10.10.2022, 11:15
Оқылды: 50

«Қызыл әтеш» үйлерге үйір

Тоғыз айдың ішінде облыста 395 өрт оқиғасы тіркелген. Тілсіз жаудың кесірінен 5 адам қаза тауып, 5 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда өрт оқиғасы 2%-ға өскен.  

ЧС-брифинг

Қыркүйектің 13-інде Бәйтерек ауданының «Факел» бақша серіктестігіндегі тұрғын үйде жиналған газ ауа қоспасы жарылған. Ауданы 30 шаршы метр жазғы ас үй, ондағы заттар мен мүлік жанған. Құтқарушылар оқиға орнынан алып шыққан 1960 жылғы әйел адамды жедел медициналық жәрдем бригадасы Орал қаласының көп салалы ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізген. Әйелдің денесін 3-дәрежелі термиялық күйік шалыпты. Жалпы жыл басынан бері облыстағы өрт оқиғасының басым көпшілігі тұрғын үй секторына тиесілі. Яғни 237 өрт үй-жайларда тұтанған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ернұр Өтегенов баяндады.

– Осы жылдың 3-тоқсанында жылумен және энергиямен қамтамасыз ететін мекемелерді тексергенде 8 нысанда өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуға қатысты 27 дерек анықталды. Сол үшін үш заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 229725 теңге айыппұл салынды. Жылыту маусымында тұрғын үй секторындағы өрт пен тұрмыстық газбен улану күрт артады. Соңғы үш жылда  3 адам табиғи газдан зардап шегіп, қайтыс болды. Ал 33 адам түрлі дәрежеде уланған. Мәселен, былтыр қаңтарда Тасқала ауданы орталығының тұрғыны асүйдегі табиғи газбен жылытылатын пештен шыққан газбен уланып, көз жұмды. Пештің мұржасы бітеліп қалғаны анықталды. Сондықтан қауіпсіздік шараларын қатаң сақтайық. Пештерді, газ қондырғылары мен электрмен жылытатын құралдарды тексеріп тұрған жөн. Департамент қызметкерлері жылына екі рет үйлерді аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіреді. Іс-шара барысында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларға ерекше назар аударады. Олар осы санатқа жататын 1214 отбасын есепке алды,  – деді Ернұр Сапарұлы.

Төтенше жағдайлар қызметкерлері жылыту маусымына дайындықты 15 тамызда бастаған.  Олар тексеріс жүргізген кезде 1233 үйдің 705-і өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғанын анықтаған. «Үйлерде улы газдың артқанын білдіретін датчиктер орнату – қайғылы оқиғалардың алдын алудың  бір жолы», –  дейді ол. Соңғы үш жылда үйлерге әкімдіктер мен демеушілердің есебінен 1094 датчик орнатылыпты.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале