13.09.2021, 14:52
Оқылды: 86

Күйшіге құрмет

Күмбір күйдің шебері Қазақстанның Халық артисі, күйші-композитор Тұяқберді Шәмеловтің туғанына 70 жыл толуына орай туған жері Бөкей ордасына қарасты Саралжын ауылында салтанатты шара өтті.

 077

Ауылдағы мәдениет үйі алдында күйшінің  бюсті ашылып, музей бұрышы жасақталды. Кітапханашылар күйшінің өмірі мен өнерін тақырып еткен көрме жасақтапты.

Бюсттің ашылуына Тұяқберді ағамыздың жары Жансәуле Шәмелова, немере қарындасы Гүлдана Кәмілова, шәкірттері, өнердегі ізбасарлары Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық оркестрінің директоры Медет Қуанышев, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония директоры Асхат Қажғалиев арнайы келіп қатысты.

05

Бюсттің авторы – оралдық мүсінші Асқар Отарғалиев.

Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов:

- Күй өнерінде өшпес қалдырған, дәулескер күйші, керемет композитор Тұяқберді Шәмеловтің есімі қазақ барда, өнер барда өлмейді, өшпейді. Бүгінгі шара – соның дәлелі, - деді сөз бастап.

Мүсін шымылдығын аудан басшысы мен күйшінің зайыбы ашты.

07

- Сонау А.Жұбановтың, Ш.Қажығалиевтің ісін жалғастырып, Құрманғазы оркестрін аяғынан тұрғызған Тұяқ ағамыздың еңбегі өлшеусіз. Сол оркестр күні кеше академиялық оркестр атағын қорғады. Ағамыздың шығармашылығына арналған шаралар Оралда басталып, Ордада жалғасып жатыр. Бұл соны емес, күні ертең Алматыда жалғасады. Өзі басқарған оркестрдің есептік концерті жоспарлануда, - деді оркестрдің бүгінгі басшысы Медет Қуанышев.

08

"Анаға тағзым" деген атаумен Тұяқ күйшінің мұрасы CD диск шығарылатыны да осы жиында мәлім болды.

Күйшінің жары Жансәуле апамыз ерін ұмытпай, өнерін ұлықтаған бөкейліктерге алғысын білдірді.

Шара шағын концертпен жалғасты. Музыкалық бағдарламаны ауданның халық аспаптары оркестрі күймен көркемдесе, атақты әншілер Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, Жаңылсын Хасанова мен Еркін Өтегеновтер ағамыздың тамаша әндерін әуелетті.

 

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале