Қызылордада ғалымдар көкөніс және бақша дақылдарының өнімділігін арттыруға бағытталған инновациялық жоба жасақтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Инновациялық жоба топырақ құнарлылығын жақсартуға бағытталған. Атап айтқанда, күріш қалдықтарын қайта өңдеу кезінде алынатын биотыңайтқыш картоп, сәбіз, қызанақ, қияр, қауын және қарбыз секілді көкөніс және бақша дақылдарының өнімділігін арттырады.
«Бұл жоба алдағы уақытта өндіріске енгізіледі. Зерттеу жұмысын университеттің инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі, химия ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Ахатаев бастаған ғалымдар жүргізді. Ол өсімдіктерді қорғау құралдарын, биотыңайтқыштар әзірлеу, топырақтың құнарлылығы мен сипаттамаларын жақсарту саласын зерттеп келеді. Қазіргі таңда 70-тен аса ғылыми жұмысы бар», - деп жазылған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің хабарламасында.
Ғалымдар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұйымдастырған агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инновациялық жобалар конкурсына қатысқан болатын. Байқау нәтижесінде университеттің екі жобасы 32 млн теңге қаржылай қолдау тапты.
Жаңа жобаны Қармақшы ауданы Тұрмағанбет ауылындағы серіктестік қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр.
Еске сала кетсек, шымкенттік жас ғалымдар қанттан да тәтті өнім беретін өсімдік екті.