Мемлекет басшысы осы жылғы 5 шілдеде «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Онда бұрын заңнамалық деңгейде белгіленбеген және алғаш рет «адам саудасының құрбаны», «адам саудасының әлеуетті құрбаны», «адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері» және басқа ұғымдарды қамтитын жаңа ұғымдық аппарат бар. Бұл туралы ІІМ хабарлады.
Суреттер: ІІМ
«Мәселен, Заңды әзірлеу кезінде негізгі тәсілдер анықталды. Халықаралық тәжірибе енгізілді. Ондағы төрт «П» тұжырымдамасы: серіктестік, ескерту, қудалау және жәбірленушілерге көмек.
Мысалы, біріншісі – мемлекеттік органдар мен азаматтық сектордың кешенді жұмысын, адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық және өңірлік комиссияларды және халықаралық ынтымақтастық негіздерін қамтитын адам саудасына қарсы іс-қимыл жүйесін қалыптастыру.
Екіншісі – алдын алу тетіктерін жетілдіру, атап айтқанда, тәуекелдерді бағалау және алдын алу шараларын жүргізу. Бұл адам саудасына ықпал ететін себептерді талдауды, кейіннен барынша азайту және пәрменді шаралар қабылдау үшін оның таралу нысандары мен ауқымын зерттеуді көздейді.
Үшіншісі – қудалау. Заңда адам саудасының барлық нысандары, оның ішінде мәжбүрлі еңбек, қайыр сұрау, жыныстық қанау және органдарға алу үшін жауапкершілікті көздейтін қылмыстық заңнамаға сілтеме нормасы енгізіледі.
Төртінші – құрбандық бағдарланған тәсіл. Адам саудасының құрбандарын қорғау және оларға көмектесу көптеген ратификацияланған халықаралық шарттардың міндетті нормасы саналады. Заң жәбірленушіге мемлекет тарапынан өз құқықтары мен қорғау шараларын жақсы түсінуге мүмкіндік береді.
Жәбірленушілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау кепілдіктері оларды полицияға жүгінуге ынталандырады және істерді сотқа жеткізуге ықпал етеді.
Бүгінгі күні қолданылып жүрген адам саудасы құрбандарының барлық құқықтары сақталған және заңда көрсетілген.
Заң алғашқы жариялаған күннен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң, яғни осы жылғы 5 қыркүйекте күшіне енеді», делінген хабарламада.