21.11.2025, 11:15
Оқылды: 150

Қыста қай елге барған тиімді?

Құрметті редакция ұжымы! Мен қарбалас қамымен жазда қыдырып үлгермедім, еңбек демалысым желтоқсан айына түсіп тұр.  Қыста шетелге саяхаттағым келеді, бірақ жылы әрі қолжетімді бағыт іздеп жүрмін. Қай елдерге барған тиімді болады?  Қай жақта ауа райы жағымды, бағасы қолжетімді?  Осы сұрақтарға сала мамандарынан жауап алып берсеңіздер...

Сара Байниязова,

Орал қаласы

Редакциямызға оқырманымыздан осындай мәтінде хат келіп түсті. Жалпы, туризм тақырыбы бір-екі ауыз сөзбен айта салатын дүние емес. Сол себепті оқырман сауалына барынша нақты әрі толық жауап беруге тырыстық.

Мысырға  саяхат бағасын біле жүріңіз

Қылышын сүйретіп қыстың келетін алғашқы айында әлбетте суықтан «қашып», жылы жаққа барғың келеді. Оралдықтар жиі таңдайтын елдердің алдыңғы шебінде Мысыр (Египет) тұр. Оралдан Мысырға тіке рейспен ұшуға болады. «Әлем тур» туристік агенттігі берген ақпаратқа сәйкес, бұл жаққа қыдыру бағалары  екі адамға 1 аптаға 600 мың теңгеден басталады.

– Тарихы терең, табиғаты көркем, қысы жылы Египет – жыл-он екі ай бойы туристер легі толастамайтын елдердің бірі. Әсіресе қыс мезгілінде күн шуағын, теңіз тыныштығын аңсаған жандар үшін бұл бағыт таптырмас таңдау. Египеттің басты курортты аймақтары – Хургада мен Шарм-эш-Шейх.

Хургада – Қызыл теңіз жағалауындағы ең танымал демалыс аймағы. Мұнда жайлы қонақүйлер, түрлі су спорты, сүңгу және желкенді қайықпен серуендеу кеңінен дамыған. Қаланың орталығындағы шығыс базарлары мен теңіз өнімдеріне бай асханасы туристердің ерекше қызығушылығын тудырады.

Шарм-эш-Шейх – Синай түбегінде орналасқан сәнді әрі заманауи курорт. Теңіздің ашық түсі, маржан рифтері, таза жағажайлары бұл аймақты әлемдік деңгейдегі сүңгу орталығына айналдырған. Мұнда демалушыларға арналған түнгі ойын-сауық орталықтары мен сауда кешендері көптеп кездеседі, – дейді туристік агенттіктің директоры Мария Еркібаева.

Қыс айларында Египетте ауа температурасы шамамен +25°С шамасында сақталады. Сондықтан желтоқсан мен ақпан айлары – демалысқа шығуға ең қолайлы кезең.

Мәдени мұрасы мен табиғи байлығы қатар өрілген бұл елде пирамида мен Фараондар тарихын тамашалап қана қоймай, жылы теңізде шомылып, шынайы демалыстың ләззатын сезінуге мүмкіндік бар.

Фукуок – Вьетнамның інжу-маржаны

Вьетнам елінің Фукуок аралына да Оралдан тіке рейспен ұшуға мүмкіндік бар.

Вьетнамның оңтүстігінде орналасқан Фукуок аралы бүгінде Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең танымал демалыс бағыттарының біріне айналған. Табиғаты әсем, климаты жылы әрі жайлы бұл аймақ жыл бойы туристерді  қабылдайды.

15Фото: wikipedia.org

Фукуок – Кьен Зян провинциясына қарайтын арал. Мұнда теңіз жағалауының ұзындығы жүздеген шақырымға созылып, ақ құмды жағажайлар, көгілдір су мен тропикалық ормандар ерекше үйлесім тапқан. Аралдың ұлттық саябағы – табиғатты сүйетіндер үшін таптырмас орын. Мұнда сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар мекендейді.

– Келушілер үшін Фукуок тек жағажай демалысымен шектелмейді. Туристер маржан рифтерін тамашалап, сүңгу, қайықпен серуендеу, күн батар сәтін көру сияқты түрлі белсенді демалыс түрлерін таңдай алады. Сондай-ақ аралдың түнгі базарлары, балық соусы мен бұрыш өндіретін фермалары ерекше қызығушылық тудырады. Құрғақ маусым желтоқсан мен наурыз айларының аралығында өтеді. Дәл осы уақытта аралда ауа райы жылы, теңіз тынық, саяхатқа ең қолайлы кезең саналады. Бұл жаққа Оралдан екі адамға 10 күнге демалу құны 1 миллионнан басталады, – дейді туризм саласында 17 жыл жұмыс істеп жүрген Мария Салауатқызы.

Түркия – демалыстың әмбебап бағыты

Түркия көбіне жазғы демалыспен байланысты ел ретінде белгілі. Дегенмен бұл елдің қысқы келбеті де ерекше. Қар басқан таулар, жылы жағалаулар, тарихи қалалар мен шығыстық мәдениет – барлығы саяхатшыларға  жаңа  әсер  сыйлайды.

Қыста Түркияның бірнеше аймағы туристерге қолайлы демалыс ұсынады.

Анталия – жылы ауа райымен ерекшеленетін ең танымал қыстық бағыттардың бірі. Қаңтар-ақпан айларында ауа температурасы +15–18°С шамасында. Теңіз суы салқын болғанымен, қалада серуендеу, тарихи орындарды аралау және демалыс қонақүйлерінде тынығу үшін өте қолайлы. Көптеген қонақүй қысқы маусымда жеңілдіктер ұсынады.

Каппадокия – Түркияның ең ерекше аймақтарының бірі. Қыста қар жамылған тастар мен әуе шарлары аймаққа ертегідей көрініс береді. Турист аз, ауа таза, тыныштық пен шабытқа толы саяхат жасауға мүмкіндік мол.

Улудағ (Бурса маңы) – қысқы спорт әуесқойларының мекені. Мұнда тау шаңғысы, сноуборд және қыстық демалыстың барлық түрі қолжетімді. Улудағ Стамбұлдан небары 3–4 сағаттық жолда, сондықтан көлік қатынасы ыңғайлы.

Ал енді Стамбұл – қыс мезгілінде ерекше әсер сыйлайтын қала. Теңіз самалы мен көне шаһардың үйлесімі, қар жамылған күмбездер мен мұнаралар, Босфор жағалауындағы жылы шай – барлығы ерекше атмосфера тудырады. Қаңтарда ауа температурасы шамамен +8–12°С, яғни серуендеуге жайлы. Қыста турист аз, бағалар төмен, мұражайлар мен тарихи  орындарға  емін-еркін  кіруге  мүмкіндік  бар.

Қысқы маусымда Стамбұлда үлкен жеңілдіктер басталады, ал түрік асханасының ыстық тағамдары мен хош иісті кофесі саяхатқа жылылық сыйлайды.

– Қыс айларында Түркияға Оралдан тіке ұшу мүмкін болмайды. Ол үшін Атырау, Ақтөбе қалаларына көлікпен жетіп, сол қалалардан Стамбұлға билет алу керек. Бірнеше әуе компаниялары осы уақыттарда жеңілдіктер ұсынып жатады. Тур бағалары шамамен 500-600 мың шамасында, – дейді маман.

Ал жаз айларында Анталияға Оралдан тіке ұшуға билеттер жаппай сатылады. Бұл – чартерлік билеттер. Яғни тұрақты емес, тек демалыс маусымында ғана арнайы тапсырыспен орындалатын рейстер. Ол кезеңдерде билет бағасы 30 мыңнан басталады. Өз бетімен саяхаттай алатын саяхатшыларға  бұл  керемет  мүмкіндік.

Қорыта айтқанда, Орал қаласынан қыс мезгілінде баратын елдердің тізімі осындай. Ал егер Алматы немесе Астана қаласынан ұшамын десеңіз, бұл тізімді ұзын-сонар етіп жалғай беруге болады. Ел-жер көру – адамның көкірек көзін ашып, танымын молайтады, мәдениетке тәрбиелейді. Сондықтан саяхатқа қанша қаржы жұмсасаңыз да, ол – сіздің ішкі әлеміңізді байытуға, көңілдің көкжиегін кеңейтуге жұмсаған  сәтті  инвестицияңыз.

Жанерке Ғинаят,

Орал қаласы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале