БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот өндірісіне биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 52 тұлғаға қатысты 31 қылмыстық іс түскен. Үш айда тіркелген істер саны өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 58%-ға өсіп отыр. Бұл туралы WhatsApp мессенджері арқылы онлайн режимінде өткен брифингте аталған сот төрағасының міндетін атқарушы Бақыт Ермаханов мәлімдеді.
Судияның мәлімдеуінше биылғы үш ай мерзімде өткен жылдан қалған істерді қоса есептегенде 12 тұлғаға қатысты 12 қылмыстық іс бойынша айыптау үкімі шығарылған. Сотталған 11 адамға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болса, бір қылмыскердің бостандығы шектелген.
Сонымен қатар 40 тұлғаға қатысты 19 қылмыстық іс қаралу сатысында. Айта кетейік, өткен жылдың осындай мерзімінде екі тұлғаға қатысты екі қылмыстық іс қаралған екен. Яғни былтырғы жылмен салыстырғанда қылмыстың пайыздық деңгейі 89.4% өскен.
Есепті мерзім ішінде сотпен әйел адамға қатысты қылмыстық іс қаралмаған болса, кәмелеттік жасқа толмаған бір адам істі болған.
Ал апелляциялық сатыға 8 үкім бойынша шағым түсіп, 7 үкім өзгеріссіз қалдырылған, бір үкім қаралу барысында.
Нұрбек Зәкәрияұлы,
zhaikpress.kz