ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Рахымжан Исақұлов Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Кездесу барысында вице-министр ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ағымдағы жылы атқарған жұмыстары туралы ақпарат берді. Өз сөзінде ол мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында құрылыс саласын белсенді дамыту, тұрғын үй қатынастары жүйесін жетілдіру, өнеркәсіп өндірісін ынталандыру және инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Халықты қолжетімді әрі сапалы тұрғын үймен қамтамасыз етуге, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салуға, сондай-ақ министрлік пен өңірлік атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимылды арттыруға ерекше назар аударылды.
Баяндамадан кейін өңір тұрғындарымен ашық диалог өтті. Азаматтар тұрғын үй саясаты, құрылыс жобаларының іске асырылуы, тұрғын үй бағасының қалыптасуы, сондай-ақ өнеркәсіп пен қорғаныс салаларының дамуы бойынша өзекті сұрақтарын қойды.

Рахымжан Исақұлов әрбір сұраққа түсініктеме беріп, министрлік тарапынан нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, құрылыс индустриясын дамыту және азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша вице-министр тиісті құрылымдық бөлімшелерге облыс әкімдігімен бірлесіп, тұрғындардың нақты өтініштерін мұқият қарастырып, олардың шешілуі бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Вице-министр мұндай кездесулер министрлік пен халық арасындағы өзара байланысты нығайтуға, азаматтардың сұраныстарына жедел әрекет етуге, сондай-ақ құрылыс пен өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру кезінде өңірлік ерекшеліктерді ескеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.