13.02.2024, 12:45
Оқылды: 16

Құқықтық сауат – жастар қалқаны

Оралдағы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде «Жастардың құқықтық сауатын және құқық қорғау органдарына сенім деңгейін арттыру» атты жобасы шеңберінде жастармен кездесу өтті.

Іс-шараға «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агент­тігінің Қоғамдық кеңесінің мүшесі Мэлс Семғалиев қатысты.

Аталған кездесудің мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениетті және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру, құқықтық сауатты және құқық қорғау органдарына сенімді күшейту. Іс-шара тізгінін ұстаған Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Әліби Баяхов студент-жастарды қонақтармен таныстырып, сала мамандарынан сауалдарына жауап алуға кеңес берді.

фото Мади

Әрі қарай «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, ака­де­мик, «Жаңару» жалпыұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы облыс бойынша филиалының директоры, Орал қаласының құрметті азаматы Ақсерік Әйтімов жиналған жастарға уақыттың екпіні қай арнаға алып барса да адалдық, мейірімділік, әділдік, шыншыл­дық секілді ұғымдардан алыстамау қажет екенін айтты. Ал ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Мэлс Семғалиев жастарға жемқорлықтың түбі жақсы еместігін түсіндіргісі келетінін, оған қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін бірқатар талапты ескеру керектігін жеткізді. Жиын барысында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының орынбасары Мұратбек Қасымов (суретте) елдегі барлық азамат сыбайлас жемқорлыққа іштей қарсылық білдірсе жә­не адамдарға жас кезінен осы тақырып төңірегінде түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, бұл тұтас мемлекеттің дамуына ықпал ететінін жеткізді. Сондай-ақ іс-шарада Орал қаласындағы ҚР Ұлттық Ұланы «Батыс» ӨҚ №5517 әскери бөлімінің аға лейтенанты Данияр Құспанов жас буынды патриоттық бағытта тәрбиелеу керектігін тілге тиек етіп, олардың Отанға, туған жерге деген сүйіспен­шілігі осындай өзекті мәселелермен күресу жолында маңызды екенін еске салды.

Жиын соңында жастар да өздерінің ой-пікірлерімен  бөлісті.

Аманжол Исламғали,

Фотоға түсірген: Мәди Салық

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале