Оралдағы ҚазИИТУ ғылыми-білім кешеніндегі студенттер сарайында «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтті. Бұл іс-шараға шаһардағы түрлі мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері қатысты.

Аталмыш басқосуды Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Орал қаласының мансап орталығы мен Халықаралық цифрлық технологиялар, сәулет және құқық колледжі ұйымдастырған. Мансап жолын бастауға ниетті азаматтар жұмыс беруші тараптармен байланыс орнатып, сұхбат жүргізді. Облыстық полиция департаменті ақпараттандыру және байланыс басқармасының бас маманы, полиция подполковнигі Қайрат Қадырғалиев құқық қорғау саласына жастар қажеттігін айтты.
– Өңірдегі құқық қорғау саласындағы маман тапшылығы 10%-ды құрайды. Жастары 18 бен 35-ке дейінгі азаматтарды қабылдаймыз. Олардың өзімен бірге әскери билеті, жоғары немесе арнайы орта білімі болуы қажет. Бойы 170 сантиметрден асатын, физикалық дайындығы мығым жастарды іздейміз. Түйіндеме тапсырған азаматтарды база арқылы тексеріп, оң нәтижесін берген жағдайда медициналық сараптамадан өтуге жібереміз. Сержант құрамына алынған мамандарға қосымша арнайы білім беріледі. Оқуды аяқтаған соң олар жауынгерлік шен алады, – деді Қайрат Сағынғалиұлы.
БҚО ПД ақпараттандыру және байланыс басқармасында екі инженер мен бір техник маман жетіспейді. Құқық қорғау саласындағы инженерлердің бастапқы айлық жалақысы 200 мың теңге болса, техник мамандарға 160 мың теңге төленеді.
Оқу ордаларының биылғы бітіруші түлектері бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде арнайы мамандардан ақпарат алды. Сондай-ақ қала жастары да өз түйіндемелерін тапсырды.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»