Өңірде су тасқыны қаупі әлі сейілген жоқ. Соңғы мәліметтерге сенсек, су тасқынының екінші толқыны басталуы мүмкін. Мемлекет су тасқынынан зардап шеккендерге жан-жақты қолдау көрсетуде. Облыс еріктілері де игі істен шет қалмайтынын көрсетті.
Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Ансар Ибраевтың айтуынша, су тасқыны басталғаннан бері өңір жастарынан құралған еріктілер тобы көп жұмыс атқарған.
- Еріктілер тобының құрамына түрлі салада жұмыс істейтін жастар бірікті. Құрылған сәттен бастап олар тәулік бойы жұмыс жасап жатыр. Еріктілер қауіпті учаскелерде, эвакуациялық пункттерде белсенді жұмыс атқарып жүр. Тіпті ТЖ қызметкерлеріне көмектесіп жүргендер де бар. Қала іргесіндегі Асан ауылында 250-ге жуық жас қапшықтарды құммен толтыруға, №35 маршруттық автобустың соңғы аялдамасында, мәдениет және демалыс саябағы ауданында, хайуанаттар бағының қызметкерлеріне көмек көрсетіп жатыр. Өңір бойынша 2500 – ден астам ерікті апат салдарын жоюға атсалысып жатыр, - деді Аңсар Ибраев.
Еріктілер зардап шеккендерге уақтылы көмек көрсетіп жүр. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев атап өткендей, еріктілік болу үлкен — ерлік. Тектіліктің, шынайылықтың, адамгершіліктің жарқын үлгісі. Пандемия кезінде де, қазір де қазақстандықтар ұлт рухының мызғымастығын көрсетуде. Мұндай игі істер қайырымдылық мәдениетін көтереді.
Өз кезегінде БҚО қоғамдық даму басқармасының Жастар ісі жөніндегі бөлімінің басшысы Мирфат Бисекенов өңір еріктілері су тасқынына қарсы күресте белсенділік танытып жатқанын атап өтті.
– 1000-нан астам ерікті облыс орталығында, қалғандары аудандарда жұмыс істеп жатыр. Орал қаласындағы қауіпті деген 5-6 аймақта волонтерлар ТЖ қызметкерлерімен бірге тасқынға қарсы орнатылған қоршаударды нығайту жұмысына жұмылдырылды. Сондай-ақ халықты ақпараттандыру ісіне де белсенді кірісті, - деді Мирфат Бисекенов.
zhaikpress.kz
Фото: Замир Габдрахманов