13.02.2024, 13:00
Оқылды: 12

Лудомания да қауіпті

«Лудомания дерті: проблемалар мен шешу жолдары, профилактикасы» атты тақырыпта Оралдағы №47 мектепте колледж һәм білім ұялары басшылары, педагог-психологтер және әлеуметтік педагогтердің қатысуымен жиын өтті.

IMG_3953

Мұндағы мақсат – өткен жылы тәуелділік ауруларының халықаралық жіктемесіне енген аталмыш «дерттің», яғни құмар ойындарға әуестіктің алдын алу болып табылады. Жасыратыны жоқ, кейінгі кезде лудомания өрісі кеңейіп, жастар мен жасөспірімдер де онымен «улана» бастаған. Әрі қазіргі зерттеулер қорытындысы әлем тұрғындарының 12,5%-ы осы «ауруға» шалдыққанын көрсетіпті. Мұны жиын мінбесінен облыстық білім басқармасының тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Фарида Сүлейменова айтты.

IMG_3945

Иә, қоғамды алаңдатқан мұндай кеселдердің тамырын ерте қиып, жолына тосқауыл қоймаса, ертең талайдың тағдырын талқандауы ғажап емес. Осы мақсатта ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау комитеті нақты іс-шаралар жоспарын бекітіпті. Бұл күнгі басқосуға Астанадан ат арытып жеткен құрметті мейман, жазушы-публицист Жан Ажанов аталған тақырып төңірегінде өз ой-толғамдарын ортаға салып, бірқатар мәселеге жиналғандар назарын аударды. Оның айтуынша, отбасы тәрбиесінен кеткен олқылықтар соңы осындай жайға ұрындыратын көрінеді. Ерлер былай тұрсын, бүгінде әйел адамдардың 30%-ы түрлі құмар ойындарға бой алдырған.

– Жалпы лудомания – материалдық  және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық сырқат десек болады. Латын тілінен аудармасы – ойыншы адам. Бұдан бөлек кейінгі кезде жасырын казинолар мен ақшалы ойын аутоматтарының қарасы артты. Бұлардың бәрі әсем рәсімделгендіктен, жеңіл ұтыс пен пайдақұмарлыққа еркін жол ашуда. Айта кетелік, ХХ ғасырдың 70-90-жылдарында Англияда, АҚШ-та, Канадада аталған ойын түрі халықтың бір бөлігіне қауіп-қатер төндірген әлеуметтік мәселеге айналғаны белгілі. Тіпті оған қатысушылардың дені алкоголь немесе өзге де психобелсенді дүниелерді тұтынатыны дәлелденген. Демек, мұндай кезде аддиктивті мінез-құлықтың комбинирленген формалары іске қосылатыны айқын. Сол арқылы олар бір мезеттік жалған «табысқа» алданып, біртіндеп бойларында тәуелділік түзіледі. Арғы жағы түсінікті, – деген Жан Мұхарапұлы әлдебір спорттық ойындарға бәс тігу деген пәленің де мақсаты сол ақша жинау, жұртты желіктіру, ақыр аяғында алдап соғу екеніне тоқталды. Бұдан бұрын облыстық полиция департаментінде болған кезде біздің өңірдегі жағдайдың тұрақтылығына көз жеткізгендігін де тілге тиек етті.

Сондай-ақ жиында Балалар құқықтарын қорғау комитеті дайындаған жол картасы негізінде келешекте аймаққа танымал тұлғалар мен сарапшы мамандардың қатысуымен «Қақпан» атты аймақтық бірыңғай сынып сағаттары өтетіндігі сөз болды.

Оқушыларды компьютерлік ойындардан ерте сақтандыру бағытында көркем және деректі фильмдер көрсетілімі ұйымдастырылып, интеллектуалдық ғылыми жобалар марафоны да жүрмекші. Ал енді «Бала лудоманиясы: ата-аналар әрекеті» атты жоспарлы шара мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп жүзеге асырылмақ.

Бала жанының бағбандары бас қосқан кездесу соңы сұрақ-жауапқа ұласып, жекелеген ұстаздар күн тәртібіне орай өздерін мазалаған жайларды қозғады. Рас, бүгінде ғаламтор мен әлеуметтік желіден жас буын дұрысын да, бұрысын да санасына «тоғытып» жатыр. Ана заманда дана Абай: «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» десе, қазіргі балалар талғам таразысынан өтпеген небір нәрселерді интернеттен оқитын болды. Тек одан үйренгендері қайсы, мәселе сонда...

 

Бауыржан Махутұлы,

«Орал өңірі»

Фото: М.Салық

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале