9.10.2025, 16:00
Оқылды: 375

Қыс қарсаңындағы «Құс фабрикасы»: коммуналдық қарыз дауы ушығып тұр

Таяуда халық арасында «Құс фабрикасы» деп аталып кеткен «Зашаған» бау-бақша серіктестігінде жиын өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Аслан Тапишев, Зашаған кентінің әкімі Аққали Әубекеров пен жергілікті тұрғындар қатысты.

фото2

Жиын барысында серіктестік төрағасы Асхат Баетов (суретте) халық алдында есеп берді.

Асхат Баетов

Естеріңізге салсақ, мұндағы тұрғындар осыған дейін коммуналдық шығындарды  серіктестік әкімшілігіне қолма-қол төлеп келген еді. Тамыз айының басында төраға Баетов төлемдерді 31 тамызға дейін қабылдап, келер қыркүйектен бастап серіктестік  әкімшілігі жұмыс істемейтінін айтты. Осыдан соң «жасыл контордағы» қолма-қол төлем жүйесі тоқтатылды. Төраға серіктестік әкімшілігіндегі жиналған қаражатты тиісті мекемелерге тапсырып, ендігі төлемді өз мойындарына алу жөнінде талап қоятынын мәлімдеген.

– Өздеріңізге мәлім, мен 2025 жылдың ақпан айының басында серіктестіктің басшысы болдым. Мен келгенде «Құс фабрикасының» электр тарифіне 71 млн теңгеге жуық қарызы болған. Осыған қатысты сот үдерісі әлі де жүргізілуде. Себебі соттың толық аудит жүргізуге құжаттары жеткіліксіз.  Бұл бұрынғы төраға Асылбек Қабесовтың кезеңіндегі дау, сондықтан мен мекемелерге бұл қарызды өз мойныма алмайтынымды айттым. Оларға «Мен жаңа басшымын. Менің есебіме жаңа шот ашылсын» дедім. Сөйтіп маған «Осы шот әрмен жалғаса береді. Сіз ендігі коммуналдық қызметтердің шығынын жаба беріңіз» деген хабар келді. Қазір «Құс фабрикасына» қатысты мәселе жетерлік. Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы ЖШС-ға «Құс фабрикасындағы» қуат көзін үй-үйге тарататын трансформаторлардың күші әлсіз екенін мәлімдедім. 15 көшеге 10 ғана трансформатор қойылған. 2 мыңнан аса үйді қуат көзімен қамтуға бұл жеткіліксіз. Сондықтан құрылғылар жиі жанып кетіп, халық жарықсыз отырады. Әсіресе Жерұйық көшесі маңындағы трансформатордың қуаты 220 вольтқа жетпейді. Жағдайы келген тұрғындар тоқ күшін қалыпта ұстап тұратын стабилизатор құрылғысын сатып алуда. Ал оның құны 70 мың теңгенің шамасында тұрады. Дәл осы мәселе қала әкімдігінің ғимаратында шаһар басшысы Мұрат Байменовке де айтылды. Ол отырысқа Батыс Қазақстан АЭЖК компаниясының өкілдері қатысты. Мұрат Болатұлы аталмыш компания өкілдеріне «Құс фабрикасындағы» трансформаторлар назарда болсын. Егер мүмкіншілік болса, жаңа қуат құрылғысын қондырыңыздар» деген. Олар коммуналдық қызметтердің төлемі уақтылы өтеліп тұрса, бәрін реттейміз деп уәдесін берді. Батыс Қазақстан АЭЖК өкілдері қойған талапты орындап отырдым. Нақтырақ айтсам, 30 сәуірде 37,1 млн теңге, 2 мамырда 2 млн теңге, 27 мамырда 12 млн теңге, 13 маусымда 13 млн теңге, 26 маусымда 7 млн теңге тұрғындардан жиналып, жарық үшін төленді. Бірақ компания берген уәдесінде тұрмады. Бірде Батыс Қазақстан АЭЖК қызметкерлері келіп, трансформаторлардың қуат күшін көбейткен. Алайда одан пайда болмай отыр. Сөйтіп, біз коммуналдық қызметтер үшін тұрғындардан қаражат жинаудан бас тартып, ендігі бұл жұмыстарды жауапты мекемелер өз мойындарына алуын талап етудеміз. Батыс Қазақ­стан АЭЖК 89 млн теңге қарыз деген желеумен мені сотқа берді. «Неге мынадай көп ақша?» деп анықтасақ, бұрынғы 71 млн теңге қарызды да маған ысырып қойыпты. «Ал бұл кімнің мойнындағы қарыз?» деген сұраққа сот нақты кесім айтпады. Мен мұны заңсыз жала жабу деп есептеймін. Біз де, тұрғындар да жарық төлемін Батыс Қазақстан АЭЖК, ауыз су төлемін «Батыс су арнасы», қоқыс тазалау жауапкершілігін де жауапты мекеме алғанын қалайды, – деді Асхат Әнесұлы.

Саяжай тұрғындарының көкейінде «Су ақысын қайда төлейміз?» деген сұрақ тұр. Серіктестік әкімшілігінің есігі ашық болғанымен, онда төлем жүйесі жүргізілмейді. Асхат Әнесұлы мұның себебін де айтып өтті.

–  Ауыз су мәселесі бойынша «Құс фабрикасының» 1 қыркүйекке дейінгі қарызы шамамен 7 млн теңгеге жуықтайды. Су төлемінен жиналған қаражаттың барлығын таяу арада «Батыс су арнасы» ЖШС-ға тапсырамыз. Аталмыш серіктестіктің басшысы Әнуар Аркеновпен жолығып, саяжайдағы коммуналдық қызмет төлемін өз жауапкершіліктеріне алу жөнінде айттым. Бірақ ол бұл өтінішімізді орындамайтынын жеткізіп, «Ауыз су төлемін бұрынғыдай халықтан жинап, бізге өткізіңіздер» деді. Ал маған тамыз айының ортасында болған сот отырысында коммуналдық қызметтер үшін тұрғындардан қолма-қол қаражат жинауға тыйым салынды, – деді  А. Баетов.

Гүлнәр Бекжанқызы

Бұл жиынға Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясының жетекші инженері Гүлнәр Бекжанқызы (суретте) қатысты. Ол облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің 18 тамыздағы хаттамасында жазылған «Зашаған» бау-бақша серіктестігінің тұрғындарына жеке шот ашылсын деген тапсырмасын сөзіне өзек етті. Батыс Қазақстан АЭЖК қызметкерлері «Құс фабрикасындағы» әрбір үйді аралап, санақ жүргізген.

– Сіздер біздің компанияға жаңа тұтынушы ретінде тіркелесіздер. Ол үшін әр тұрғын өз үйіне жаңа есептегіш құрылғы орнатуы қажет. Дәл қазір сіздер тұрып жатқан үйлердегі есептегіш құрылғылар біздің компанияның базасында жоқ. Сондай-ақ бізден техникалық шарт пен серіктестік басшысынан «Жарыққа қарызы жоқ» деген құжат аласыз, – деді АЭЖК-ның жетекші инженері.

Ал кей азаматтар Гүлнәр Бекжанқызы айтқан жаңа есептегіш құрылғыны сатып алуға наразы. «Құс фабрикасының» тұрғыны Гүлзат Бекболсынова саяжай мәселесі туралы айтып өтті.

– Біз тұрып жатқан үйдің жарық есептегіш құрылғысын 2 жыл бұрын ғана сатып алдық. «Фобос» ныспылы жаңа есептегіш құрылғысын қою қажет деп айтылып жатыр. Естуімше, оның бағасы 40 мың теңгеге жуықтайды. Одан көп болуы да мүмкін. Оны орнату қызметіне де 10-15 мың теңге қаражат төлеу қажет. Мұны кей азаматтардың қалтасы көтермейді. Баспанамның жанында қоқыс контейнері орналасқан. Контейнердің саны оннан асады. Оның көптігіне қарамастан қоқыс тез толып кетеді. Қаңғыған иттер қоқысты аралап, шашады. Жел тұрса ауламыз қоқысқа толады. Күлімсі иістің әсерінен жаз мезгілінде тереземізді де аша алмаймыз. Қазіргі басшының атын білгенімізбен, затын білмейміз. Қоқыс мәселесі бойынша көршілер хабарласса, телефонын көтермейтін көрінеді. Асхат Баетов халықпен дұрыс қарым-қатынас жасамай отыр. Кей кездері «Құс фабрикасы» зауытынан да бүртүрлі иіс шығып, аумақты жайлап кетеді. Зауыттан баспанамыз алыс болса да, мұрын жаратын иіс бізге де жетеді. Сондай-ақ балалар ойын алаңы тым алыс. Үйімізге жақын жерде алаңқай болғанын қалаймыз. Саяжай ішінде Сарыарқа көшесінде ғана асфальт бар. Көктемде қар ерігенде, күздің жаңбырлы кезеңінде «Құс фабрикасы» ми батпаққа айналады, – дейді тұрғын.

WhatsApp Image 2025-10-07 at 13.54.07 (3)

Зашаған кентінің әкімі Аққали Әубекеров (суретте) жол мәселесі біртіндеп шешімін табады дейді. Тұрғындармен өткен жиналыста келер жылы Жәңгір хан көшесінен алынған асфальт қалдықтары «Құс фабрикасының» көшелеріне төселетінін айтты.

– Билік тұрғындар мәселесін қараусыз қалдырмайды.  Зашаған кенті әкімдігі 2025 жылдың көктемінде саяжайдың қыстан қалған қоқысын шығарып берді. Одан бөлек басқа да жұмыстар істелді. Келесі жылы Жәңгір хан көшесінің жолы жөнделеді. Асфальт қалдығы саяжай көшелеріне төселетін болады. Жуырда «Келешек мектептері» жобасы аясында салынып жатқан білім ұясының құрылысы аяқталады. Мектептен «Құс фабрикасына» өтетін тіке жол салынады, – деді кент әкімі.

Үлпат Жасмағанбетова

Серіктестік басшысы Асхат Баетовтың көмекшісі Үлпат Жасмағанбетова (суретте) тұрғындар арасында коммуналдық төлемдерді айлап, тіпті жылдап өтемей отырғандар бар дейді. Егер әр  тұрғынға жеке шот ашылса,  борышкерлердің айыбы әшкере болатынын айтты.

– Қазір қолымызда тұрғындардан жиналған екі айлық жарық төлемінің қаражаты бар. Бұл қаражатты Батыс Қазақстан АЭЖК-ға төлемеудің өзіндік себебі де жоқ емес. 2025 жылдың көктем мезгілінде қала әкімдігінің қызметкерлері мен аталмыш компания өкілдерінің қатысуымен жиналыс өтті. Біз сол кезде трансформаторлардың қуат күші нашар, салдарынан үйдегі тоққа жалғанған әртүрлі құрылғылар жанып жатқанын алға тарттық. Олар ешқандай іс-шара жасамағандықтан, тұрғындардан жиналған жарықтың 4 ай төлемін компанияға өтемей қойдық. Сонда олар бізге жарық қаражатын төлеңіздер, трансформаторлар мен бағана сымдарын жөндейміз деп уәде берді. Осы уәдеден соң жиналған қаражаттың бәрін компанияға тапсырдық. Бірақ баяғы жартас, сол жартас. Жарық төлемі толық Батыс Қазақстан АЭЖК-ға өтіп, жоғарыда айтылған мәселе шешімін тапсын. Содан соң қолдағы қаражатты компанияға табыстаймыз. Жаз айларында әлсіз қуат көзі әуре-сарсаңға салады. Қыста көрер күніміз не болмақ? Трансформаторлардың қуаты 220 вольтқа жетпейді. Бұған шағымданушы тұрғындар көп. Өйткені осының әсерінен үй-жай техникалары істен шығады. Мысалы, менің үйімдегі екі тоңазытқыш жанып кетті. Коммуналдық шығындарды мүлде төлемейтін тұрғындар бар. «Серіктестік қарызы» деген тіркес түбегейлі жойылып, әр тұрғынға жеке шот ашылғанын қалаймыз. Сонда жарықтың шығынын төлеген тұрғын, төлемегендердің кесірінен жарықсыз қалмайды. Бүгінде жарық төлемін «Батыс Қазақстан АЭЖК» ЖШС өз жауапкершілігіне алуда. Ал қоқыс шығару жұмысын «МАГТОКСИН» ЖШС-ға берудеміз. Қазіргі таңда тұрғындар келісімін жинаудамыз. Тұрғындар серіктестік әкімшілігіне аяқтай келіп, қоқысты «МАГТОКСИН» ЖШС шығаруына келісім беремін деп қол қою қажет. Қоқыстың айлық төлемі – үйдегі әр адамға 400 теңге. Бірақ бұл серіктестік өз талабын қоюда. Егер келісім берген азаматтар саны 10 мыңға жетпесе, онда қоқыс тазалау жауапкершілігін алмаймыз дейді. Қолма-қол төлем жүйесін тоқтатқанымызға бір айдан асып барады. Компания басшыларына: «Бау-бақша серіктестігі әкімшілігіне қызметкерлеріңіз келіп, уақытша төлем жүйесін жүргізсін» деген хат жолдадық. Әйтпесе, олар мұндағы үй санын анықтап, әр тұрғынға жеке шот ашамыз дегенге дейін біраз уақыт өтіп кетеді, – дейді ол.

«Құс фабрикасының» тұрғыны Ерсайын Жаппасов осы саяжайға 10 жыл бұрын көшіп келген. Ол серіктестіктің бұрынғы басшысы Асылбек Қабесов тұрғындармен жақсы қарым-қатынас орнатқанын айтады.

– Біз алғаш осы жерге көшіп келгенде үйлер өте аз болды. Кейін жыл өте өзге азаматтар көшіп келіп, саяжай аумағы кеңейді. Серіктестіктің бұрынғы төрағасы Асылбек Қабесов халық арасында жүретін. Су немесе газ құбырларынан ақау шықса, басшы басы-қасында болатын.  «Бәлен қаржыны қалтаға басып, кетіп қалды» деп кейбіреулер оны қаралайды. Бірақ ол басшы болған кезде аса көп мәселе туындамаған. Қоқыс уақтылы тазартылып, жарық әрдайым жанып тұратын, – дейді Е. Жаппасов.

81a4e078-6013-4d1b-b4b1-5772bf209f02

«Зашаған» бау-бақша серіктестігіндегі тұрғындар саны қазір 12 мыңнан асады. Бүгінде мұндағы халық көгілдір отынның төлемін «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның өңірлік филиалына онлайн түрде өтеуде. Ендігі жарық, ауыз су, қоқыс мәселелері тезірек шешімін тапса дейді тұрғындар.

«Құс фабрикасының» мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Биыл да тұрғындар наразылығын білдіріп, көшеге жиналды. Бірақ  саяжай мәселесі шешімін таппай, сиырқұйымшақтанып созылып барады…

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале