Rail-news.kz басылымының хабарлауынша, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ еншілес компаниясы — «KTZExpress» АҚ Чунцин (Қытай) – Достық (Қазақстан) – Ворсино (Ресей) халықаралық бағыты бойынша жеңіл автомобильдерді мамандандырылған контейнерлерде пилоттық тасымалдауды іске асыруда.

Фото: rail-news.kz
Жоба China Railway Container Transport Corporation (CRCT), Yuxinou (Chongqing) Logistics Co., Ltd және «KTZExpress» АҚ компанияларының өзара ынтымақтастығы аясында ұйымдастырылды. Мұнда Yuxinou компаниясы пойызды жөнелтуге жауапты болса, KTZExpress 1520 мм теміржол желісі бойынша тасымалды экспедициялауды қамтамасыз етеді.
Пойыз құрамына автомобиль тасымалына арналған 55 мамандандырылған, 40 футтық контейнер енді. Осы рейс арқылы Changan маркалы 182 жеңіл автокөлік жеткізілуде.
Жобаның басты ерекшелігі — жүк көтергіштігі 35 тонна болатын, жеңіл көліктер үшін арнайы әзірленген жаңа әмбебап контейнерлердің қолданылуында. Бұл логистикалық шешім тасымал тиімділігін арттырып, жүктің жол бойында бүлінбей, қауіпсіз сақталуын қамтамасыз етеді. Сынақтан өтіп жатқан бұл пилоттық тасымал Қытай – Ресей бағытындағы дайын автомобиль логистикасын дамытып қана қоймай, Қазақстан мен Еуразия елдері арасындағы көлік байланысын нығайтуға септігін тигізеді.