4.03.2025, 10:15
Оқылды: 196

«Маған қазақтың әр ою-өрнегінің астарында тарихи мән-маңыз бен тағылымды тәлім-тәрбие бардай көрінеді»

«Айнамкөз» ісмер қыз-келіншектерді «Орал өңірінің» мың-сан оқырманына таныстыруды жалғастыруда. Біздің кезекті кейіпкеріміз – ұлттық мәнерді заман ағымына қарай бейімдеуге тырысып жүрген Марина Приказчикова. Маринаны мен «Made in KZ» атты көрмеден кезіктірдім. Көрмеге дайындаған үстелінің үстінде ою-өрнекпен безендірілген, заманауи үлгідегі көздің жауын алатын неше түрлі әшекей жатты. Қызығып, әр бұйымын бір қарап, біраз тұрдым.

WhatsApp Image 2025-02-13 at 12.47.45

Марина Геннадьевна Приказчикова 1980 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Балалық шағынан бастап шығармашылыққа жақын болып, қолөнерге, сурет салуға ерекше қызығушылық танытқан. Кішкентайынан түрлі әшекей бұйым жасап, дәптер бетіне суреттер салып, қиялындағы сұлбаны қағазға түсіретін.

– Үйде төрт ағайындымыз. Екі ағам мен бір сіңлім бар. Отбасы жағдайына байланысты көшіп-қонып жүргендіктен, бірнеше мектепте оқыдым. Орал қаласындағы №10 мектепті бітірген соң, шығармашылық жолымды жалғастыру үшін Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Өнер институтына түсіп, бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі мамандығын меңгердім. Алайда жүрегім әрдайым қолөнерді аңсайтын. Еңбек жолымды балаларға сабақ беруден бастадым. Орталықта қосымша білім беру педагогі ретінде декоративті-қолданбалы өнер және бейнелеу өнері үйірмелерін жүргіздім. Балалардың шығармашылығын дамыту мақсатында жыл сайын жаңа бағыттарды зерттеп, үйретіп отырдым. Осылайша, 19 жыл ішінде қол-өнердің түрлі саласын меңгердім. Жұмысыммен қатар, өзімнің де шығармашылығыма уақыт бөліп, қолдан жасалған бұйымдар жасаумен айналыса бастадым. Жәрмеңкелер мен көрмелерге қатысып, өз туындыларымды көпшілікке ұсындым. Қолөнер – мен үшін жай ғана жұмыс емес, өмірімнің мәні мен шабыттың қайнар көзіне айналды, – дейді кейіпкеріміз.

0e128537-b2f2-4212-9c31-57cca521218f

Этникалық стильдегі аксессуарларды 5 жылдан бері жасап келе жатқан Марина ұлттық ою-өрнектерге деген қызығушылығы ертеден басталғанын айтады.

– Маған қазақтың әрбір ою-өрнегінің астарында тарихи мән-маңыз бен тағылымды тәлім-тәрбие бардай көрінеді. Мені халықтық дәстүрлер мен ою-өрнектер шабыттандырады. Өз жұмысымда осы элементтерді заманауи тәсілмен үйлестіруге тырысамын. Мен үшін басты мақсат – әшекейлердің ұлттық нақышты айқындап қана қоймай, күнделікті өмірде де қолданылуы.

Айта кетерлігі, біз бұл істі жұбайым Василий Приказчиков екеуміз бірге жүргіземіз. Ол – дизайнер және лазерлік станоктың операторы, ал мен – суретшімін. Жұбайым үнемі көлеңкеде қалады, бірақ негізгі жұмыстың басым бөлігін сол кісі атқарады, – дейді Марина.

aa1c2371-ecc2-4a97-ba89-62f6e3f20a02

Бүгінде үш қыздың анасы болып отырған кейіпкеріміз бір бұйымның жасалу тарихын да баяндап берді.

– Мысалы, маған сырға жасау идеясы келеді. Ең алдымен, оның нобайын қағазға қарындашпен түсіремін. Бұл – болашақ әшекейдің алғашқы бейнесін көруге мүмкіндік береді. Содан кейін эскизді жолдасым компьютерде сызып, оны жетілдіреміз: пішінін, пропорциясын реттейміз, кейбір бөліктерін толықтырамыз немесе өзгертеміз. Дайын сызба лазерлік станокта кесіледі. Кесілген бөлшектерді мұқият өңдеп, беткі қабатын тегістейміз. Осыдан кейін мен бояуға кірісемін – әрбір сызығын, әр өрнегін қолмен сызамын. Егер ұсақ элементтер болса, оларды дәлдікпен салу үшін лупа қолданамын. Сырғаға жарқыраған жылтыр беру үшін оны эпоксидті шайырмен (смола) қаптаймыз. Шайыр кепкен соң, қажетті фурнитураларды бекітемін, сырғаларды құрастырып, соңғы рет тексеремін. Ең соңында дайын әшекейлерді әдемілеп суретке түсіріп, оларды сатылымға шығарамын. Осылайша, әр сырға шабыттан туған, бірнеше кезеңнен өтіп, өз қолыммен жасалған ерекше бұйымға айналады. Жасаған әр бұйымым өзіме ыстық, дегенмен, олардың өз иесін тауып, жаңа ортада «өмір сүретіні» мені шын қуантады. Әр әшекей өз иесіне қуаныш сыйлап, оның бейнесін толықтырып, күнделікті өмірінің бір бөлшегіне айналады. Біздің әшекейлер тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Ресейде, Еуропада және басқа да елдерде өз иелерін тапты. Демек, қолөнерім әлемнің түкпір-түкпіріне таралып, әр елде қазақылықтың бояуын көрсетіп жүр, – дейді ол.

ac84a18d-1248-47a3-87a7-b5e141d0b247

Айта кету керек, бұл техникамен Қазақстанда санаулы ғана шебер жұмыс істейді екен. Кейбіреулері түйреуіш жасайды, бірақ сырға, білезік, алқа, шашқа тағатын әшекейлер сияқты кең ассортиментті тек Марина дайындайды екен.

bfd6c65d-913b-4d11-a10b-65179e3eca03

– Мұндай бұйымдарды Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде біз ғана жасаймыз. Өзіміздің ұлттық нақыштағы әшекейлерімізді тек дайын үлгіде ғана емес, тапсырыс берушінің қалауына қарай, жеке эскиз бойынша да жасай аламыз. Бұл – ерекше әрі уақытты талап ететін жұмыс. Өйткені әр материалдың өзіне тән қасиеттерін ескеру, дизайнның үйлесімді болуын ойлау қажет. Көбіне бізден сырғалар сатып алады. Бірақ, сонымен қатар білезіктер, алқалар, шашқа тағатын әшекейлер де үлкен сұранысқа ие. Қоржынымызда шежіре, кілтке тағатын ру атаулары жазылған түрлі брелоктар да бар. Өз бұйымдарымызды халыққа кеңінен таныту үшін түрлі көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысып, ұлттық өнерімізді насихаттауға тырысамыз. Біз үнемі жаңа әдістерді қолданып, бұйымдарымызға заманауи элементтерді қосып отырамыз. Әр туындымызда қазақтың бай мәдениеті мен ұлттық ою-өрнектерінің сұлулығын көрсетуге тырысамыз. Алдағы уақытта үлкен қалаларға шығып, жаппай сатылымға шығару – басты жоспарымыздың бірі. Қазіргі таңда негізгі сатылымымыз Орал қаласында жүріп жатыр, бірақ болашақта Астана мен Алматыдағы ірі дүкендермен серіктестік орнатқымыз келеді. Осылайша, ұлттық нақыштағы әшекейлерімізді кеңінен танытып, қазақ мәдениетін тек елімізде ғана емес, шетелде де дәріптеуді мақсат етеміз, – дейді ұлты өзге болса да, жаны қазақ Марина.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале