5.10.2021, 9:15
Оқылды: 38

Құрылыс қарқынын көтерген – мемлекеттік бағдарлама

Қай елде һәм қай мемлекетте болмасын азаматтарды тұрғын үймен қамту оңай іс қатарына кірмейді. Бұл өзі өте бір кінәмшіл, шетін, нәзік мәселе. Кеңестік кезеңде тұрғын үй кезегі ұзақ жылдарға созылатын. Бұған біреу жетсе, біреу жете алмады. Социализм дәуірінде КСРО-ның барлық қалаларында бір-бірінен аумайтын, сұп-сұр, қазіргідей кірпіштен емес қабырғалы жұқа материалдардан құрастырылған баспаналар тұрғызылды. Мұндай көрініс «Тағдыр тәлкегі» немесе «Жеңіл буыңызбен» атты белгілі кеңестік фильмдерінде орынды шенелген еді. Баспана қай кезде де адамдардың толыққанды өмір сүріп, алаңсыз еңбек етуінің алғышарты. Бұл мәселе толық шешімін таппаған жағдайда тұрғындардың әлеуметтік белсенділігі төмендеп, отбасының берекесі қашады. Осы орайда азаттықтың алғашқы онжылдығында біраз мәселелер қордаланып қалғаны анық еді.

8C1DCB65-A088-4D44-9DB7-7F5C4E7A094E

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары республикамызда тұрғын үй салмақ түгелі күнделікті шәй мен суды айырып отырудың өзі оңайға түспеді. Осындай мүмкіндік тек ғасырлар тоғысында пайда болды. Осы тұста республикамызда «Тұрғын үй» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, көп кешікпей жер-жерде алып құрылыс алаңдары пайда болды.

Бұдан кейінгі кезеңде осы көкейкесті құжат шеңберінде қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін республика облыстарында да аймақтық бағдарламалар әзірленді. Әрі осы қабырғалы құжат облыстық маслихаттардың сессиясында талқыланып бекітілді. Осындай бағдарламаны егжей-тегжейлі қабылдап, іске кіріскен өңірдің бірі өзіміздің Батыс Қазақстан облысы еді. Дегенмен «Бірінші күлше күлге аунап піседі» дегендей, алғашқыда орталық бастамасымен облыстарға қарай аяқ басқан істің орайы келмей жатқан тұстары да аз болмайтын.

Осындай көріністің бірі Орал қаласында орын алды. Мұнда алғашқыда тұрғын үйлерді арнайы жоба бойынша тұрғызу ескерілмей, жабайы сипат ала бастады. Облыс орталығының қуыс-мүйістерінен, өндірістік аймақтардың іргесінен және айналмалы көпірлердің астынан бой көтере бастаған бір өңки тоғыз қабатты тұрғын үйлер қаланың архитектуралық ажарына қиғаш келетін.

Осылай жалғаса берсе, Орал қаласында тұрғын үй бағдарламасы тұйыққа тірелері анық еді. Осы көлеңкелі көрініс көңілімді алаңдата берді. Ақыры не керек, күндердің бір күнінде қабырғама қара тастай батып жүрген осы қиғаштықты қағаз бетіне түсірдім де, содан кейін көп кешіктірмей оны Астанаға «Егеменнің» редакциясына жөнелттім. Бұл алдын ала жоспарланған дүние болатын. Әйтсе де, газет басшылығы мақаланың өзектілігі мен көкейкестілігін ескерді ме, ертеңіне «Егеменнің» бірінші бетінде «Сапалы жоба болмаса, сәулетті құрылыс та жоқ» деген сараптамалық-талдау материал жарқ ете қалды.

Жасыратын несі бар, аталған мақала жергілікті атқарушы билік құрылымдары басшыларының да, тұрғындар мен оқырмандардың да назарын бірден аударды. «Темір, мәселені дұрыс көтергенсің, бұған қалайша мән бермей келгенбіз, сенің мақалаң «Егеменде» жарияланғаннан кейін қалада тұрғызыла бастаған тұрғын үйлерді әдейі аралап көріп едім, айна-қатесіз шындық екен» деп телефон шалды сол кездегі Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Батыров ағамыз.

Екі күн өткен соң мақаланы талқылауға байланысты облыстық әкімдіктің арнайы алқа мәжілісі шақырылды. Сөйтіп, онда газет көтерген мәселе арнайы қаралып, әкімшілік тек бір өңки тоғыз қабатты үй тұрғызу тәжірибесінен бас тартып, бес, алты қабаттық үйлер салу, әрі оларды абаттандыру мәселесі талқыланды. Оның үстіне, мақалада тұрғын үйлердің бас жоспарға сәйкес тұрғызылмағаны атап көрсетіліп, алдағы уақытта облыс орталығының солтүстік бөлігінен жаңа шағын аудандар ашу жобасын іске асыру жөнінде ұйғарым  жасалды.

Осы кезде Қазақстанның көне қалаларының бірі Оралдың бас жоспары да өзінің мүмкіндігін сарқа келген еді. Бұл мәселе де аталған мақаланың басты өзегіне айналды. «Сапалы жоба болмаса, сәулетті құрылыс та жоқ» деген сын мақалаға сәйкес алынған шешімдер жөнінде сол кездегі Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрғали Әшімовтың редакцияға арнайы жолдаған хаты да газет бетінде жарияланды. Аталған дүние республика Үкіметінің де назарын аударып, бір апта уақыт ішінде Үкімет те Орал қаласының бас жоспар қабылдауына ықпал жасады.

Бүгінде Орал қаласының солтүстік бетіндегі шағын аудандар тек өзіне ғана тән архитектуралық ажарымен көз тартады. Мұнда тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік-тұрмыстық нысандар, сауда орталықтары мен жаңа балабақша ғимараттары бой көтерді. Осыған азды-көпті «Егемен Қазақстанда» жарияланған мақаланың ықпалы тигенін сезінудің өзі бір мәртебе деп санауға болады.

Бұл баяндалған мәселелер бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы сатысында орын алған олқы тұстар десек, оның бұдан кейінгі барысында оң тәжірибелер мен бастамалар да болғанын айтқанымыз жөн. Айталық, республикамызда «Тұрғын үй мемлекеттік бағдарламасы» бойынша салынатын баспананың әр шаршы метрінің құны 350 АҚШ доллары көлемінде белгіленген болатын. Ал осы істің басы-қасындажүрген батысқазақстандық жобалаушылар жеті рет өлшеп, бір рет кесе келе оны 300 АҚШ долларынан асырмау жөнінде шешімге келді. Аймақтық бағдарламаға сәйкес өңірде үш жыл ішінде көлемі 600 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Әрі осы уақыт аралығында 6424 отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Мұның ішінде 300 отбасы коммуналдық мекенжайды иеленсе, 3180 отбасы ипотекалық несие есебінен пәтер алған. Бұған қоса 2662 отбасы өз қаражаттары есебінен жеке меншік үй салып алғаны да оң мысалдардың қатарын толықтыра  түседі.

Бұған дейінгі талдаулар мен зерттеулер тәуелсіздіктің екінші онжылдығында тұрғын үй жағдайын жақсартқан отбасылардың қырық пайызы оған несие ресурстарын пайдалану жолы арқылы қол жеткізгенін көрсетеді. Аталған несиелік қаражаттар кейін республикалық бюджет есебіне қайтарылған. Пайыздық көрсеткіштің қалған басым бөлігі жеке меншік компаниялар мен тұрғындардың және коммуналдық тұрғын құрылысының есебінен тұрғызылған.

Түптей келгенде, Орал өңірінде бағдарлама аясындағы құрылыстың әр шаршы метрінің бағасы республикалық деңгейден табаны күректей елу АҚШ долларынан төмен болуы айтуға ғана жеңіл іс еді. Бұған қалай қол жетті. Бұл үшін облыста жобалау сметалық құжаттар әзірлеу үшін ашық конкурс жарияланды.

Оның шартына сәйкес ыңғайлы, тиімді және құрылыс сапасына нұқсаны келмейтін озық жобалар таңдалып алынды. Әрі үй құрылысын салуға Ақжайық аймағына кеңінен танымал құрылыс компаниялары тартылды. Тағы бір айта кетерлік мәселе, тұрғын үй құрылысының әр шаршы метрінің бағасын төмендету арқылы қосымша көлемі 17 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтергені. Дегенмен барынша аз шығын жұмсау ұстанымының қала сәулетіне көлеңкесін түсіре жаздаған кездері де жоқ емес. Мұндай құрылыс алаңдары жоғарыда айтылып өткендей инженерлік және коммуникациялық жүйелерге барынша сығылыстырыла салынған.  Кейін мұндай тәжірибеден бас тартылды. Өйткені тұрғындар мұндай жағдайда сынық сүйем бос кеңістікке зар болып, көптеген қолайсыздыққа тап келуі әбден мүмкін еді.

Содан соң сәтті, таңдаулы жобалар іріктеліп алынғанымен мемлекеттік бағдарламаға сәйкес бой көтеретін үйлердің жобалау сметалық құжаттары кейінге сырғи бергеніне куә бола аламыз. Әйтеуір «Бустер» атты жергілікті жобалау ұйымы тұрғын үй құрылысының оралдық нұсқасын ойластырғаны мұндай оңды болар ма? Сөйтіп, жаңа жобаға сәйкес 2004 жылдың аяғында 14 тұрғын үйдің құрылысы басталып кеткен еді. Оның бәрі де ақ селикат кірпіштен қаланды.

Осы жылдарда өңірде тас қалаушылар тапшылығы орын алды. Жалпы қай кезеңде де аталған мамандық иелеріне деген сұраныс азайған емес. Сондықтан 2000-шы жылдардың бас кезінде оларды жекелеген фирмалар есебінен тегін оқыту шаралары белгіленді. Бұл іргелі қадамдар Орал өңірінде құрылыс қарқынын өсіре түсуіне септігін тигізгені анық. Бағдарламаны іске асыру кезінде құрылыс сапасына да ерекше көңіл бөлінді. Мердігерлердің бұрын пайдаланған сапасыз, стандарттарға сәйкес келмейтін материалды бармақ басты, көз қыстымен екінші мәрте пайдалану көріністеріне тосқауыл қойылды. Тиісті бақылау орнатылды. Жоспарлы тексерулер жүргізілді. Оны сәулет пен қала құрылысы нысандарын бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекция мамандары іске асырды. Сол кезде біраз нормативтен ауытқу көріністері де орын алғаны анықталды. Әйтсе де оның бәрі дер кезінде түзетіліп, кемшіліктер жойылды.

2000-шы жылдары Орал құрылыс индустриясы төрт аяғынан тік басып, жаңа кезеңге аяқ басқаны да бөлек бір әңгіменің арқауы. Жайық жағасында мұндай қуатты базаның қалыптасуы «Тұрғын үй» бағдарламасын жүзеге асыру кезеңімен тұспа-тұс келді. Дәл осы тұста аймақтың құрылыс кешенінде 14 ірі және 50 орташа қуат күші бар құрылыс компаниялары және 10 жобалау ұйымы тартылды. Әрі құрылыс өнімдерінің жиырмаға жуық түрлері шығарылды. Сөйтіп облыс орталығында құрылыс индустрия базасы жылына жиырма миллиард теңгенің көлемін атқаруға мүмкіндік алды.

Бұған қосарымыз, құрылыс индустриясы кәсіпорындарының қолда бар өндірістік мүмкіндігі ішкі мұқтаждықтарды өтеп қана қоймай құрылыс материалдарын республиканың өзге аймақтарымен Ресейдің шекаралас облыстарына экспорттауға жол ашты. Алайда 2000-шы жылдардың бас кезінде негізгі құрылыс материалдары жергілікті жерден пайдаланылса да Ресейден тасымалданатын материал түрлері де бар еді. Соның ең бастысы металл конструкциялары  болатын.

2005 жылдың басында оның бағасы аспандап шыға келді. Мұның өзі мердігерлерді біраз тығырыққа тіре-
ді. Әйтсе де кейін бұл мәселе тиісті келісімшарт жасау арқылы шешімін тапты. Бағаның өсуі – қай кезде де болып тұратын қалыпты әрі табиғи құбылыс. Сондықтан Орал өңірінде оны тұрақтандыру мақсатында жаңа технологияға негізделген тиімді құрылыс материалдарын қолдану тәжірибесі енгізілген. Мұның өзі құрылысты пайдалануға беру мерзімін қысқартуға және нысандардың сапалық қасиетін көтеруге мүмкіндік бере алады. Міне, Батыс Қазақстан құрылыс индустриясы кәсіпорындарының тәуелсіздікті нығайтудың екінші кезеңінде белгілеген тактикасы мен стратегиясы осындай еді. Бүгінгі күн биігінен қарастырғанда бұл алынған асу мен орындалған меже болып отыр.

Мақаламызды түйіндей келе, тәуелсіздіктің іргетасын қалау кезінде Батыс Қазақстандағы құрылыс пен сәулет саласына жетекшілік жасап келген әрі осы орайда іскерлік пен ілкімділік таныта алған тұлғалар жөнінде де бір-екі ауыз сөз айта кеткенді жөн көреміз. Соның бірі әрі бірегейі Орал өңіріндегі құрылыс көкжиегінде бедерлі ізі мен қарымды қолтаңбасы қалған әрі бар саналы ғұмырын аталған саланың кеңінен құлаш жаюына арнай білген Әлібек Сытдықов десек, бұған ешкім талас туғыза қоймас. Кейін сала қолбасшысы облыс әкімінің құрылыс саласына жетекшілік жасайтын орынбасары ретінде де өңірде оның жаңа сатыға көтерілуіне сүбелі үлесін қосты.

Мерейіңіз үстем бола берсін, Тәуелсіздік тарланы!

Темір Құсайын

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале