Облыста республикалық маңызы бар "Р.Ф. шекарасы (Самараға) - Шымкент" автомобиль жолының 271-298 шақырымын орташа жөндеу жобасы аяқталды.
"ҚазАвтоЖол" ҰК"АҚ облыстық филиалының басшысы Әмір Кәрімбаевтың мәлімдеуінше, қыркүйек айында басталған жол жөндеу жұмыстарын қараша айының соңында аяқтау жоспарланған. Дегенмен мердігер компания өңірдегі қолайлы ауа-райын тиімді пайдалану үшін жұмыс қарқынын үдетіп, жобаны мерзімінен бұрын тапсырған. Нәтижесінде қолданыстағы жол жабынының бұзылған және ойылған учаскелері қалпына келтірілген.
Жолдың үстіңгі қабатын тегістеу үшін ұсақ түйіршікті асфальтбетон қоспасы пайдаланылған. Сондай-ақ, қолданыстағы жабынды сақтау және кейіннен бұзылуға жол бермеу мақсатында қиыршықтасты мастикалық асфальтбетон жабыны орнатылған.
- Күре жолдың аталмыш учаскесінде жүк көліктері мен жеңіл автокөліктердің қозғалысы көп болғандықтан орташа жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылды. Жақын күндері жолдың жөнделген бөлігі тапсырыс беруші "ҚазАвтоЖол" ҰК" БҚОФ мамандарынан, техникалық қадағалау және инжинирингтік қызметтер өкілдерінен, сондай-ақ қоғам белсенділерінен құрылған арнайы комиссия шешімімен құжат жүзінде қабылданып алынады. Содан соң халық игілігіне пайдалануға беріледі, - дейді Әмір Кәрімбаев.
Өз тілшіміз