Елімізде халық денсаулығын жақсарту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Өңірімізде денсаулық сақтау саласын дамыту, тұрғындарға заманға сай қолжетімді, сапалы дәрігерлік қызмет көрсету жолында қолға алынған және жоспарланған шаруалар барын жоққа шығармаймыз. Десек те, Теректі ауданындағы Ақсоғым ауылдық округінің Үлкен Еңбек ауылындағы медициналық пункттің міскін халі көңіл көншітпейді. Бұл нысанды өткен ғасырдағы дәрігерлік ұйымның музейі десе, сырттан келгендер оп-оңай сенер еді.
Елді мекендегі бұл мекеменің қызметіне жүгінуге 415 адам тіркелген. Ауылдағылардың арасында ең көп таралған ауру – күллі республикадағыдай жүрек-қан тамырлары аурулары. Басы ауырып, балтыры сыздағандар, жарық дүниеге көрінген нәрестеден бастап еңкейген кәріге дейін осында дәрігерге дейінгі медициналық көмек алады. Одан кейін аудандық ауруханаға жүгінеді. Ауылдағы 65-тен жоғары жастағы 34 қария мен кейуананың денсаулығы ақ желеңді маманның жіті назарында.
Медпунктте дәрі-дәрмек жеткілікті. Алайда заман талабына сай келмейтін нысан науқастардың сапалы ем алуына қолайсыздық тудырып отыр.
Әлия Бақытжанқызының мұнда фельдшер болып еңбек еткеніне 40 жыл толды. Осы жылдар ішінде медпункттің басыбайлы ғимараты болған емес. Қазір ескі мектеп ғимаратының бір бөлігін паналап отыр.
Бұл ғимараттың салынғанына да бақандай 50 жыл болған көрінеді.
Аяқ басқан сайын едені сықырлайтын шағын бөлме шкафтармен екіге бөлінген. Ескі терезесінің фортошкесі жоқ болғандықтан, ауасы тар, күлімсі, сүйкімсіз иіс шығады.
Тазалықшының еңбекқорлығының арқасында сырланған еден, мүлік-мүкәмалдары мұнтаздай таза. Қол жууға арналған қолжуғыш, шкафтар өткен ғасырдан мұраға қалғандай көрінді.
– Жылды аяқтап 61-ге толып, зейнетке шығамын ба деп отырмын, - деп күлімсірей сөйледі Әлия Қалаханова. Фельдшерді өз мамандығын сүйетін, барына шүкір етіп, ауруына шипа іздеп келген науқастарды қабақ шытпай, қарсы алатын ғазиз жан десті ауылдастары.
– Мына жақ бөлікте процедура жасаймыз. Қаралуға келген ер-азаматтарды, әйелдерді, балаларды бөлек қабылдауға мүмкіндік жоқ. Әйелдер бөлмесі де жаңағы бөлікте. Мына жақта науқастарды қабылдаймыз. Медпункт салынады деген хабар естіп, қуанып қалғанбыз. Бірақ әлі нақты ештеңе жоқ, - деді Әлия Қалаханова.
Биылғы қыс маусымын ілдебайлап өткізген медпункттің алдағы қыста қайда өткізері, қалай жылытылатыны белгісіз. Бұрын ескі мектеп жұмыс істегенде, оның бір шетінде орын тепкен мекеме де қоса жылытылатын. Былтыр желтоқсан айында жаңа мектеп ғимараты іске қосылып, ондағылар көшті. Қаңтарылып қалған ескі ғимараттың қазандығы қаңтардың орта шеніне дейін жағылды. Алайда ескі мен жаңа ғимараттарды қатар жағу білім беру саласына тиімсіз. Сондықтан ескі білім ұясының оты жағылмайтын болды. Қақаған қыста жылуы жоқ пунктте науқастарды қабылдау оңай емес. Содан көктем шыққанша дәрігерлік пункт бір тұрғын үйді паналады. Оның жалға алу ақысын аудандық аурухана төледі. Күн жылыған соң медпункт кері бұрынғы қонысына қайта көшті.
«Алдағы қыста тағы пәтер жағалайтын шығар. Медпункт салынады деген әңгіменің соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Жаңа медпункт салынып, сол жерден зейнетке шықсам деген арманым көзден бұлбұл ұшты. «Үмітсіз шайтан» деген, бәлкім, алдағы жылы салынып қалар», - деді жақсылықтан күдер үзбеген Әлия Бақытжанқызы. Оның сөзін округ әкімі Муфтах Дүйсенғалиев те мақұлдап бас изеп қойды.
Мемлекет басшысы «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деген сөзді бекерге айтпаса керек. Ендеше, дүйім жұрттың денсаулығын күзететін пункттің қоғаммен бірге жаңаратын кезі келді. Облыстық құрылыс басқармасы бөлімінің бас маманы Ақтоты Аймурзинаның айтуынша, Үлкен Еңбекте салынатын медициналық пункттің жобасы жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Жобаның жалпы құны – 137,9 млн теңге, соның 13,788 млн теңгесі облыстық бюджеттен қарастырылған, қалған қаражатты республикалық қазынадан бөлуге өтінім жолданған.
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы
Теректі ауданы