Адамға әлемді толық тануға мүмкіндік беретін маңызды сезу мүшелерінің бірі – құлақ. Біз дыбыстарды есту арқылы сөздің мазмұнын түсінеміз. Алайда жасқа, ауруға немесе жарақатқа байланысты есту қабілеті нашарлауы мүмкін. Осындайда ем-дом ұсынатын, дерттің алдын алуға көмектесетін маманның бірі – сурдолог. Осы орайда жоғары санатты сурдолог, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас сурдолог-дәрігері Шолпан Қазимованы сөзге тарттық.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, халықтың орташа есеппен 7%-ы есту қабілетінің бұзылуынан зардап шегеді. «Қазақстан Республикасының диспансерлік науқастардың электронды тіркелімі» ақпараттық жүйесінде есту қабілеті бұзылған 19 408 адам ғана (оның ішінде 6 121-і бала) тіркелген. Бұл есту қабілеті бұзылған адамдардың нақты санынан ондаған есе төмен. Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының 2025 жылдың 1 қыркүйегіндегі мәліметінше, біздің облыста құлақ және мастоидтық аурулармен 1055 науқас есепте тұр. Оның ішінде 226-сы – бала. Жыл санап құлағы ауыратын адамдардың саны көбейіп келеді. Себебі қазір адамдар құлаққап пен қатты шу шығаратын құрылғыларды көп пайдаланады. Сондықтан да шығар шулы ортада көп жүретіндер мен құлаққаппен қатты музыка тыңдайтындар медициналық көмекке көбірек жүгінуде, – деді Шолпан Темірқызы.
Облыстың бас сурдолог-дәрігері саңыраулыққа душар болудың түрлі себептеріне тоқталды. Мәселен, жаңа туған нәрестелердің есту қабілетінің төмендеуіне ата-анасынан тұқым қуалайтын генетикалық факторлар, жүктілік кезіндегі әртүрлі асқынулар, құрсақішілік инфекциялар, резус сәйкес келмеуі себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар босану кезіндегі асқынулар, асфиксия, плацентаның ішінара бөлінуі, бас жарақаты, құлақтың, жүректің және бүйректің туа біткен аурулары әсер етуі кәдік. Ал балаларда құлақтың созылмалы аурулары (отит) кездеседі. Қызылша, паротит, желшешек, менингит және энцефалитпен ауырса да, құлаққа зақым келуі мүмкін. Созылмалы отит, жұқпалы және вирустық аурулармен, тұмау және коронавируспен ауырған ересектердің ауруы асқынса, саңыраулыққа душар етуі мүмкін. Атеросклероз, гипертония, стресс және әртүрлі жарақаттардың (ми жарақаты, акустикалық жарақат және баротравма) салдарынан қан айналымы бұзылғанда есту қабілеті нашарлауы кәдік. Дәрі-дәрмектің, соның ішінде антибиотиктердің жағымсыз әсерінен де есту қабілеті нашарлайды дейді.
Маманның айтуынша, есту қабілетін бала кезден жүйелі түрде тексертіп тұру керек. Біздің елде жаңа туған нәрестенің, содан кейін үш айлығында, 1, 2, 3 және 6 жаста есту қабілетін тексеретін аудиологиялық скрининг бар. Ересектер жыл сайын жұмыс орнында скринингтік тексеруден және кәсіптік-санитарлық тексеруден өтеді. Құлақ ауруларын отоларинголог емдейді. Егер құлақ ауырып, сұйықтық ағу, құлақ бітелу, есту қабілетінің төмендеуі, сөзді анық түсінбеу, құлақта шуыл пайда болу және бас айналу сияқты белгілер білінсе, отоларингологке қаралу керек. Бұл маман науқастың құлағының естімей қалғанын анықтағаннан кейін облыстық көп бейінді ауруханадағы аймақтық аудиология кабинетіне жібереді. Ол жерде құлақтың есту өткірлігін өлшеу үшін әртүрлі аудиологиялық тексерістен өткізеді. Зерттеу нәтижелері бойынша диагноз қойып, науқасты жолдаған отоларингологқа ұсыныстар береді. Науқастың есту қабілетін жақсарту үшін ота (тимпано-пластика, стапедопластика) жасалуы мүмкін.
Шолпан Темірқызы айтып өткендей, құлақ ауруларының бірнеше түрі бар. Біріншісі, дыбыс өткізгіштігінің бұзылуы (өткізгіш есту қабілетінің жоғалуы) – әртүрлі отит (катаральды, іріңді, экс-судативті, адгезиялық), евстахи түтігінің дисфункциясы, мастоидит, отосклероз. Екіншісі, дыбысты қабылдаудың бұзылуы немесе сенсорлық есту қабілетінің жоғалуы – құлақтың ішкі бөлігі мен есту жүйкесінің зақымдануы. Үшіншісі, құлақ ауруының аралас түрі, яғни Меньера ауыруы, тимпа-носклероз. Әсіресе, ортаңғы отит, евстахи түтігінің дисфункциясы, сенсорлық есту қабілетінің төмендеуі, құлақтағы шуыл жиі кездеседі. Кейде сәбилер құлақ қалқанының дамымауы (микротия), құлақ тесігінің болмауы (атрезия) деген диагнозбен дүниеге келеді. Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының биылғы 17 қыркүйектегі мәліметіне сүйенсек, облыста 46 бала мен 10 ересек осындай құлақтың туа біткен ақауларымен есепте тұр.
Үлкен кісілерден «Құлағым шулайды» дегенді жиі еститініміз рас. Маманның айтуынша, тиннитус немесе құлақтағы шу қоңырау, ызылдау, ысқырық немесе пульсация сияқты сезіледі. Ол көбінесе сенсорлық есту қабілеті жоғалғанда пайда болады. Яғни ми мен есту жүйкесінің ісіктері, отосклероз, акустикалық жарақат, қан қысымының кенеттен жоғарылауы немесе төмендеуі кезінде құлақта шу білінеді. Сурдологқа құлақтағы мұндай белгілермен негізінен 50-60 жастан асқандар жүгінетін болса, екі-үш жылдан бері олардың қатарында жастардың көбейгені алаңдатып отыр дейді. Құлақ ауруларының арасында отит жиі кездеседі. Отит – құлақтың сыртқы немесе ортаңғы бөліктерінің қабынуы. Бұл кезде құлақтың ауыруы, құлақтың бітелуі, есту қабілетінің төмендеуі, құлақтан бұлақ ағу, дене қызуының көтерілуі және интоксикация белгілері байқалады. Отит бактериялық, вирустық және саңырауқұлақ инфекцияларын жұқтырғанда, сондай-ақ құлақ жарақаттанғанда, мұрын қалқаны қисайғанда және аллергиялық реакциялар нәтижесінде пайда болады.
Қазіргі технология дамыған заманда есту қабілетін түзету үшін тағатын құрылғылар шығарылуда. Заманауи үлгідегі аппараттарда шуды азайтатын, дыбысты әртүрлі қашықтықта естіртетін тетіктер бар. Құрылғыны ұялы телефондар арқылы да басқаруға болады және олар өзіндік дизайнымен ерекшеленеді. Шолпан Темірқызының айтуынша, құлағы нашар еститін балалардың сөйлеуін кідіртпеу үшін есту құралдарын мүмкіндігінше ертерек кигізген жөн. Егер адам ұзақ уақыт бойы есту аппаратын тақпаса және дыбысты естімей жүрсе, мидың ақпараттарды талдау қабілеті бұзылуы мүмкін. Есту құралдары аудиологиялық тексеруден кейінгі көрсеткіштер ескеріле отырып тағайындалады. Сурдолог науқастарға мұндай құрылғыны лицензиясы бар есту аппараты орталықтарынан алуға кеңес береді. Себебі ол жерлерде есту аппаратын әр науқасқа жеке-жеке таңдап береді.

– Құлақ кемістігін емдеудегі бір мәселе – тұрғындар дәрігерге өте кеш қаралады. Есту қабілетін қалпына келтіруге болатын кезеңді өткізіп алады. Көпшілігі құлақтың естімей қалуын кәріліктің немесе мүгедектіктің белгісі деп санайды. Тіпті құлағының естімейтінін жасыратындар да бар. Соның салдарынан есту қабілетінен зардап шегетіндердің саны артып келеді. Мәдени, ойын-сауық және спорт нысандарындағы, кинотеатрлардағы, түнгі клубтардағы және фитнес орталықтарындағы қатты шу да есту қабілетінің төмендеуіне әкеледі. Есту қабілеті бұзылған адамдар санының көбеюінің тағы бір себебі – дыбысты құлаққа барынша жақындатып естіртетін құлаққаптар кию. Көшеде жүргенде немесе қоғамдық көлікте отырғанда құлаққап кию құлаққа екі есе күш түсіреді. Сонымен қатар құлаққаптағы қатты дыбыс ашушаңдық, ұйқысыздық және бас ауруын тудыруы мүмкін. Қауіпсіздеу болу үшін бастың үстінен доға болып киілетін, құлақтың үстінде тұратын құлаққаптарды (накладные наушники) пайдаланған жөн. Ол құлақтың ішінде тығындалып тұратын құлаққаптарға қарағанда қауіпсіз саналады. Бұл құрылғыны бір сағаттан артық пайдаланбаған жөн. Сондай-ақ дыбыс деңгейін 60%-дан жоғарылатпау керек.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын 3 наурызда Құлақ және есту қабілетін қорғаудың халықаралық күнін және қыркүйектің соңғы жексенбісінде Халықаралық саңыраулар күнін атап өтеді. Бұл іс-шаралар адамдарға құлақ пен есту қабілетіне күтім жасауды насихаттауға бағытталған. Сонымен қатар есту қабілеті бұзылған адамдардың мәселелерін шешуге, білім беруді оңтайландыруға және ақпараттық технологияларға қолжетімділікті жақсартуға шақырады. Жыл сайын облыстық көпбейінді ауруханада денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Халықаралық құлақ және есту қабілетін қорғау күніне орай семинар өткізіледі. Биыл Қазақстанда алғаш рет біздің іс-шара Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелді және серіктес болып саналды. Семинардан алынған баяндама ДДҰ сайтында орналастырылды. Есту қабілеті бұзылған мүгедектерге медициналық және әртүрлі мемлекеттік мекемелерге ілесіп жүретін ымдау тілі мамандары қызмет көрсетеді. Облыста есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат пен Қазақ саңыраулар қоғамы жұмыс істейді. Барша адамды есту қабілетіне мұқият болуға шақырамын. Құлақ естімесе, оқуға барғанда, жұмысқа орналасқанда және күнделікті қоршаған ортаға бейімделуде қиындықтар туындайды. Сондықтан құлақ пен есту қабілетін күтудің маңызы зор екенін түсінген абзал, – деді бас сурдолог-дәрігер Шолпан Қазимова.
Құлақ күтімінің қарапайым ережелері:
Орал қаласындағы облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернатының сурдопедагогі Нұрлыгүл Қадырова:
– Орал қаласындағы облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернаты – мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелейтін көне білім ордасы. Бүлдіршіндерді түзете-дамытып тәрбиелейтін, болашағына қанат бітіретін мектеп. Сурдопедагог естімейтін баланың есту қабілетін дамытып, дыбысын шығарып, тілін дамытып, анық сөйлеуге үйретеді. Есту қабілеті бұзылған оқушылар бұл жерде қоғамдық ортаға бейімделуді үйренеді. Біздің мектебімізде есту қабілеті бұзылған оқушылардың екі санаты білім алады. Біріншісі, мүлдем естімейтін балалар, олар – ерте даму уақытында естімей қалғандар. Бұл оқушылар тек арнайы мектепте білім алып, сөйлеуге үйрене алады. Ауызша айтылған сөздерді сөйлеушінің ауыз және ерін қимылынан түсініп, есте сақтайды. Алайда құлағы естімейтін баланың бәрі бірдей мұндай әдіспен сөздерді ұғына бермейді. Осындай кезде бізге көмекші құрал – қолмен басқарылатын әліппе, яғни дактиль тілі көмекке келеді. Бұл – сөйлеуге үйретуде тілдік даму үрдісінің коммуникативтік бағытын күшейтуге тиімді құрал. Екіншісі, нашар еститін балалар. Олар сөйлей бастаған уақытында түрлі вирустық аурулардың салдарынан естімей қалған. Бұл балаларда есту мүмкіндігі белгілі бір деңгейде сақталған. Сондықтан бұл оқушылар өз беттерімен сөйлеп үйренеді, сөздік қорын молайта алады. Бірақ тіліндегі грамматикалық қателерді түзету, сөйлеуін дамыту үшін сурдопедагогтің және басқа арнайы мамандардың көмегі қажет. Сонымен қатар мектепте кохлеарлы имплант қолданатын балалар бар. Бұл балалар да мүлде естімейді. Олардың құлағының ішіне ота жасау арқылы электрод енгізілген. Егер имплант 6 ай мен екі жас аралығында енгізілсе, басқа қосымша аурулары (зерде бұзылысы, аутистік бұзылысы) болмаса, бірте-бірте естіп, түсініп, сөйлеуге үйренеді. Ол үшін ата-анасы мен сурдопедагогтің бірлесе жұмыс істеуінің маңызы зор. Негізінде бұл балалар нашар еститіндер санатына жатқызылғанмен, есту қабілеті сақталмаған мүлдем естімейтін оқушылар.
Есту қабілеттері бұзылған балалардың сөйлеуінің басты шарты – естуді протездеу. Яғни жеке есту аппараттарын неғұрлым жас кезінде киюге дағдыланса, соғұрлым дамыту жұмысы да нәтижелірек болады. Мектебімізде дыбыс ұлғайтқыш ұжымдық аппараттар қолданылады. Бұл құрылғылар оқушылардың сабақтағы ақпараттарды жақсы қабылдауына мүмкіндік береді. Қызметімнің арқасында балаларға қолдау көрсетіп, олардың жүзінде күлкі көру – мен үшін мәртебе.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»