23.05.2022, 10:30
Оқылды: 44

Мәдениетке арналған 44 жыл

Сағаттар зулап, күнге түн жалғасып, айлар жылжиды. Солармен бірге ізім-ғайым жоғалудан сақтайтын еңбек қана! Өнер шыңы сағым сияқты. Жақындасаң, алыстай береді. Сол жолда ел мәдениетін аспандатуды мақсатқа алған адамның тіптен шаршамайтыны анық. Өйткені жан дүниеңді кезген ойлармен, толғаныстармен сырласамын деп жүргенде, уақыттың қалай өткенін байқамай да қаласың. Иә, 44 жыл осылайша сырғыпты... Есенкелді Ғарифоллаұлының 44 жылы...

2

1957 жылы 18 сәуірде Қаратөбе ауданының Қоскөл ауылында өнерлі отбасында дүниеге келген ол 1974 жылы туған жеріндегі орта мектепті тәмамдағаннан кейін Шұбартау жастарының бастамасымен «Рауан» комсомолдар бригадасында жұмыс істеді. Бір жылдан соң  әскерге аттанды. Сол кезде Жайық өнерінің дамуы жолында тер төгіп, жан қалауының орындалуы үшін батыл қадамдарға баратынын білген жоқ. Мұхит Мерәліұлы мен Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерін тыңдап өсті. 1980 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін «Ұлт аспаптары оркестрінің жетекшісі» мамандығы бойынша үздік бітірді. Аталмыш оқу орнында ұстаздық етті. Көп ұзамай кіндік қаны тамып, кір-қоңын жуған ауылындағы мәдениет үйіне көркемдік жетекші болатынын да сезбеді. Директор лауазымына көтерілемін деп ойламады да. Ол жай ғана баян аспабын жақсы көрді...

Клавиштері төрт қатарлы сырнайын құшақтап, ескі әндерді жаңғырта бастады. Ауылдық мәдениет үйінде қызмет атқарған кезінде «Ауыл әуендері» ансамблін құрды. Ансамбль алыс-жақын облыс, аудандарды аралап, 1983, 1987 жылдары Мәскеуде өткен бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінде жүлдегерлердің қатарынан көрінсе, Астраханьда оздырылған фольклор мерекесінде үздік өнер көрсетті. Бір мекемеде қызмет атқаратын өнер адамдарынан құралған өнер ұжымы сол жылдары халықтық атағын қорғады. Ансамбльдің репертуарында халық әндері болды.

1996 жылы кеудесінде тұмшаланған қимастықпен арпалысып, туған жерінен ұзады. Орал қаласына табан тіреді. Облыстық халық шығармашылығы орталығына қызметке орналасты. Өнер мектептерінде шәкірт тәрбиеледі. Жастарға баян аспабының қыр-сыры туралы айтты. Оның жетекшілігіндегі «Ақжайық» халықтық фольклорлық ансамблі 1997 жылы халықаралық фестивальде топ жарып, Ресей Федерациясының астанасынан алтын медальмен оралды.

Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде білімін тереңдетті. Келмеске кеткен күндердің тасасына тығылған «Қаһарман ән қалықта», «Отты жылдар әндері», «Сағыныш сазы» (У.Сариев), «Ән мен күйдің мекені – Жаңақала», «Көңіл сазы» (К.Балабасов), «Сыңар етіп арманның ақ қанатын» (Ш.Қайырғалиев) сияқты әндерді жарыққа шығарды.

Ұйымдастырған іс-шаралары туралы ақпарат облыстық, республикалық басылымдарға, әлеуметтік желілерге, веб-сайттарға жиі жарияланды. Әріптестерімен тәжірибе алмасып, заманауи техникамен жұмыс істеуді үйренді. Құрманғазы күйлерін насихаттау мақсатында бірнеше жобаны жүзеге асырды. 1700 домбырашы қатысқан «Нағыз қазақ –домбыра» акциясының, домбырашыларға арналған облыстық, Қаламқас Орашеваның шығармашылығын тыңдарман қауымға кеңінен таныстыру үшін «Көмейімде күміс жыр» әнші-термешілердің республикалық байқауларының басы-қасында жүрді. Өнер адамдарымен, өркениеттің да-муына өз үлесін қосқан жандармен пі-кір таластыру үшін жыл сайын семинарлар өткізіп келеді. Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылығына арналған «Атамекен» ән фестивалінің ең алғашқы ұйымдастырушысы ретінде танылды. Қазір бұл жоба жыл сайын өтетін халықаралық деңгейдегі фестивальге айналды. Ұмытылған әндерді жинақтап, оқу орындарына методикалық құрал ретінде таратты.

Есенкелді Молдағалиев санжылдық еңбегінің нәтижесінде ҚР Мәдениет қайраткері атанды. Сан мәрте облыстық және республикалық марапаттарға қол жеткізді. 2005 жылдан бастап 2021 жылға дейін облыстық халық шығармашылығы орталығы халық шығармашылығы бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Қазіргі таңда сол мекемеде әдіскер.

Осылайша мәдениетке арнаған 44 жылы көзді ашып-жұмғанша өте шыққан Есенкелді Ғарифоллаұлы биыл 65 жасқа толды.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале