24.01.2017, 18:22
Оқылды: 66

«Күміс кітаптың» таныстырылымы өтті

Темирболат Токмамбетов2  Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында  белгілі саясаттанушы, әлеуметтік ғылымдар магистрі Бақытжан Бұқарбайдың жаңа туындысы «Күміс кітаптың» таныстырылымы өтті.

  Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға студенттер мен кітапсүйер оқырмандар жиналды. Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева аталмыш кітап туралы өз ойын ортаға салып, кітап авторы Бақытжан Бұқарбайға батасын берді.

  -Күміс кітап - бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Қазір жастар кітап оқымайды дейміз. Кезінде С.Торайғыров «Жағаласып жүріп, төбелесіп жүріп қоғамды өзгерте алмайсың. Бірлікпен, біліммен өзгертесің» деген екен. Міне, бүгінгі кітап авторының да мақсаты –қоғамға өз үлесін қосу –деп сөзін сабақтаған Ақұштап ақын кітапхана ұжымына «Оқырман» клубын ұйымдастырып, кітап алмастыратын орта құру идеясын ұсынды.

  Бұған дейін ғылыми бағытта үш кітапты жазып үлгерген автордың  жаңа кітабы жастардың кітапқа қызығушылығын арттыруға мотивация береді екен.  Астана, Алматы қалаларында «Күміс кітаптың» тұсауын кескен автордың бірден Оралға келуінің де өз сыры бар. Өйткені жұртшылық арасында қызығушылық тудырған, әсіресе әлеуметтік желіде танымал болып жатқан «Күміс кітаптың» жарыққа шығуына оралдық кәсіпкер  Нәдір Құрымбаев үш демеушінің бірі болып, қолдау танытыпты.

  Жастарға рухани әсер сыйлаған шараны БҚО әкімінің баспасөз хатшысы Жарқын Түсіпбекұлы жүргізді. Студенттер мен кітапсүйер оқырмандар авторға тікелей сұрақтар қойып, мағыналы өткен шараға шынайы ризашылықтарын білдірді.

  Ал кітап авторы Бақытжан Бұқарбай өз кітабы туралы былай дейді:

  -Бұл кітапты жазу мақсатым-жастар арасында оқу мәдениетін қалыптастыру.  Қазіргі заманда кітап оқу сәнге айналды деп айта алмаймын. Менің ұғымымда көп оқыған адам  өз өмірін өзі жасай алады. Өмірде көп жетістіктерге қол жеткізе алады. Бұл  тақырып менің санамда бір жарым жылдай пісіп жүрді. Негізгі түрткі болған мәселе –азаматтық борыш.  Мен де қарапайым өмір сүретін жандардың бірімін. Әртүрлі мәселелер менде де бар. Бірақ осылай созып жүре берсем, қызығушылығымның жоғалып кететінін сездім. Сондықтан былтыр қыркүйек айында осы кітапты жазуды қолға алдым. Күніне бір-екі сағаттан арнап, он алты күнде аяқтадым. Баспаханадан шыққанша үш айдай уақыт өтті. Қазіргі жастардың талғамына сай жазылды деген ойдамын. Кітаптың оқылуы бір жарым екі сағат.

  Кітап туралы өзекті ойлар айтылып, әсерлі өткен кездесу соңында кітапсүйер оқырман  «Күміс кітаптың» авторы Бақытжан Бұқарбаймен естелік суретке түсіп, қолтаңба алып, тарқасты.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале