11.05.2021, 9:16
Оқылды: 46

Қыздарымыз жарап тұр

25-29 сәуірде Алматыда жеткіншектер арасындағы байдарка мен каноэ есуден ел чемпионаты өтті. Оған республикамыздың он өңірінен 180 спортшы қатысты. Бұл сайыста жақсы өнер көрсеткен БҚО құрамасы 18 медаль алса, оның 7-еуі алтын, 8-і күміс, қалғаны – қола.

 кыздарымыз жарап тур

Батысқазақстандықтар 200, 500, 1000 және 5000 (марафондық дистанция) метр қашықтықтарда сынға түсіп, намысты қолдан берген жоқ. Мәселен, марафондық жарыста оралдық байдарка есуші Екатерина Казанинамен ешкім теңесе алған жоқ. Катя өзге қашықтықтарда да үздік болып,  екі алтын медальді иеленді. Каноэдан Мария Бровкова да түрлі қашықтар бойынша чемпион атанды.

Қоржынға алтын салғандардың ішінде байдарка есушілер Аяулым Жанболат пен Вероника Куликова да бар. Ал Роман Кузничов пен Гүлхандиана Есетоваға күміс алқа бұйырды.

Чемпионат қорытындысы бойынша Мария Бровкова мен Екатерина Казанина еліміздің жеткіншектер құрамасы мүшелігіне үміткер ретінде таңдалды. Көп кешікпей олар Ыстықкөлде өтетін оқу-жаттығу шараларына барып, сол жерде халықаралық сайыстарға қатысуға мүмкіндік беретін іріктеуден өтеді.

Айта кетейік, Антонина Казанина мен Мария Бровкова 19-24 сәуір аралығында Алматыда болған ересектер арасындағы ел чемпионатында бақ сынады. Екеуі де қола жүлдегер атанды.

– Егер соңғы бес жылға талдау жасасақ, нәтижеміз жаман емес. Ер балаларға қарағанда қыздарымыз жақсы нәтиже көрсетуде. Дильназ Алмағамбет, Антонина Казанина, Аяулым Жанболат, Наталья Донскова, Мария Бровковалар төккен терлерінің жемісін көруде. Олар Қазақстан, Азия чемпиондары мен жүлдегерлері атанды. Тіпті әлем чемпионатында мықты спортшыларға лайықты қарсылас болып, финалистер сапынан көрінді. Егер қолдау болмаса, қаржыландыру мәселесі уақтылы шешілмесе, мұндай жетістікке жетуіміз екіталай. Сол себепті БҚО дене тәрбиесі және спорт басқармасы басшылығына өз ризашылығымызды білдіреміз, - дейді каноэ, байдарка және академиялық есуден БҚО федерациясының президенті  Юрий  Казанин.

 

Мәди Ықылас,

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале