Ысырап сөзі араб тілінен енген, «босқа шашу», «мөлшерсіз жұмсау», «шектен шығу» деген мағыналарды білдіреді.
Алла Тағаланың тарту еткен несібесін беталды шашу, түбінде адамға өкініш алып келетін күнә. Алла Тағала қасиетті Құранда ысырап жөнінде былай деген:
«Жеңдер, ішіңдер бірақ ысырап етпендер! Алла Тағала ысырап еткендерді әлбетте жақсы көрмейді» (Ағраф суресі, 31-аят).
Ысырап етуші Жаратушымыздың алдында жағымсыз іс жасауымен қатар, шайтандардың бауырына айналады.
«Жақын туысқа, пақыр-міскінге һәм жолда қалған жолаушыға тиісті жақсылығыңды жаса! Мал дүниеңді орынсыз шашып-төгіп, ысырап қылма! Шүбәсіз ысырапшылар шайтандарға бауыр. Ал шайтан болса, Раббысына рақметі жоқ малғұн!» ( Исра суресі, 26-27-аяттар)
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) берілген нығметті қалауымызша тұтынуымызды рұқсат етіп, алайда ысырап жасауға тыйым салып, былай деді: «Адамды адасу жолына жетелейтін нәрсе, ысырапшылдық пен такәппарлық» (Бухари ).
Бабаларымыз да кейінгі ұрпақ сіз бен бізге ысырапшылдыққа бармай, қолдағы бар ырыздық-несібе мен берекетті орнымен пайдалана білуді өсиет еткен. Абай атамыз «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде ысырапшылдықты ең бір жаман әдет ретінде қарастырып былай деген:
«Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз».
Демек Алланың берген нығметінен жеп, ішіп, алайда дәулет артқан кезде, жағдайы төмен кедейдің, жетім-жесірлердің тиісті үлестерін беруді еш ұмытпау қажет. Сондай-ақ сырт көзге мақтану ниетімен қымбат киіну де ысыраптың бір түріне жатады. Сондықтан қаражатымызды пайдасы тиетін жерге жұмсап, зияны тиетін жерден аулақ болуымыз ләзім.
Тамақтанған кезде де өз мөлшерін сақтаған жөн. Ислам дінде аз тамақтанып тән саулығын күшейтумен қатар, мешкейлікпен артық асап, ысырапшылдыққа ұрынбау керектігі де ескертілген. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл жөнінде былай деген: «Ішіп жеңдер, киініңдер және садақа беріңдер, бірақ ысырап пен тәкаппарлықтан сақтаныңдар» (Бұхари).
Дінімізде меймандарға ас тарту етудің сауапты іс екендігі аят, хадистерде баяндалған. Қазақ дәстүріндегі жетісі, қырқы, жылын беру де тектен-тек пайда болмаған. Ол кезде қазақ ауылдарында ағайын-туған, жекжат-жұрағаттардың арасы өте шалғай болған. Көршілердің өзі де жақын жерде болмаған. Сондықтан алыстан көңілқос айта келген қонақтарға арнайы мал сойдырып, ет астырып, ас ұсыну қалыптасқан. Алайда қазіргі уақытта, қайтқан кісінің құрметіне берілетін құдайы астарды ысырапқа жол бермей атқару қажет. Ислам діні аталмыш асты қарызданып, қауғаланып міндетті турде өткізуді құп көрмейді. Себебі қазіргі уақытта адамдардың көбісі өзінің тұрмыс-тіршілігіне мән бермей, жетпей жатқан жағдайда да мол қаражат жұмсап, жылқы сойып, садақа беріп, әбігерге салынып, ас беруді әдетке айналдырған. Тіпті шектен тыс ойына келген әрекеттерге, ысырапшылдыққа жол берілген. Соның бірі – өлік шыққан үйдің дастарханы, тойдың дастарханымен бірдей деңгейге жетті. Орамал, жыртыс, ақша тарату шариғат міндеттемейтін ысырапшылдық. Санамыздағы ысырапшылдық сияқты кемшілікті имандылық тәлім-тәрбие, арқылы түзетуіміз қажет. Құран мен сүннеттегі осыншама ұстанымдарға құлақ түрілсе, ысырапшылдықтың алды алынары сөзсіз.
Қазақтың тойсыз күні жоқ. Салт-дәстуріміздің қатаң сақталуымен тәрбиелік маңызы зор болып есептелетін тойлардың өзі де бұрынғы денгейінен құлдырап, даралықпен даңғазалыққа айналған. Бүгінгі күні дәстүр мен дарақылықты шатастырып, ысырапшылдыққа жол беретіндер көп. Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен қасақ қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес.
Прагматизм – өзінің ұлттық және жеке байлығыңды нақты біліп, оны үнемді пайдалануың әрі соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алуың және ысырапшылдық пен астамшылдыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдинеттің белгісі орынсыз сән-салтанат емес, керісінше ұстамдылық пен қанағатшылдықты, қарапайымдылық пен үнемшілдікті орынды пайдалану – көрегенділікті көрсетеді. Тойға тыйым салу немесе шектеу қоюды қалап отырған жоқпыз, бәлки астамшылдыққа тосқауыл болатын барлық амалдарды жүзеге асыруымыз қажет.
Қанат Қуанышбайұлы
Бөрлі аудандық мешітінің бас имамы