26.08.2025, 15:15
Оқылды: 250

Қызметіне адал Анна

«Батыс Қазақстан  облысының  жер  қатынастары  басқармасы»  мемлекеттік  мекемесінің  жерге  орналастыру  және  жер  кадастры  бөлімінің  бас  маманы  Анна  Ширшова  жас  болса  да,  өз  ісінің  білгірі,  ізденімпаз  әрі  қарапайым  болмысымен  әріптестері  арасында  құрметке  бөленген  маман. 

 

WhatsApp Image 2025-08-26 at 15.49.53

Анна Владимирқызы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетін кадастр мамандығы бойынша бітірген. Бөлімнің бас маманы қызметіне 2022 жылы тағайындалды. Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметке келгеніне алты жылдан асты. Еңбек жолын Теректі аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы  болып  бастаған.

Әріптесімнің қызметтік міндеттеріне облыс аумағында жер қатынастары саласындағы функцияларды жүзеге асыру және жер қатынастарын реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру кіреді. Ол алға қойылған міндет-мақсаттарға жету үшін өз өкілеттігін жүзеге асыру барысында Қазақстан Республикасының заңнамалық және заңға тәуелді актілерін сауатты түрде басшылыққа алады.

Жыл сайынғы облыс бойынша есепті (жер балансын) мұқият тапсырады. Облыс әкімінің 2024 жылғы 10 мамырдағы №106 өкіміне сәйкес конкурссыз берілген жер учаскелерін заңдастыру жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына мүдделі мемлекеттік, құқық қорғау құрылымдарының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері енді. Жалпы, облыс бойынша конкурссыз берілген жер учаскелерін заңдастыру жөніндегі арнайы комиссияның 11 отырысы өткізілді.  2003-2018 жылдары берілген барлығы 8286 жер учаскесі комиссия отырыстарына шығарылды. Соның 6353 жер учаскесі заңдастырылды, 1870-і  мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал 34 жер учаскесі бойынша нұсқама беріліп, 2 жер учаскесі бойынша мұрагерлік процедуралардың жүруіне байланысты басқармамен (бөліммен) қосымша мониторингке алынды. Сонымен қатар 27 жер учаскесі бойынша материалдар тексерілу сатысында. Айтайын дегенім, осындай қыруар шаруаның уақтылы әрі сапалы атқарылуында Анна Владимирқызының қосқан еңбегі зор. Ол комиссия жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді, материалдарын дайындайды. Өз міндетін асқан ыждағаттылықпен  орындайды.

А. Ширшова өз мамандығын терең меңгерген, білімді және әрқашан өз саласындағы соңғы жаңалық-өзгерістерден хабардар болып отырады. Оның бойында салиқалы іскерлік келіссөздер жасау дағдылары бар. 2022 жылы «Стратегиялық даму және проблемалық шығармашылық»   бағдарламалары бойынша мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру курсында оқып, оны сәтті аяқтады. Әріптесім ұжымда  сыйлы, өзін әдепті ұстайды. Ылғи ізденіп, өзіне қатаң талап қояды.

Қызмет барысында бірнеше рет Батыс Қазақстан облысы әкімінің, Теректі ауданы әкімінің және Батыс Қазақстан облысының жер қатынастары басқармасы басшысының грамоталарымен марапатталған. Мемлекеттік қызметте Анна Ширшова сынды өз ісіне адал қызметкерлердің қатары толыға берсе екен дейміз.

Әлия Халидуллина,

мемлекеттік қызмет көрсету, 

геоақпараттық мониторинг және 

әкімшілік-талдау бөлімінің бас  маманы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале