3.02.2022, 11:50
Оқылды: 117

Құтырманың алдын алу

Батыс Қазақстан облысының бес ауданында құтыру бойынша эпизоотиялық жағдай қолайсыз, бұл жерлерде инфекцияның зооноздық ошақтары тіркелуде. Облыс аумағында жануарлар арасында құтырудың 5 ошағы анықталды.

9

Өткізілген іс-шараларға қарамастан, аурудың таралуын шектеу және жануарлардың құтырмамен ауруын толығымен жою әлі мүмкін емес.

Ветеринариялық қызметтің деректері бойынша, 2021 жылы құтыруға 62 зерттеу жүргізілді, оның ішінде 6 (9,6%) жағдайда оң нәтиже анықталды (2020 жылы – 21,6%). Құтыруға оң нәтижелер Ақжайық, Бөкейорда, Сырым, Теректі және Шыңғырлау аудандарында анықталып отыр.

Жалпы облыс бойынша тістеуден, тырналудан және сілекейленуден 1597 адам медициналық көмекке жүгінді (2020 ж. – 11633), 100 мың тұрғынға шаққанда медициналық көмекке жүгінгендердің көрсеткіші 240,1 құрады (2020 ж. – 248,6). Жәнібек (312,0) және Шыңғырлау (206,3) аудандарында, сонымен қатар Орал қаласында (302,1) көмекке жүгінушілердің көрсеткіші орташа облыстық көрсеткіштен (240,1) жоғары болып тұр.

Құтырманың вирусы адамдарға ауру жануарлар: ит, мысық, түлкі, енот, қасқыр, ақ түлкі, шиебөрі, жарғанаттан беріледі.

Ауру жануар адамды тістегенде немесе адамның зақымдалған терісіне ауру жануардың сілекейі (сызат, жара,зақым) түскен кезде жұқтырылады.

Құтырмамен ауырған адамда қандай белгілер болады?

Сырқаттанудың бастапқы кезінде адамда жабырқау, тістелген аяқ-қолдың қышып, тітіркенуі, дене қызуының жоғарлауы және қалтырау байқалады. Содан кейін тыныс алудың нашарлап, қорқақтық, үрей мен абыржу, суды көрген кезде қорқу, жоғары қозғыштық және дене бұлшық еттерінің құрысу түріндегі ұстама белгілері пайда болады. Сезім мүшелерінің тітіркенуіне жоғары сезгіштік пайда болады: жарық, түрлі дыбыстар, шу аяқ-қолдың бұлшық еттерінің құрысуын тудырады.

Сырқаттар агрессивті, елеуреген болады, галлюцинация, сандырақтау, қорқу сезімі пайда болады. Сырқаттанудың соңы бет, мойын және тіл бұлшық еттерінің, кейін аяқ-қолдың және дене бұлшық еттерінің сал ауруына әкеледі. Тыныс алудың ауыр паралитикалық бұзылулары өлімге әкеліп соғуы мүмкін. Аурудың жалпы ұзақтығы 5-8 күн, сирек жағдайда 10-12 күн.

Құтырмамен ауырған жануарда қандай белгілер болады?

Құтырмамен иттер, мысықтар, жабайы және үй жануарлары да ауырады. Ауру жануар өзін әдеттегідей ұстамайды.

Жабайы жануарлар елді мекендерге жиі келіп, адамдармен өте мейрімді қатынаста болады. Жануарды ұстаймын деп тырыспаңыз, өйткені ол сізді тістеп алып, құтырманы жұқтыруы мүмкін.

Иттің көніл-күйі агрессивті немесе қорқақтан мейірімді болып өзгереді. Иттер аулада немесе бөлмеде күйгелек болып жүреді, жерді қазып, бірдеңені тыңдайды, ауадан бір нәрселерді тісімен қағып («шыбындарды ұстау») алғандай болады. Мысықтар өте мейірімді болуы, адамды жалау арқылы құтырманы жұқтыруы мүмкін.

Жануарға әр нәрсе елестеп, агрессивті бола бастайды. Жанына жақындағанның бәріне бас салады. Үндемей келіп бас салады және тістейді. Агрессиядан кейін жануарларда депрессия кезеңі басталады. 3-4 күннен кейін сал ауруына ұшырайды, жануар мейірімді болады, адамнан көмек сұрап, оны жалайды. Және сол жалаған кезде сілекей арқылы адамға ауру жұқтырады.

Ірі қара малда құтырма өте күрделі формада өтеді. Ауырған сиыр малы үздіксіз мөңірейді, көзінде қорқыныш болады, жеуге келмейтін заттарды жейді, аузынан сілекей бөлінеді. Тістелеген орынды үздіксіз қасиды. Қорада тұрған мал іргені ұрып, өзінің мүйізін сындырады, өзін қоярға жер таппайды, жатып, орнынан қайта секіріп тұрады. Құтырмамен ауырған бұқа малдары өте қауіпті болып келеді, әсіресе жазғы уақытта жайылымда жайылғанда.

Бұқа малдарында және сиырда қозу кезеңі 2-3 күнге созылады. Әдетте  4-6 тәулікте өледі.

Жануарлар тістегенде не істеу керек?

Зақымдалған жерді дереу жылы сабынды сумен жуып, жараны спирт немесе йод тұнбасымен залалсыздандыру қажет. Тұрғылықты жер бойынша емханаға қаралу немесе «жедел жәрдем» шақыру қажет. Медициналық мекеме Сізге құтырмаға қарсы екпе тағайындайды. Дәрігердің тағайындаған екпесін толық және үзілісіз алу қажет. Зақым келтірілген жануарларды өлтіруге болмайды, өйткені ветеринарлық дәрігерлер оны бақылауға алады, жануарлар оқшаланып, бақылауға алынуы тиіс.

Қазіргі кезде қолданылатын вакциналар ереже бойынша 5 рет салынады:  инъекцияны дәрігерге қаралған күннен бастап жасайды (0 күн), содан кейін 3, 7, 14, және 28 күндерінде салынады. Егер де тістеген жануарға бақылау жүргізу мүмкіндігі болып, тістегеннен кейін 10 күн ішінде бақылаудағы жануар сау болса, қалған екпелер дәрігермен тоқтатылады.

Бұл аурудың қауіптілігіне қарамастан, адамдар жануардың тістеуіне, сілекейлеуіне мән бермейді, медициналық көмекке жүгінбейді. Көмекке жүгінгенмен, ешбір себепсіз алдын алу екпелерін тоқтатады немесе қаншалықты қауіпті екенін сезінбей, екпеден мүлдем бас тартады.

Құтырмаға қарсы уақытылы жүргізілген екпе өлімге әкеліп соқтыратын қауіпті аурудың алдын алатынын естеріңізге сақтаңыз!

Г. Кажушева

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті бөлімінің басшысы

Фотосурет: sуr-media.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале