалдырмауға шақырды.

  Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ақылбек Ахметжанов қайғылы жағдайға душар болудың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан істер, өрт қауіпсіздігі шаралары туралы есеп берді.

     Отырыс төрағасы суға кету тәуекелін азайту үшін балаларға жүзу үйретудің маңыздылығы жоғары екеніне тоқталды. Ол сондай-ақ жаздың ыстығында арнайы шомылатын жерлерді көбейту, мұндай орындарда инфраструктураны дамыту да қайғылы оқиғалардың санын айтарлықтай шектейтінін айтты. Оның мәлімдеуінше, көп ұзамай қала маңында арнайы шомылатын орындар саны көбеймек. Аудан әкімдері де осы бағыттағы шараларды ескере отырып жұмыстануы тиіс.

      Ол су тоғандарының салыстырмалы түрде көптігіне байланысты Зеленов ауданында суға кету фактілерінің жиірек тіркелетінін және қала бойынша рұқсат етілмеген тоғыз жерде шомылатын жағажай бар екенін айтып, бұл мәселеге жауапты адамдардан қандай сақтық шаралары атқарылып жатқанын сұрады. Зеленов ауданы әкімінің айтуынша, аудандық БАҚ арқылы ескерту түріндегі материалдар жарық көрген, ескертпелер жазылған баннерлер жасалған, құқық қорғау органдарының қызметкерлері шомылуға рұқсат етілмеген жерлер бойынша рейдтер ұйымдастырған.

      Бүгінгі таңда қалалық мәдениет және демалыс саябағында екі жеке жағажай заңды түрде жұмыс істейді. Мұндай жағажайларды Коминтерн және Деркөл ауылдары маңынан ашу жұмыстары жүргізілуде. Үгіт-насихат жұмыстарына, ескертпе парақтар шығарып таратуға қала әкімдігінен 3 млн. теңгеден астам қаражат қарастырылған. Қазіргі уақытта қалалық ішкі саясат бөлімі кәсіпкерлерді тарту арқылы led-экрандардан ескерту бағытында жіберілетін бейнероликтер даярлау жұмыстары қолға алынған. Облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллиннің мәлімдеуінше, ТЖ департаментімен бірлескен түрде биылдыққа 19 рейдтік іс-шара өтіп, суға түсуге рұқсат етілмеген аймақтарда демалыс ұйымдастырып, спирттік ішімдік ішкен үш азаматқа әкімшілік айыппұл салынған. Өткен жылы осы бағыттағы әкімшілік жауапкершілікке 90-нан аса адам тартылған.

      Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиевтен Қоскөл ауылдық округі аймағында жуырда орын алған дала өрті туралы сұралды. Аудан әкімінің орынбасары мәлімдегендей, төрт техника, 30 шақты адамнан құралған еріктілер жасағы жұмылдырылып, өрт сөндірілген. Жүргізілген талдауларға бойынша, Ақжайық, Бөрлі, Зеленов аудандарының территорияларында өрт қауіптілігі жоғары болып есептеледі екен. Соған сәйкес қауіптің алдын алу жұмыстары тиісті деңгейде атқарылуы керек. Оған қажетті жабдықтар мен техника жеткілікті. Бұл бағыттағы алдын алу шараларының атқарылу деңгейі туралы БҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Амангелді Дәулетжанов баяндады. Оның айтуынша, бұл салада шешуі күрделі мәселелер жоқ.

    Бағдат Азбаев жиынға қатысушы мекеме басшылары мен аудан әкімдеріне қауіпсіздік шараларын ширата түсу керектігі туралы тапсырмалар берді.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале