Иордания астанасы Амман қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтті. Біздің елдің бұрымды палуандары бір алтын, бір қола еншілеп, жалпы есепте бесінші орынға тұрақтады. Алтынды Жәмила Бақбергенова жеңіп алса, қола медаль оралдық Зейнеп Баяноваға бұйырды.
53 келі салмақта сынға түскен Зейнеп кіші финалда моңғолиялық Отгонтуя Чинболдты жеңді. Осылайша Баянова монғол қызына кеткен есесін қайырды. Өйткені былтыр Амманда өткен 23 жасқа дейінгі қыздар арасындағы құрлық бәсекесінің жартылай финалында және Албания астанасы Тиранада 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатының қола медаль үшін айқасында Чинболд біздің қыздан айласын асырып кеткен еді.
Зейнеп Баянова 2003 жылы ақпанның 24-і күні Ақжайық ауданындағы Чапаев ауылында жарық дүниеге көрінген. Оған күрес әліппесін Руслан Хамзин үйретті. Кейін облыстық дарынды балаларға арналған спорт интернатына оқуға түсіп, шеберлігін одан әрі шыңдай түскен. Қазіргі таңда Мұсабек Нарегеевтің қол астында жаттығады. 2019 жылы U17, 2023 жылы U20 және 2024 жылы U23 санатында Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2022 жылы U20 санатында Азия біріншілігінің күміс жүлдегері атанса, 2022, 2023 және 2024 жылдары U20 және U23 санаттарында әлем чемпионаттарында бесінші орын иеленді.
Спортпен бірге білімді қатар алып жүрген Зейнеп былтыр Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін тәмамдады. Алдына үлкен мақсат қойған ол Олимпиада чемпионы болуды армандайды.
Түгелбай Бисен