ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне азаматтар қандай сұрақтар қойды?
2020 жылғы тамызда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріндегі қызметі қайта құрылымдауды/берешекті есептен шығаруды, оның ішінде Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының шарттары бойынша жүргізуді қоса алғанда, қарыз алушыларға кредиторлар тарапынан қосымша қолдау алуға жәрдем көрсетуге бағытталды.
2020 жылғы тамызда Агенттік қаржы ұйымдарының, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың, сондай-ақ коллекторлық агенттіктердің қызметіне байланысты жеке және заңды тұлғалардың 1161 өтінішін қарады, бұл 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 46,1%- ға (немесе 994 өтінішке) аз және өткен аймен салыстырғанда 26,4%-ға (немесе 417 өтінішке) аз.
Ағымдағы жылдың тамыз айында қаралған өтініштер санының төмендеуінің негізгі себебі коронавирустық инфекция пандемиясына байланысты енгізілген карантиндік шаралардың әлсіреуі болып табылады.
Өтініштердің ең көп үлесі банк секторына (банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар) тиесілі, ол өтініштердің жалпы санының 64%-ын құрайды. Қазақстан Республикасы заңнамасы нормаларының түсіндірмелерін және қаржы нарығының субъектілері немесе қаржылық көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратты ұсыну қаралған өтініштердің жалпы санының 27%-ын құрайды. Қалған бөлігі қаржы нарығының секторлары бойынша былайша бөлінген: микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша – 5%, сақтандыру нарығының субъектілері – 1%, бағалы қағаздар нарығының субъектілері – 2% және коллекторлық агенттіктер бойынша – қаралған өтініштердің жалпы санынан 2%.
Есепті кезеңдегі банк секторында өтініштердің өзекті мәселелері: кредиттер бойынша қосымша төлем мерзімін кейінге қалдыруды алу; берешекті қайта құрылымдау/қайта қаржыландыру (оның ішінде мемлекеттік бағдарлама шарттары бойынша) және кешіру; банк секторы бойынша нормативтік құқықтық актілердің нормаларын түсіндіру болды. Сақтандыру секторында сақтандыру төлемін жүзеге асырмау немесе сақтандыру төлемін толық көлемде жүзеге асырмау мәселелері қаралды. Микроқаржы секторында - ай сайынғы төлем мен ЖТСМ мөлшерін есептеудің дұрыстығын тексеру; микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді түсіндіру.
Коллекторлық агенттіктердің қызметі бойынша коллекторлық агенттіктер қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттері, коллекторлық агенттіктердің қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерін түсіндіру мәселелері қаралды.
Азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою мақсатында Агенттік ағымдағы жылғы 26 наурыздан бастап жедел желіні іске қосты (колл-орталық +7 (727) 2788 144 және +7 (727) 2788 122, электрондық пошта: [email protected] және [email protected]), ол арқылы халыққа консультация беріледі және жеке тәртіппен проблемалық мәселелер шешіледі. 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 22,2 мыңнан астам азаматқа түсіндірме берілді. Өтініштерде көрсетілген ең өзекті мәселелер: әлеуметтік төлемдерді алуға кедергі келтіретін шоттардағы шектеулер; кредиторлардың қарызды қайта құрылымдаудан, төлем мерзімін кейінге қалдырудан бас тартуы; кредиттік ұйымдардың ағымдағы төлемдерді жүргізу қажеттілігі туралы хабарламалары және міндеттемелерді орындамау, кредит тарихының нашарлауын қоса алғанда төлем мерзімін кешіктірудің салдары туралы ескертулері; кредитордың қызметін тоқтата тұру кезеңде сыйақыны есептеу; кредиторлардың кейінге қалдыру кезеңінде есептелген борыштың барлық сомасын бірыңғай төлеммен төлеу талаптары; төтенше жағдай кезеңінде, оның ішінде төлем мерзімін кейінге қалдыруымен тұтынушылар өтініш жасағаннан кейін міндеттемелерді орындау мерзімін кейінге қалдырғаны үшін өсімпұл мен айыппұлдарды есептеу.
Қазақстанның қаржыгерлерінің қауымдастығымен бірлесіп Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 мамырдағы №338 қаулысымен қабылданған Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарының шеңберінде жұмыс жүргізілуде. Тұжырымдаманы іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарының шеңберінде 2020 жылғы 25 маусымнан бастап «Fingramota Online» мобильдік қосымша іске қосылды, тамыз айында оны жүктеу саны 900-ден асты. Осы мобильдік қосымша арқылы азаматтардан мынадай тақырыптар бойынша сұрақтар келіп түсті: банктік кредиттер мен микрокредиттер бойынша төлемдердің мерзімін ұзарту, карточкаларды бұғаттан шығару, коллекторлық агенттіктермен өзара іс-қимыл жасау және т.б.
Қолданылған ықпал ету шаралары және санкциялар
2020 жылғы тамызда екінші деңгейдегі банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, сондай-ақ микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының анықталған бұзушылықтары бойынша Агенттік 5 қадағалап ден қою ұсынымдық шарасын, 57 шектеулі ықпал ету шарасын қолданды және жалпы сомасы 19 425 мың теңгеге 33 әкімшілік айыппұл салды. Оның ішінде мыналарға қатысты: банктер – жалпы сомасы 1 493 мың теңгеге 6 әкімшілік айыппұл, 4 қадағалап ден қою ұсынымдық шарасы; сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары – 1 қадағалап ден қою ұсынымдық шарасы; микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар – жалпы сомасы 17 932 мың теңгеге 27 әкімшілік айыппұл, жазбаша ұйғарым түрінде 56 шектеулі ықпал ету шарасы; коллекторлық агенттіктер – жазбаша ұйғарым түрінде 1 шектеулі ықпал ету шарасы.
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын негізгі бұзушылықтар: банктердің төлем құжаттарын орындауға, банктің «Call Center» операторларының дұрыс емес консультация беруге; жәбірленушіні (пайда алушыны) көлік құралына келтірілген зиян мөлшері туралы есеппен таныстырмауға; микрокредит беру туралы шарттарда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері көрсетілмеуіне, микрокредит беру шартының белгіленген талаптарға сәйкес келмеуіне; коллекторлық агенттіктің орналасқан жерінің өзгергені туралы Агенттікке уақтылы хабарламауға қатысты болды.
Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру барысы туралы
Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыруды 18 банк және 3 ипотекалық ұйым жүзеге асырады.
2004-2009 жылдар аралығында ипотекалық қарыз алған қарыз алушылардың жалғыз тұрғын үйін сақтап қалуға бағытталған Бағдарламаның бірінші бөлігі шеңберінде банктер 01.09.2020 жылы қайта қаржыландыру бойынша 176,6 млрд. теңге сомаға 28 311 өтінімді мақұлдады, 163,4 млрд. теңге сомаға 27 258 қарыз қайта қаржыландырылды, оның ішінде 2020 жылдың басынан бастап 5,2 млрд. теңге сомаға 608 қарыз қайта қаржыландырылды.
01.01.2016 жылға дейін берілген жеке тұлғалардың валютадағы ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыруды көздейтін Бағдарламаның екінші бөлігі шеңберінде банктер 01.08.2020 жылы қайта қаржыландыру бойынша 82,7 млрд. теңге сомаға 9 125 өтінімді мақұлдады, 69,1 млрд. теңге сомаға 7 789 валютадағы ипотекалық қарыз қайта қаржыландырылды, оның ішінде 2020 жылдың басынан бастап 4,6 млрд. теңге сомаға 381 қарыз қайта қаржыландырылды.
Бұдан басқа, банктер Бағдарламаның үшінші бөлігі шеңберінде қарыздары бұрын ХӘОТ санаты бойынша Бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландырылған ипотекалық қарыз алушыларға қарыз алушының берешегін азайту және жеңілдік берілген төлем кестелерін белгілеу түрінде қосымша көмек көрсету, сондай-ақ банктің балансындағы қарыз алушының жалғыз үйін оның меншігіне қайтару бойынша жұмыс жүргізуде.