13.11.2020, 11:05
Оқылды: 302

Құлақ, мұрын, тамақ ауырмасын десеңіз...

Құлақ, мұрын, ауыз қуысы ағзалары бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, бірі ауырса, екіншісінің де сыр беретіні бар. Әсіресе тамақ, құлақ ауруларына суық ауа сеп болатындықтан, күз-қыс айларында жиі асқынады. Оларға қандай күтім қажет? Қандай жағдайда дәрігерге көрінуді кешеуілдетпеу керек? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын жоғары санатты отоларинголог дәрігер Болат Елеуовтен білген едік.

B402380B-3880-471A-A966-E23D738616C2

– Ақтөбе қаласындағы медициналық институтты бітіріп келген соң, жолдамамен Жаңақала ауданындағы ауруханаға бардым. Қызметке кіріскен жылдарым еді. Бірде ауруханаға Бөкей ордасы ауданының ауылдарынан шамамен үшінші сыныпта оқитын мектеп оқушысын алып келді. Алып келді дегенде анасына көлікте орын болмай, науқас баланы Оралға кетіп бара жатқан көлік жүргізушісіне тапсырып салып жіберген. «Не болды?» десем, «Мына бала бір аптадан бері құлағым деп жылап ұйықтамай жүрген көрінеді», – деді шопыр. Арнайы бөлмеге кіргізіп алып, жарық түсіретін құрылғылармен қарасам, құлағына уақ құрттар түсіп кеткен. Кәдімгі көк шыбынның құрттары. Содан әлгі көлік жүргізушісін шақырып алып, баланы шұғыл түрде санавиациямен Оралға жеткізу керектігін айттым. Шопыр азар да безер болады. «Мен олай ете алмаймын. Қырғын кісіні тиеп алып, оларды орта жолда тастап кетпеймін ғой. Мен бұл баланы қазір ауылға қайтатын көліктен кері салып жіберуім керек», – деп. «Онда  күтіңіздер», – дедім. Содан медициналық құрал-сайманымды бір жерге жинап, терапевт дәрігерді қасыма алдырып, құлағын тазалауға кірісіп кеттім. Әлсін-әлсін баланың қан қысымын тексеріп отырдық. Екі сағаттай уақыт құлағындағы құрттарды тазалап, дезинфекциялық ерітінділермен сүрттім.  Бір кезде бала сылқ етті. Қасымдағы дәрігерлер зәресі ұшып, талып қалды ма деп жанталасып мүсәтір спиртін (нашатыр) иіскеткізбекші болды. Қарасақ, бала ұйықтап қалған. Бір апта бойы ұйықтамай, ағзасы әбден әлсіреген ғой. Содан бүлдіршін бір сағаттай ұйықтап тұрған соң, «Үш күннен кейін анаңмен тексерілуге кел», – деп ескертіп, көлікке мінгізіп жібердік. Кейін сол бүлдіршін анасымен ауруханаға келіп, жазылғанша ем-дом қабылдады, - дейді Болат Қаниярұлы.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Мақаланың толық нұсқасын "Орал өңірі" газетінің №90 санынан оқи аласыздар.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале