Жазғы демалыс кезеңінде жолаушылар сұранысын қанағаттандыру мақсатында «Жолаушылар тасымалы» АҚ сұранысқа ие бағыттар бойынша қосымша төрт тальго пойызын жолға шығарады, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Фото: Rail-news.kz
Компания мәліметінше, 2026 жылғы 18 маусымнан бастап қосымша пойыздар Астана – Достық, Алматы – Достық және Алматы – Семей бағыттарында қатынайды. Бұл шешім өңірлер арасындағы көлік қатынасының қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
№254/253 «Нұрлы жол – Достық» пойызы 22 маусым мен 31 тамыз аралығында аптасына екі рет – дүйсенбі және бейсенбі күндері қатынайды. Құрамында 27 вагон болады. Пойыз 344 жолаушыға арналған, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы купе қарастырылған.
Ал №211/212 «Алматы-2 – Достық» пойызы 20 маусымнан 30 тамызға дейін тақ күндері қатынайды. Құрамында 23 вагон бар, жалпы сыйымдылығы – 326 орын.
№207/208 «Алматы-2 – Достық» бағыты бойынша тағы бір қосымша пойыз 19 маусым мен 29 тамыз аралығында жұп күндері жүреді. Оның құрамында 22 вагон қарастырылған және 288 жолаушыны тасымалдай алады.
Сондай-ақ 18 маусымнан бастап №231/232 «Алматы-2 – Семей» пойызы іске қосылады. Ол 30 тамызға дейін күн ара, яғни жұп күндері қатынайды. Құрамында 22 вагон бар пойыз 288 жолаушыға есептелген.