13.04.2021, 0:35
Оқылды: 293

Құрметті Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері!

Биыл адамзат тарихында айшықты ізі қалған Ұлы Жеңіске 76 жыл толмақ. 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысы адамзат тарихына ең қасіретті уақыт болып тарихқа енді. Арыстай азаматтары мен біртуар боздақтарынан айырылған мыңдаған отбасы кейінгі жылдары да сұм соғыстың зардабын тартты. Қазақ халқының хас батыры Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Қазақстанда соғыс оты шарпымаған бір де-бір отбасы болмады!».

аудан аким куттыктауларына (3)

Аталарымыздың жанкешті ерлігінің арқасында бүгінгі бейбіт заманға қол жеткіздік, тәуелсіз ел болдық. Жеңістің қадір-қасиетін есте сақтап, өскелең ұрпаққа аманат ету – барлығымыздың перзенттік парызымыз. Себебі аталарымыз бен апаларымыздың ерлігі мен еңбегінің арқасында келген Жеңістің қадірі қашан да қымбат.

Ауданымыздан сұрапыл соғысқа аттанған азаматтар жөнінде нақты деректер жоқ. Дегенмен, қолдағы деректерге сүйенсек, 6000-нан астам казталовтықтың соғысқа аттанғандығы белгілі болып отыр. Бұл туралы жуырда жарық көрген «Ел қорғаған қайран ерлер» атты энциклопедияда жазылған. Бұл І томы ғана. Алдағы уақытта кітаптың ІІ томы жарық көріп, боздақтарымыздың саны нақтыланбақ. Дегенмен, ауданымыздың зиялы қауым өкілдерінің бастамасымен зерттеу жұмыстары жалғасын табуда.

Елбасымыз айтқандай, Ұлы Жеңістің қадір-қасиеті жыл өткен сайын арта түседі. Жеңіс күні – батылдық пен ерліктің, қайсар рух пен қаһармандықтың символы, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың өлшемі. Аға ұрпақтың өшпес ерлігі мен табанды еңбегін әрқашан мақтан тұтамыз. Майдангерлердің батырлықтарына басымызды иіп, тағзым етеміз!

Бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерімізге, халық шаруашылығын қайта қалпына келтірген еңбеккерлерімізге, саналы ғұмырын Отанын қорғауға арнап, қызметін мінсіз атқарып жүрген әскери қызметшілерімізге алғыс білдіреміз.

Сіздерді қастерлі мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық,  отбасыларыңызға  амандық, жеңімпаз бабалардың жолын лайықты жалғастырып келе жатқан Отан қорғаушы сардар-сарбаздардың қызметтеріне табыс тілеймін. Бейбітшілік пен бірліктің, достық пен жасампаз еңбектің мекеніне айналған Отанымыздың әр күні берекелі болсын!

 

Ізгі ниетпен,

Казталов ауданының әкімі

Альберт Есалиев

 

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.

 

 zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале