Мен – Сырым ауданына қарасты Жосалы ауылының тумасымын. Жұбайым Асланбек те осы ауылда туып-өскен. Бірақ анасы жұмыс бабымен 2001 жылы Қызылағаш ауылына көшіп барады. Екеуміздің тағдырымыз осы өлкеде қосылды. 11 жыл келіндік өмірім өткен Қызылағашымды сағынамын...
Қызылағаш ауылындағы шаңыраққа келін болып түскен күнімді ұмыта алмаймын. Қарапайым тіршілігі мен кеңпейілді адамдары бар бұл ауылдың жылылығы мені бірден баурап алды. Болмысы бөлек бұл мекенде әр көше топырақты жолдармен тоғысып, бір-бірімен үндесіп жататын. Алыстан қараған жанға шағын ғана ауыл көрінгенімен, оның әр бұрышында қайнаған тіршілігі, тасыған берекесі бар.
Қызылағаш ауылына алғаш келгенімде бәрі маған таңсық әрі ерекше көрінді. Қызылағаш ауылы Орал – Сырым бағытындағы тасжолдан тоғыз шақырым ғана қашықтықта жатыр. Қар еріп, жаңбыр жауған сәттерде тоғыз шақырым жердегі тасжолға жетудің өзі арман еді. Суды шелекпен құдықтан тартып, үйге таситынмын. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, жаз мезгілінде көмір мен қиымызды дайындап, қыс түскенде пешке от жағып, мұржалы үйдің түтінін түтететін едім. Бәрі де – ауыл тіршілігінің ажырамас бөлігі. Осы тіршілікке араласа жүріп, келіндік өмірімнің шынайы болмысы мен қадір-қасиетін түсіне бастадым.
Ауылда үш негізгі мекеме болды: мектеп, кітапхана және медициналық пункт. Әр мекеме ауыл өмірінің маңызды бір бөлшегі. Мен Қызылағаш ауылындағы кітапханада кітапханашы болып қызмет істедім. Бұл менің алғаш еңбек жолым еді, мұнда өткен әр уақытым есте. Сегіз жыл бойы кітапханада кітапханашы болып, ауылдың үлкен-кішісіне қызмет еттім. Ауыл балаларын білімге, оқуға жетелеп, олардың ой-саналарына өмірлік азық бере алдым деп ойлаймын.
Қызылағашта өткізген әр күнім естен кетпес естеліктер мен өмірлік сабақтардан құралды. Ауылдың адамдары бір-біріне бауыр, бір-біріне қамқор. Олардың дархан мінезі мен шынайылығы маған демеу болды. Әр көшенің бойында татулық пен еңбек тынысы есіп тұратын.
Қызылағашта 11 жыл тұрып, отбасыммен бірге осы ауылдың бір бөлшегіне айналдым. Алайда уақыт өте келе, жұмыс бабымен Сырым ауданының орталығына көшуіме тура келді. Бұл шешім оңайға соқпаса да, Қызылағашқа деген сағынышым мен ризашылығым жүрегімде мәңгі сақталып қалды.
Қызылағаш – тек еңбек етіп, тіршілік жасаған жерім ғана емес, туған жерімдей болған ыстық мекен. Оның әр көшесі, тоғыз шақырым жолы, құдықтан алынған суы мен мұржадан шыққан түтіні жанымның тереңінде ұмытылмас естелік болып қалды. Ара-тұра сол ауылға барып, таныс жерлерді аралап, құдық басында уілдеген желді сезініп, әр үй маңындағы күлкіні естіп, ауыл адамдарымен әңгіме-дүкен құру – жаныма ерекше жылу сыйлайды.
Ауылға әр барған сайын өткен күндердің тәтті естеліктері ойыма оралады. Қызылағаштың топырағын басып, таза ауасын жұтып, жайсаң жандарымен қайта қауышқан сайын, керемет әсерге бөленемін.
Көркем Қайырбекқызы,
М. Есламғалиұлы атындағы аудандық ОКЖ-ның
әдістемелік-библиографиялық бөлімнің меңгерушісі,
Сырым ауданы