Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жергілікті “Приоритет” жол-құрылыс компаниясы өз құрылысшыларының аналарына арнап ақ дастархан жайды.
- Әр адамның бастауы - ана. Біздің компаниямыздың дамуына, өңіріміздің жол құрылысына үлес қосып жүрген ұл-қызды өсіріп, тәрбиелегеніңіз үшін алғыс айтамыз. “Приоритет” компаниясы осы кезге дейін салған 400 шақырымдай жолда әрқайсысыңыздың қосқан еңбегіңіз - бізге білікті маман сыйлағаныңыз деп білемін. Әрдайым бала қызығына бөлене беріңіз, - деді аналарды құттықтаған мекеме директоры Жанна Кенжина.
Әрі қарай мерекелік дастарханды өнерпаздар әнмен әрледі. Өңіріміздің аудан-ауылдарынан, Орал қаласынан жиналған аналар есейген ұлдары үшін көрген құрметіне шынайы алғысын жеткізді. Қара өлеңін айтып, ән бастаған аналардың алды 90-нан асқан екен. Жасына қарамастан бірі Қаратөбе, бірі Казталов, бірі Шыңғырлаудан келді.
- Қырық жыл ұстаз болғанда құрметтің түр-түрін көріп жүрміз. Алайда балам “мама сені жұмыста аналар күніне шақырып жатыр” дегенде таң қалдым. Мен үшін бұл кеш - құрметтің ең үлкені, нағыз тосынсый болды. Осы жасқа келіп баламның шарасына бара жатырмын дегеннің өзі бір мақтаныш екен, - деді Қаратөбенің Егіндікөлінен арнайы келген Асыл Молдағалиева.
Шара соңында жолшы жігіттер мен арулар “Ана” әнін орындап, мекеме директоры аналардың иығына ақ жаулығын жапты. Алғысхаттар мен сыйлықтар табыстады.
Ақмоншақ Мақсотқызы,
“Приоритет” ЖШС баспасөз хатшысы