Елімізде талантты адамдар көп. Отандық креаторлар музыка, кино өндірісі, өнер, мобилография салалары бойынша әлемдік нарықты бағындыруда. Шығармашыл жанға өнер белесін бағындыру үшін басты себеп – ішкі ниеті, ұмтылысы. Сондай-ақ оларға қолдау орталықтарының жаңа жобалары да дем береді.
Өткен жылы республика бойынша он шығармашылық орталық пен IT хаб ашылған. Талантты жастардың басын қосып, бағыт беретін бұл орталықтар бүгінде өз жемісін беруде. Осы жылы да республика бойынша он орталық және хаб жұмысын бастамақ. Мемлекет биыл бұл жобадан Батыс Қазақстан облысын да тыс қалдырмады. Нақтырақ айтсақ, қаламызда тұңғыш рет креативті хаб орталығы ашылады. Күрделі жөндеу жұ-
мыстары тәмамдалуға таяу Жастар мәдениет сарайының базасы тағы бір орталықпен толыққалы жатыр. Осы орайда Орал қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медет Мерғалиевті әңгімеге тарттық.
– Мемлекет басшысының 2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында әрбір облыста, ірі қалаларда креатив-ті индустрия орталықтарын құру керектігі айтылған. Аталмыш тапсырмаға сәйкес осы жылдың мамыр айында «Ozge Epic Oral creative hub» деп аталатын креативті хаб Жастар мәдениет сарайының базасында ашылады. Креативті хабтың аумағы 837 шаршы метрді құрайды. Бұл жерде 200-ден астам креатор мамандары дайындалады. Хабтың дизайнерлік көркем жұмысы, жиһаз бен техникалық жабдықталуы «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қайырымдылық бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Бұл жобаның қаражат көлемі 211 миллион теңгені құрайды. Креативті хаб кеңістігінің дизайн жобасы мен тұжырымдамасын «Ozge Epic» қоғамдық қоры дайындады, – деді Медет Рысқалиұлы.
Медет Рысқалиұлының айтуынша, орталық қолданысқа берілген соң түрлі іс-шаралар, байқаулар мен шеберлік сағаттары өтпекші екен. Сонымен қатар креативті индустриялар форумы, тегін оқы-
ту курстары, клипмейкерлер және балалар фильмінен облыстық байқаулар ұйымдастырылады. «Жайық жастары» жобасы мен «Жайық шебері» фестивалі осы креативті орталықта өтеді деп жоспарлануда. Былтыр мемлекеттік тапсырыс аясында «Ақжайық – шеберлер қаласы» жобасы жүзеге асып, ұлттық киім дизайнерлерінің фестивалі, облыстық деңгейде екі креативті индустриялар форумы өткен.
Қазіргі таңда Жастар мәдениет сарайы «Қарашығанақ Петролеум оперейтинг б. в.» компаниясымен әлеуметтік инвестициялық жобалар аясында күрделі жөндеуден өтуде. Жобаның қаражат көлемі – 744 миллион теңге. Жөндеу жұмыстары 2025 жылдың сәуір айында аяқталып, креативті хаб және басқа да атаулы кабинеттер қызметін бастайды.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»