Кейінгі жылдары балалар сөресінен орын алған ойыншықтардың бейнесі мүлдем өзгеріп барады. Бұрын сүйкімді аюлар мен қуыршақтар балаға жылылық сыйласа, бүгінде тісі ақсиған, көзі бақырайған, жүні үрпиген «Лабубу», «Хаги Ваги» сияқты бейнелер ойын әлемін жаулап алды. Қуыршақ па әлде құбыжық па – ажырату қиын. Солардың ішінде қазақ отбасылар жаппай сатып алып жатқандары туралы сөз қозғайық.

Фото: mkset.ru
Былтыр танымал болған «Хаги Ваги» бастапқыда Poppy Playtime атты қорқынышты компьютерлік ойынның кейіпкері ретінде танылған. Бұл ойын желісі бойынша ойыншы қаңырап қалған ойыншық зауытында қалып қойған, ал сол жерде Хаги Ваги оны аңдиды. Көк жүнді, адамға ұқсас бұл алып жаратылыс ең жақсысы – құшақтауды біледі (оның аты да осыдан шыққан). Huggy – ағылшын тіліндегі «to hug», яғни құшақтау сөзінен. Бастапқыда ол мейірімді болғанымен, фабрикадағы апаттан кейін құбыжыққа айналған. Алғашында бұл тек жасөспірімдерге арналған хоррор-ойын ретінде ұсынылса да, уақыт өте бейнесі мультфильмдерге, YouTube, TikTok видеоларына, кейін ойыншықтар мен кеңсе тауарларына да көшті. 4-5 жастағы балалардың сөмкелерінен бастап туған күн торттарына дейін осы кейіпкермен безендірілуі – бұл бейнелердің санаға қаншалықты терең енгенінің белгісі.
Ал биылғы трендтегі «Лабубу» – қытайлық ауторлық комикстен шыққан кейіпкер. Алғашында ертегі сынды жұмбақ, бейкүнә кейіпкер болғанымен, TikTok және Instagram секілді платформаларда үрейлі, жыламсырайтын, «қараңғыда тірілетін» нұсқалары тарап, балалардың қызығушылығы мен қорқынышын қатар оятты. Негізінен, 2015 жылы гонконгтік иллюстратор Касинг Лунг «Монстрлар» атты кітапқа арналған кейіпкерлерді ойлап тапты. Оның айтуынша, бұл идеяға оны скандинавиялық мифтер шабыттандырған. Лабубу – үшкір құлақты, өткір тісті, шамамен мысықтың көлеміндей, орманда өмір сүріп, түрлі ойын-сауық пен әзілдер ұйымдастыратын кішкентай эльф-қыздар.
Әлеуметтік желілерде тараған қауесеттерге сәйкес, лабубу қуыршақтары Месопотамия мифологиясындағы Пазузу атты жын бейнесімен байланысты деген болжам айтылуда. Пазузу – азу тісті, басы арыстанға ұқсас, көздері бақырайған, қанаты және тырнақтары бар бейне. Ол бақытсыздық пен апат әкелетін оңтүстік-батыс желінің иесі саналады. Кейбір қолданушылар «Лабубудың» бақырайған көздері мен жымиған күлкісі сол жынның бейнесін еске түсіретінін айтады. Тіпті ғаламтор деректеріне сүйенсек, кейбір «Лабубу» иелері бұл теориядан қатты қорқып, қуыршақтарын өртей бастаған. Олар қуыршақтар «жынның энергиясын» алып жүруі мүмкін деп қауіптенген. Дегенмен сарапшылар мен интернеттегі пайдаланушылардың көбі Лабубу мен Пазузу арасындағы байланыстың тек алып-қашпа әңгіме екенін атап өтуде.
Танымалдылықтың сыры неде?
2019 жылы суретші Касинг Лунг ойыншық шығаратын және танымал брендтермен серіктес Pop Mart компаниясымен бірлесіп жұмыс істей бастады. Компания «Лабубуды» сюрприз-қораптарда сатуды ұсынды. Яғни қораптан қандай ойыншық шығатыны белгісіз. Сатылым ойыншықтардың «сүйкімді» бейнесі үшін ғана емес, сондай-ақ тұтынушылардың толық коллекция жинауға деген ұмтылысының арқасында артты. Ойыншықтың кеңінен танылуы дәл сол кезде басталды, себебі оңтүстік кореялық BlackPink тобының рэп орындаушысы Лиса өз ойыншықтар коллекциясымен бөліскен видеосын жариялаған еді.
Мұндай ойыншықтар сырттай күлкілі, жұмсақ көрінгенімен, олардың артында адам психикасына әсер ететін бейсаналы сигналдар жасырулы. Баланың ойы мен қиялы – ең нәзік жүйе. Ол көргенін қайталайды, сана түкпіріне сақтайды. Қауіптісі – бала қорқынышын қалыпты нәрсе ретінде қабылдап үйренуі мүмкін.
YouTube платформасында «Хаги Ваги» немесе «Лабубу» деп іздесеңіз, мультфильм форматындағы көптеген видео шығады. Қанша қорқынышты көрінсе де, олардың жарнамасы тартымды, музыкасы көңілді, кейіпкерлері достық қарым-қатынаста әрекет етеді. Баланың санасында «қорқынышты да сүйкімді болуы мүмкін» деген жаңсақ ұғым қалыптасады. Бұл жақсы мен жаманды ажырату механизмінің бұзылуына әкелуі мүмкін.
Ата-аналар не дейді?
Орал қаласының тұрғыны Бижамал:
– Жасым жетпістен асты. Баланы да өсірдік, немерені де бағып отырмыз. Әр буынның ойыны, қызығушылығы әртүрлі. Бұрын біз қуыршақпен, доппен, құммен ойнадық. Қазіргілердің сұранысы мүлде бөлек. «Заман басқа, баланың қалауын сыйлау керек» десем де, бір күні тоқтау салдым. Себебі баланың қолындағы ойыншыққа қарап, ішім біртүрлі құлази берді. Түрі қорқынышты, көзі адырайған, бет-аузы үрей тудырады. Бастапқыда мән бермедім. Бірақ күн өткен сайын немеремнің мінезінен өзгеріс байқай бастадым. Бұрынғыдай жайдары емес, ашуланшақ. Өзімен өзі күбірлеп ойнайды, кейде ойыншықпен сөйлескендей болады. Сол кезде түсіндім: баланың қалауын сыйлау керек, бірақ бақылаусыз қалдыруға болмайды. Қарапайым ойыншықтың өзі баланың жан-дүниесіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан әр ата-ана балаға ұсынар дүниесіне мән берсе деймін. Баланың көңіліне мейірім себетін, шуақты әлем сыйлайық, – дейді.
Ал Альфия Оразғалиева бұл туралы:
– Қызым 8 жаста. Бірер жыл бұрын «Хаги Ваги», «Киси Миси» деген ойыншықтар әлеуметтік желіде сәнге айналып, соны сұрап әлек болды. Уақыт өте қызығушылығы бәсеңдер деп ойлағам, бірақ қазір «Лабубуға» құмартуда. Бір қарағанда жұмсақ, қанық түсті, құшақтауға ыңғайлы ойыншық. Бірақ мұқият қарасаң, көзқарасы суық, аузындағы тістері өткір, күлкісінің өңі біртүрлі. Неге осындай ойыншықтар балалар арасында сұранысқа ие? Ата-ана ретінде менің уайымым – бала ойыншықтың сыртқы бейнесі мен мінез-құлқынан үлгі алуы мүмкін. Бұл ойыншықтарға түбегейлі қарсы емеспін. Тек біз, ересектер, балалардың қандай кейіпкерлерге еліктеп жүргенін, қандай ойыншықты не себепті ұнатып жүргенін үнемі бақылап отыруымыз керек деп санаймын. Барлық сұраққа бір ғана ойыншық жауапты емес, әрине. Бірақ әрбір нәрсенің баланың санасына әсер ететінін ескеру – ата-ананың жауапкершілігі, – дейді.
Маман пікірі:
– Ойын – адамзат ақыл-ойының асыл қазынасы. Баланың ойыншық таңдауында ата-анаға талғампаздық пен жауапкершілік керек. Заманаға сай ойын мен ойыншықтар да өзгеруде. Бұрын жалмауыз кемпір, чебурашка, қасқыр секілді кейіпкерлер болса, қазір Poppy Playtime ойынынан шыққан «Хаги Ваги» мен әлеуметтік желілерден танылған «Лабубу» сынды ойыншықтар танымал. Олардың психологиялық әсерін талдау маңызды. Сыртқы бейнесі қорқынышты болғанымен, бұл кейіпкерлер балаларға рөлдік ойын арқылы қорқынышын жеңуге көмектеседі. Психотерапияда да қорқынышты бейнені ойынға енгізу әдісі қолданылады. Дегенмен 6-7 жасқа дейінгі сезімтал балаларда мұндай ойыншықтар түнгі үрей, түс көру, агрессия сияқты жағымсыз реакция тудыруы мүмкін. Сондықтан «Лабубу» мен «Хаги Ваги» ойыншықтарын балаларға таңдағанда жас ерекшелігін ескеру керек. Егер алынса, баланың сезімін бірге талқылап, ол ойыншықты басқаларды қорқытуға емес, өзін қорғауға пайдаланатынын түсіндіру маңызды. Ата-ана баланың ойындағы сценарийін бақылап, позитивті ойын қалыптастыруға көмектесуі қажет, – дейді «Жан сыры» орталығының жетекшісі, психолог Құралай Шамұратова.
Баланың ойыны – оның ішкі әлемінің айнасы. Бүгінгі «ермек» – ертеңгі мінездің бастауы. Сондықтан ойыншық таңдауда жауапкершілік пен талғампаздық танытып, балалықтың тәтті әлемін қорғау – әр ата-ананың парызы.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»