20.07.2023, 11:15
Оқылды: 49

Қуғын-сүргіннің бөкейордалық құрбандары

Күні бүгінге дейін миллиондаған адамның өмірін қиған «Үлкен террор» уақиғасы туралы тек қысқаша айтылып келді. Алайда соңғы уақыттарда елімізде, соның ішінде облысымызда сталиндік репрессияларға ұшыраған адамдардың тізімдері анықталып, бұл тақырып тереңірек зерттелуде. 1997 жыл Президент Н. Назарбаевтың жарлығымен Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып атап өтілді.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінен облысымыз бойынша репрессияға ұшыраған адамдардың толық тізімі алынды. Бүгінгі таңда ХХ ғасырдың 20-55 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша арнайы комиссия құрылды. Аудандарда «Халық жады» естелік кітаптарын дайындау үшін осы уақиғалардың куәгерлерімен, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен, сондай-ақ өлкетанушылармен, зерттеушілермен сауалнамалар жүргізілуде. Алайда жыл өткен сайын нақты дерек айтатындардың азаюы жұмысты қиындататыны сөзсіз. Сонымен бірге жоғарыда аталған ҰҚК БҚО бойынша департаментінен  алынған тізімнің де толық емес екені айдан анық. Өйткені Кеңес одағында қуғын-сүргінді тек Сталин жүргізген жоқ. Мұндай зұлмат КСРО-ның бүкіл кезеңінде әртүрлі формада жүзеге асырылды. Миллионнан астам адам атылды, төрт миллион жазықсыз адам саяси себептермен ГУЛАГ-та болды. Барлығы 11-11,5 миллион адам қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың арасында мыңдаған қазақ пен Қазақстан азаматтары болды.

Негізінен, Бөкей ордасы ауданынан 300-ге жуық адам жалаға ұшырап, жазаға тартылды деп айтылады. БҚО Хан ордасы музей-қорығының қорында репрессия тақырыбында жинақталған жәдігерлердің арасында «1934-1947 жылдар аралығында Орда ауданынан жазықсыз жалаға ұшыраған адамдар» атты тізімде 169 адам бар. Музейдің ғылыми қызметкерлері әр жылдары газет материалдарын зерттеп, 30 адамның есімін анықтаған екен. Олардың 11-і аталған тізімде бар, қалғандары жекелеген адамдардың өмірбаяндары мен құжаттары арқылы табылған. Сонымен қатар қорда Орда ауданынан 1937-1947 жылдары жазықсыз жалаға ұшырағандардың тізімі, ауданға өзге өңірлерден келіп, қызмет етіп жүрген кезде репрессияға ұшырағандардың (25 адам) тізімі бар.

b73ae2d7-6a67-44ed-8f92-dcae3cc2b751

Махамбет Бөкейханов

Осы тақырыпты зерттемек-ші болып, интернет желісіне жүгінгенімде, «Мемориал» де-ген сайтқа жолықтым. Мұнда адамдарды деректер базасы деген іздеу жүйесі арқылы іздестіруге болады екен. Мен оларды туған жылдары бойынша іздестіре бастадым. Облыс бойынша репрессияға ұшыраған ең кәрі адам 1840 жылы дүниеге келген болып шықты. Ал аудан бойынша Торғай ауылынан 1855 жылы туған Вильдан Измайлов деген кісі екен. Облыстағы репрессияға ұшыраған ең жас адам 1957 жылы туған болса,  Орда ауданы бойынша – 1929 жылы туған Сейтқали Бажекенов деген адам.

Мемориал сайтынан жалпы саны 227 ордалықтың мәліметтерін алдым. Олардың 80-і музей-қорық қорындағы тізімде жоқ, ал соның ішіндегі 69-ы ҰҚК БҚО бойынша департаментінен  алынған тізімде де жоқ. Себебі олар туралы мәліметтер сайтқа еліміздің басқа облыстарының Ұлттық қорғаныс комитеттерінен және Ресейдің қалаларының Жад кітаптарынан алынған. Яғни бұл адамдар Орда ауданында туып, басқа жерде жұмыс істеп жүрген кездерінде ұсталған.

Төмендегі тізімде тек Орда ауданында туған, тұрған адамдардың аты-жөні берілген. Негізінен, 1920 жылдарға дейін Жаңақала, Казталов аудандарында дүниеге келгендер. Бұл аудандар Бөкей ордасы аумағында болғандықтан, оларды да қосуға болады деп есептеймін. Ол кезде тізімдегі адам саны әлдеқайда көп болар еді. Әзірге тек ордалықтармен шектелдік. Соңғы мәлімет бойынша Ор-да ауданынан қуғын-сүргінге ұшыраған 268 адамның 30-дан астамы ату жазасына кесілген. Ал қалғандары 5, 8, 10, 25 жылға бас бостандықтарынан айырылып, еңбекпен түзету лагерьлеріне айдалды. Олардың 7-еуі – әйел адам. Ордадағы қыздар гимназиясын тәмамдаған Екатерина Князева 1838 жылы 8 жылға сотталып, АЛЖИР-де жаза  мерзімін өтеген. Олардың басым көпшілігі кейінгі жылдары қылмыс құрамының жоқтығы немесе дәлелденбегені үшін ақталды.

Хан ордасы музей-қорығында ату жазасына кесілген ордалықтар Ғабдолхакім Бөкейхановтың, Ахмет Мәметовтың, Абдрахман Кулчуриннің, Кәрім Шуриннің, Батыс Сібірге айдалған Махамбет Бөкейхановтың, 25 жылға бас бостандығынан айырылған Ғазиз Меңешев, Хаби Сисенғалиев, Мұстах Кенжеғалиев, Мәжит Ағишановтың, тағы басқалардың құжаттары сақталған. Сұлтангерей Бөкеев 1937 жылдың 21 желтоқсанында «Кеңес үкіметі жазықсыз адамдарды көп тұтқындайды, мысалы, Ақбаев пен Сейтековты ешқандай айыптаусыз ұстады» деген сөздері үшін 10 жылға еңбекпен түзету лагеріне жіберілді.

Саяси қуғын-сүргіннің пайда болу және басталу тарихына келер болсақ, БКП(б) ОК Саяси бюросының «КСРО-ны тыңшылық, террористік және диверсиялық элементтердің енуінен қорғайтын шаралар туралы» қаулысына сәйкес КСРО-да «көптеген саяси эмигрант жиналды, олардың кейбіреулері капиталистік мемлекеттердің барлау және полиция шетелдік коммунистерге КСРО-ға кіруге рұқсат алу рәсімі қатаңдатылады, Коминтерннің «өткелдері» (шекарадағы «терезелер») жабылады, саяси эмигранттарды толық қайта есепке алу жүргізіледі, КСРО аумағындағы Профинтерн, МОПР және басқа да халықаралық ұйымдардың аппараттарын «тыңшылық және антисоветтік элементтерден тазарту» үшін Орталық Комитеттің хатшысы Н. Ежовтың төрағалығымен комиссия құрылады.  Ең алдымен, троцкистерді тұтқындау, лагерьлерге айдау қолға алынады. КСРО аумағында орын алған апатты жағдайларға байланысты (мысалы, пойыздың аударылуы) «диверсиялық топтарға» жала жабылады.

e4d0f90a-a7e7-47b3-8f77-e866a9a82385

Ғабдолхакім Бөкейханов

1937 жылы Сталиннің «Партиялық жұмыстың кемшіліктері мен троцкистік және басқа да қос қолдыларды жою шаралары туралы» баяндамасында жауларға қарсы аяусыз күрес сол кезеңдегі партиялық жұмыстың маңызды басымдығы ретінде тұжырымдалған. Сталиннің логикасы бойынша, троцкистер мен басқа да саяси қарсыластар «шет мемлекеттердің барлау құрылымдарының тапсырмалары бойынша әрекет ететін зиянкестердің, диверсанттардың, тыңшылар мен өлтірушілердің жалаңаш және принципсіз тобына» айналғандықтан, оларға қарсы күресте «ескі әдістер емес, пікірталас әдістері емес, жаңа әдістер, тамырымен жұлу және жою әдістері» қажет делінді. Сол жылы 27 ақпанда Ежов Саяси бюро мүшелеріне «КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасының сотына жататын адамдардың алғашқы тізімін» ұсынады, оның ішінде 479 адамның тегі болды, олар ату жазасына кесілді. Келесі бір жарым жыл ішінде мұндай тізімдер НКВД-дан Сталинге және оның жақын серіктестеріне бекіту үшін үнемі ұсынылып отырды. Барлығы осы 383 тізімдегі 40 мыңнан астам адамның басым көпшілігіне атуға үкім шығарылды.

КСРО-ның шаруаларға колхоздардан әкімшіліктің келісі-мінсіз және болашақ жұмыс берушімен қол қойылған Еңбек келісімінсіз кетуге тыйым салу туралы заңы шықты. Шаруалар қозғалыс еркіндігі құқығынан айырылды.

БКП(б) Батыс Сібір крайкомының хатшысы Р. Эйхенің өлкеде ашылған контрреволюциялық көтерілісшілер ұйымы туралы жазбасына сәйкес Саяси бюро «істерді жеделдетіп қарау үшін» «үштік» құру туралы қаулы қабылдайды. Үштікке НКВД басқармасының бастығы С. Миронов (төраға), Крайком хатшысы Эйхе және өлкелік прокурор И. Барков кіреді. БСК бойынша үштік 1937-38 жылдардағы атуға үкім шығаруға құқығы бар соттан тыс құрылымдардың біріншісі болып табылды.

1937 жылы 5 шілдеде БКП(б) ОК Саяси бюросының «Сотталған Отанын сатқандардың отбасы мүшелері туралы» қаулысы жарияланады. Оған сәйкес «Отанын сатқандардың әйелдері – құқық-троцкистік тыңшылар кем дегенде 5-8 жыл лагерьлерге қамауға алынады», ал балалар балалар үйлері мен жабық интернаттарға орналастырылады.

Қуғын-сүргінге бұрынғы кулактар, Социалистік партиялардың бұрынғы мүшелері, діни қызметкерлер, бұрынғы «ақтар», т. б. және бұрын сотталған «қылмыскерлер» ұшырады. КСРО-ның әрбір аумағына бірінші (ату) және екінші (лагерьге қамау) санаттар үшін «шектеулер» белгіленді және үкім шығаратын «үштіктердің» жеке құрамы бекітілді (НКВД басшысы, обком хатшысы және облыстық прокурор). Үкімдер айыпталушыны шақырмай, сырттай және айыптаушы мен қорғаушының қатысуынсыз шығарылды, үкімдер шағымдануға жатпады. Ату жазасы орындалу уақыты мен орны міндетті түрде құпия сақтала отырып орындалды. Бұйрыққа сәйкес операция төрт айға созылуы керек еді. Сол уақыт ішінде 75950 адамды атуға соттау, 193000 адамды лагерьге қамау белгіленген болатын. Алайда операция мерзімі қайта-қайта ұзартылып, аймақтарға жаңа «шектеулер» беріліп отырды.

ca15468b-b314-4717-accf-bb3fce15263b

Абдрахман Кулчурин

Әскери қызметшілердің хат алмасулары тексерілді. «ЖШҚА-дағы әскери-фашистік қастандық» туралы іс бойынша негізгі айыпталушылар жұмысшы-шаруа Қызыл армиясының әскери қолбасшылары тұтқындалды.

БКП(б) ОК Саяси бюросының жауап алу кезінде күш көрсету әдістерін қолдануға рұқсат беру туралы нұсқау жасады, ұру, азаптау 1937 жылдың шілде айының аяғынан бастап қолданыла бастады. «Ұлттық операцияларды» жүзеге асыру кезінде «альбомдық тәртіп» қолданылды, яғни істерді қарау сырттай, альбомдарға тігілген тізімдер бойынша жүргізілді.

92ddcc6b-2e17-4719-a90f-eba39b6fe278

Отанын сатқандардың отбасы мүшелері, яғни әйелдері 5-8 жылға сотталып, балалары балалар үйі мен бөбекжайларға тапсырылды. 15 жастан асқан балалар әлеуметтік қауіпті болып танылып, тұтқындалды. Бұл операция бойынша барлығы 18 мың әйел тұтқындалып, 25 мың бала тартып алынды. Көптеген ұлт өкілдері депортацияға ұшырап, Орта Азия мен Қазақстанға жер аударылды. КСРО-да репрессиялық мәжбүрлі жер аудару 1920 жылдан бастап 1952 жылға дейін жалғасты.

Назымгүл Оразкелдиева,

Батыс Қазақстан облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени,

архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының ғылыми хатшысы

Постановление Шурин Карим 001

Мәметов Ахметтің құжаттары 008

Ахмет Мәметовтің құжаттары

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале