21.07.2020, 16:35
Оқылды: 33

Құрылысқа өз өнімдерін пайдаланады

Өңірдегі құрылыс саласының «еңбекторысы» «Айдана» ЖШС-ның атауы ел-жұртқа жақсы таныс. Серіктестіктің жол құрылысындағы тірлігіне 10 жылдан асты. Компания жол жөндеу, аулаларды абаттандыру жұмыстарын жүргізумен қатар жол құрылысына қажетті кейбір материалдарды өздері өндіріп, құрылыста пайдаланып жүр.

C00205A6-C56B-4DA5-90F5-2367B448C9A2

-Мына станокты Ресейден алдық, онда күніне 600-700 дана өрнектас (брусчатка), 300-350 дана жиектас, 500 дана поребрик-жиектас өндіріледі. Қазіргі жаман індетке байланысты компания сақтық шараларын қабылдады. Соған орай жол құрылысына жұмыс күші жетпей қалатын кездер болады. Сол себепті өндірістік цехымыздың жұмысын уақытша тоқтаттық. Қазір цехтағы жұмысшылар жол құрылысы жұмыстарына қолғабыс тигізуге кетті. Әзірге қоймамызда құрылыс материалдары қоры жасақталған, - деді аталмыш серіктестіктің бас инженері Гурген Амирханян.

«Айдана» ЖШС-ның өндірістік базасында өндірілген құрылыс материалдары қалаішілік және аудандарда ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстарына, қаладағы аулаларды абаттандыруға пайдаланылады. Қазір өндіріс ошағында он шақты адам еңбек биржасынан жұмысқа тартылған. Жалпы серіктестікте 150 адам еңбек етсе, соның 80-і еңбек биржасынан.  Сырттан жұмысқа тартылған жұмысшылардың басым көпшілігі аудан-ауылдарда жол құрлысында тер төгіп жүр.

13299BAD-7ABA-4353-A5E0-6ED6426DA230

Биыл «Айдана» компаниясының құрыш қолды құрылысшылары Тасқала, Шыңғырлау, Сырым (Тоғанас аулында) және Казталов аудандарында (Жалпақтал ауылында) жол жөндеумен айналысуда. Оралда 6 ауланы абаттандыру жұмыстарын аяқтай келді. Соның ішінде А. Құсайынов, А. Матросов 56/1, М. Ықсанов 73 мекенжайындағы аулаларда көп жұмыс істелген. Серіктестік аулаларды абаттандыру жұмыстарына өздерінің сапалы өнімдерін пайдаланған.

-Біз өнімдерімізге сапасертификатын алып отырамыз. Құрылыс материалдарын өзіміз өндіріп, құрылыста өзіміз пайдаланамыз. Сондықтан өнім өндіруші ретінде өнім сапасына қатты мән береміз. Жол құрылысы жұмыстарына 5-7 жылға, аулалардағы жұмыстың сапасына  екі жылға сеніммен кепілдік береміз. Бірақ әлі күнге дейін сенімімізге селкеу түскен жоқ», - деді Гурген Амирханян.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале