11.11.2025, 15:30
Оқылды: 401

Қуыршақтар сөйлейтін шағын ауыл

Тасқала ауданындағы Шежін ауылында өзгеше өнер ордасы бар. Ауылдың мәдениет үйінің бір бұрышында балалардың күлкісі мен қуанышын оятқан ерекше әлем өмір сүруде. Ол – қуыршақтар әлемі. Ал сол әлемнің иесі әрі жаны ерлі-зайыпты Махамбет пен Бибінұр Мұрзағалиевтер.

WhatsApp Image 2025-11-11 at 15.35.43 (2)

Махамбет Мұрзағалиев 1964 жылы Шежін ауылында дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған соң әскер қатарында қызмет етіп, кейін Бөрлі ауданындағы ауыл шаруашылық техникумында білім алады. Оқуын аяқтағаннан кейін туған ауылына оралып, электрик болып еңбек жолын бастайды. Алайда тоқсаныншы жылдардағы экономикалық қиындықтардың салдарынан қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалады.

– Тоқсаныншы жылдар ел іші үшін ауыр кезең еді. Ертеңгі күнге сенім аз, тіршілік күйбеңі көп уақыт болды. Сол кезде ауылдық мәдениет үйінің директоры Ақырыс Абдрахманова қолдау көрсетіп, мені өнер жолына алып келді. Содан бері осы салада еңбек етіп келемін, – дейді сол кезеңді еске алған Махамбет аға.

WhatsApp Image 2025-11-11 at 15.35.44

Өнер ордасында еңбек ете жүріп, Махамбет Мұрзағалиев ауыл балаларын қызықтыратын ерекше үйірме ашуды мақсат етеді. Вокал, домбыра, би үйірмелері әр ауылда бар. Бірақ ол өзгеше бағыт іздеді. Көп ойлану мен ізденістің нәтижесінде 2012 жылы қуыршақ театрын құру туралы шешім қабылдайды. Театр «Балдырған» деген атауға ие болады.

– Қуыршақ театры ауыл үшін тың бағыт. Бастапқыда құрал-жабдық, қуыршақтар, сахналық декорациялар болмады. Бірақ бастаған істі аяқсыз қалдыру менің табиғатыма жат. Сол себепті барлығын өз қолымызбен жасадық, – дейді Махамбет аға.

Жолдасының бастамасын Бибінұр жеңгей де қуана қолдайды. Ол үйдегі маталардан қуыршақтарға киім тігіп, сахналық костюмдер дайындайды. Ал Махамбет аға ауылды аралап жүріп, ескі пенопласттар мен материалдар жинап, қуыршақтар жасауға кіріседі. Осылайша 2012 жылы Шежін ауылдық «Балдырған» қуыршақ театры өзінің алғашқы «Алдар көсе» қойылымын көрерменге ұсынады.

– Алғашқы қойылымға ауыл тұрғындары ерекше ықыласпен жиналды. Сол күні қуыршақтардың жан бітіріп, сахнаға шыққаны әлі есімізде. Бұл біздің өміріміздегі ең ұмытылмас сәттердің бірі болды, – дейді Бибінұр жеңгей.

Сол күннен бері бір мүшел уақыт өтті. Қазіргі таңда театрдың репертуары кеңейді, қуыршақтар саны 38-ге жетті. Балаларға арналған көптеген қазақ ертегілері сахналанып, аудан көлемінде үлкен сұранысқа ие болды. Театр ұжымы Тасқала ауданының ауылдарын аралап, көрермен ықыласына бөленіп үлгерді.

Осы театрда өнер жолын бастаған Аружан Мұрзағалиева, Бақтияр Өтеғалиев, Сағынғаным Жұмаш сынды жас актерлер бүгінде жоғары оқу орындарында білім алып, өнер саласында өз жолдарын жалғастыруда. Олар ауылға келген сайын өздерін өнерге баулыған ұстаздарына арнайы сәлем беріп, клубқа соғып кетуді дәстүрге айналдырған.

Бүгінде театрға қызығушылық білдіретін оқушылар аз емес. Үйренем деген баланың талабын ешқашан қайтармайтын Махамбет пен Бибінұр жұбы ауыл балаларына өнердің қыр-сырын үйретіп келеді.

13 жылғы тынымсыз еңбектің нәтижесі де бар 2018 жылы Шежін ауылдық «Балдырған» қуыршақ театрына «Халықтық үлгілі өнерпаздар ұжымы» атағы берілді.

Қазір ұжымның басты арманы өз өнерін облыс орталығында және өзге де аудандарда кеңінен таныту. Алайда материалдық қолдау мен қаражаттың тапшылығы бұл жоспарды жүзеге асыруға кедергі болып отыр. Соған қарамастан, Махамбет аға мен Бибінұр апай өнер жолынан айныған емес.

– Қуатым барда балаларды қуанта бергім келеді, – дейді Махамбет ағай.
– Бұл қуыршақтар біздің өміріміздің бір бөлігі. Үйдегі мата, ине мен жіптің бәрі осы клубқа қызмет етеді. Өйткені, біз үшін ең үлкен бақыт балалардың күлкісі,– дейді Бибінұр жеңгей.

Каникул кезінде клуб іші балғындардың қуанышына толады. Бірі қуыршақ жасайды, бірі сурет салады, енді бірі сахнаға дауыс береді. Сол сәттерде ауылдың шағын клубы үлкен өнер ордасына айналады.

– Бір бала күліп отырса әлем сәл түзелгендей болады, – дейді театр жетекшісі.

WhatsApp Image 2025-11-11 at 15.35.43

Жасырып қайтеміз. Тамаша жұмыс жасап тұрғанымен ерлі-зайыпты Мұрзағалиевтердің театрды одан әрі дамытсақ деген жоспары көп. Бірақ оны толыққанды жүзеге асыратын мүмкіндік аз. Ширма артында қуыршаққа жан бітірген бала актерларға арнайы микрофон жоқ. Болашақта көлеңке театрын ашуды көздейді. Бірақ оған да қажетті құрал-жабдық тапшы. Марионетка театрын бірнеше мәрте жасап та көрген. Оны да одан әрі дамытсақ деген жоспары бар. Жоқтан бар жасап, біраз белесті бағындырған «балдырған» театрының көрермені көп. Мектепте, балабақшада, жазғы каникул кезінде демалыс лагерінде қойылатын «Алтын сақа», «Айлакер бала», «Ақ қасқыр» сынды ертегілер сұранысқа ие. Бірнеше рет қайталап қойған кездер де көп болған. Иә, өнердің шын мәні де осында.

Шежіннің шағын сахнасында қуыршақтар сөйлейді, бірақ олардың дауысын естіртіп тұрған үлкен жүрек пен өнерге деген адалдық пен балаларға деген мейірім. Дами бер ,Балдырған!

 

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале