28.11.2023, 9:30
Оқылды: 17

БҚО-да қызылша дертіне шалдыққандардың саны күрт көбейіп жатыр

Өңірімізде қызылша дертіне шалдыққандардың қарасы күн санап күрт көбеюде. Аталмыш ауруды жұқтырғандардың дені – балалар. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген баспасөз мәслихаты барысында Батыс Қазақстан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев айтты.

06e5509a-6f24-4ec8-a582-c6fb9d965f82

Фото: pexels.com

Қызылша ауруының салдары ауыр. Бұл дерт ауа тамшылары арқылы тез жұғып, қатты асқынуы мүм-кін. Бүгінде облыс бойынша күрделі жағдай Бөрлі, Сырым аудандары мен Орал қаласында тіркеліп отыр. Қаладағы 15 балабақша мен 16 мектепте ауру ошағы анықталды. Аурудың өршуінің басты себебі – екпеден бас тарту. Осыған байланысты дәрігерлер ұлттық екпе күнтізбесін жариялап, биылғы жылдың 6 қарашасынан бастап қызылшаға қарсы жаппай иммундау басталды. Биыл 50 500 адамды вакциналау жоспарланды. Қараша айында 3600 бала егілуі керек болса, қазіргі уақытта тек 2000-нан астамы ғана екпе алған. Аурудың алдын алу мақсатында эпидемиологиялық іс-шаралар атқарылуда, – дейді Мұхамғали Қайыржанұлы.

Мамандардың айтуынша, өңірімізде жыл басынан бері 261 адам қызылшаға шалдыққан. Оның 179-ы, яғни 68,5%-ы – балалар. Бұған қоса жүкті әйелдер арасында да сырқаттану дерегі жоғары.

Қызылша жылдам таралатындерт болғандықтан, ол миға, өкпеге қатты зақым келтіреді. Сол себепті дәрігерлер вакцинацияның маңыздылығын айтып, дабыл қағуда.

 – Қызылша соңғы айларда қарқын ала бастады. Қазіргі таңда ауруханада 62 науқас ем-дом қабылдауда. Оның 20-сы ересек адамдар болса, қалғаны балалар. Он айлық сәбидің жағдайы ауыр. Сондай-ақ бүгінге дейін аяғы ауыр алты әйел ауру жұқтырып, үшеуі стационарда емделуде. Жүктілік кезіндегі қызылша ауыр асқынуларға әкеліп соғуы мүмкін. Кейбір жағдайда балалар туабітті ауру-сырқаумен өмірге келеді.

Күні бүгінге дейін облыстағы вакцина егу көрсеткіші 95 пайызды құрады. Осыған байланысты аймақтағы эпид-ахуал басқа өңірлерге қарағанда тұрақты. Дегенмен екпе алудан бас тартушылардың қарасы күннен-күнге көбейіп, аурушаңдық деңгейі екі есе артты. Тұрғындар көп жағдайда қандай да бір көзқарастарына, діни сенімдеріне байланысты және вакцинацияға сенімсіздіктен екпе алмайды. Алайда қызылшаны ауыздықтаудың тиімді жолы – екпе алу. Дерт асқынған жағдайда пневмания, энцефалит, тыныс алу жолдарының ауруларына әкеліп соғуы мүмкін. Сол себепті біз ата-аналарды вакцинациядан бас тартпауға, әсіресе, қызылшаға қарсы екпе алуға шақырамыз. Себебі кез келген вакцинация балаларға иммундық жүйені көтеруге мүмкіндік береді, – дейді денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Айнаш  Жұбанышқызы.

Қызылша жұққанда денеге қызыл бөртпе шығып, ол іріңдеп жазыла бастайды. Ауырған баланың жағдайы нашарлап, интоксикация, жөтел күшейеді. Жедел асқынатын, аса жұқпалы вирустық инфекция ауа арқылы таралады. Қызылшаға шалдыққан баланың дене қызуы 38-40℃-қа дейін көтеріліп, мұрны, көзі, тамағы қабынады. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының басшысы Надия Ахметова қазір бұл кеселдің ауыр түрде өтіп жатқанын тілге тиек етті.

– Бұрын қызылша суық тию, тұмау белгілерімен басталатын болса, қазіргі науқастарда өкпе қабынуының белгілері байқалады. Ал бөртпе 5-10 тәулік аралығында ғана пайда болып жатыр. Сол себепті қызылшаны бірден анықтау қиынға соғуда. Осы уақытқа дейін 246 науқас ем-дом алды. Оның ішінде 72 ересек адам бар. 50 жасқа дейінгі адамдардың ағзасы қызылшаға әлсіз болып келеді. Сондықтан бұрын қызылшамен ауырмаған, қызылшаға қарсы егілмеген немесе бір рет егілген ересектер 35 жасқа дейін егіледі. 55 жасқа дейінгі тәуекел тобына жататын ересектер де вакцина алуы тиіс, – деген Надия Абрикқызы қызылшаның вакцинадан «қорқатын» ауру екенін айтып, халықты жаппай  екпе  алуға  шақырды.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале