29.12.2020, 17:46
Оқылды: 37

Мәдениет қызметкерлерін марапаттады

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков облыстағы зиялы қауым өкілдерімен, мәдениет саласының  үздіктерімен кездесті.

 20201229_122521

Шаһар әкімі өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуда, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеудегі сала қызметкерлерінің зор үлесін атап өтті. Сонымен бірге облыс мәдениетінің дамуында Орал қаласындағы мәдениет ошақтары қызметінің алар орны ерекше екеніне тоқталды. Жаңа жылда әр отбасының амандығын тілеп, сала мамандарының жаңа белестерді бағындырып, жетістікке жетулерін тіледі.

Сөз алған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев бөлімнің бір жыл бойы атқарған жұмыстары жөнінде баяндады. Аталмыш бөлімнің құрамында орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, қалалық мәдениет және демалыс саябағы, жастар мәдениет үйі, мәдени-ағарту бірлестігі бар. Карантин кезінде мәдени-көпшілік шараларды өткізу бағыты өзгеріп, онлайн режимге көшті. Жалпы наурыз айынан бері шаһарда әр түрлі 632 іс-шара өтіпті. Солардың ішінде Жеңістің 75 жылдығына орай атқарылған  ауқымды жұмыстар бар.

20201229_122714

– Есімдері  тарих қойнауынан орын тепкен бабалардың ерлігіне тағзым ететін бірден-бір орынға айналған Жеңіс алаңы жөнделді. «Тыл еңбеккерлеріне тағзым» барельефі орнатылды. Кіреберіс аркалар жаңартылып, тарихи деректер жазылған  ақпараттық пилондар орнатылды. Жас ұрпақты патриотизмге баулып, Отанға, соғыс ардагерлеріне деген құрмет сезімін арттыру  мақсатында ашық аспан астындағы  әскери техникалар экспозициясы жасақталды,  - деген Серік Ерболатұлы әрбір мәдениет ошақтарында өткен іс-шараларға тоқталды.

«Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ БҚО филиалының төрағасы Айдар Батырханов, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның  еңбек сіңірген әртісі, режиссер Сердеш Қажымұратұлы және мерекелік жиындағы өзге де қонақтар шаһардың күн санап көркейіп келе жатқанын атап өтіп, осы бағыттағы ұсыныс-пікірлерін айтты.

Мәселен, әр саланың үздіктерін анықтап, Наурыз мейрамында марапаттау, салынып жатқан мәдениет сарайының алдына атақты әнші-термешілердің бюстін қою, жаңа ықшамаудандарда кітапханалар ашу деген секілді басқа да ұсыныс-пікірлерін шаһар әкімінің назарына салды. Шаһар әкімі қаланы көркейту жолында тың жұмыстар қолға алынып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескерілетінін айтты. Кездесу соңында  Абат Абайұлы кеш қонақтарына жаңажылдық сый-сияпат табыс етті.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале