1.12.2022, 9:45
Оқылды: 80

Мақсарыдан пайда мол

Облыста майлы дақылдардың бірі – мақсарынының егіс көлемі ұлғайып келеді. Бұған дақылдың шөлге төзімділігі, қуаңшылық жылдардың өзінде қалыпты өнім беретіні себеп болса керек. Мынадай статистика бар екен. Өңірде мақсары 2018 жылы 15 мың гектарға, 2019 жылы 29 мың га алқапқа, 2020 жылы 67 мың гектарға егілген. Былтырғы 69 мың гектар биыл 123 мың гектарға артқан.  

WhatsApp Image 2022-11-17 at 10.39.28

Оралда өңір шаруаларын элиталық және репродукциялық тұқыммен қамтамасыз ететін «Орал ауыл шаруашылық тәжірибе стансасы» ЖШС бар. Осы серіктестіктің басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары, биология ғылымдарының кандидаты Аспен Орынбаевпен кездесіп, мақсарыны егу технологиясымен таныстық.

– Мақсарыны біздің аймақта сәуірдің соңғы онкүндігі мен мамырдың бірінші онкүндігі аралығында себеді. Осы кезде тұқымның өніп-өсетін температурасы да сәйкес келеді. Бір гектарға 20-25 келі немесе 0,5-0,6 млн тұқым себеді. Мақсарыны 4-6 см тереңдікке егу керек. Бірақ тұқым түсетін тереңдікте міндетті түрде ылғал болуы қажет. Мол әрі сапалы өнім алу үшін осы талаптарды орындаған жөн. Мақсары 7-10 күнде көктеп шығады, – деді Аспен Тұрсынғалиұлы.

Аспен Тұрсынғалиұлы айтып өткендей, мақсарыны екпестен бұрын егістікті   арамшөптен міндетті түрде тазарту керек. Себебі олар – мақсарының негізгі бәсекелестері. Арамшөп топырақтағы ылғалды, күннің сәулесін, қоректік заттарды мәдени дақылдарға қарағанда  көп сіңіреді. Егер танап арамшөптен таза болмаса, дақылдың өнімділігі бірнеше есе төмендейді. Мақсары – жарық сүйгіш өсімдік. Жарық мол түссе, оның тамыры топыраққа терең бойлап, жапырақтары қалың өседі әрі ерте гүлдейді. Маманның айтуынша, арамшөппен күресу үшін көбінесе химиялық әдісті қолданады. Себебі ол ыңғайлы әрі тез әсер етеді. Бірақ агротехникалық әдістердің де тиімділігін ұмытпаған жөн дейді. Әлемде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру үшін қолданатын бірнеше технология бар. Әр агроқұрылым қажет технологияны өзінің мүмкін-дігіне қарай таңдайды. Мысалы, «нөлдік» технология бойынша топырақты жыртпай, қопсытпай-ақ тұқымды тікелей себеді. Топырақтың беткі қабатында мульча қалыптастырады. «Минималды» технологияда, аты айтып тұрғандай, топырақты минималды өңдейді. Яғни зиянкестермен күрескен кезде агротехникалық және химиялық әдісті кезек қолданады. Ал «дәстүрлі» технологияда, әдеттегідей, жерді міндетті түрде жыртып, қопсытып, тырмалайды.

– Орал ауыл шаруашылық тәжірибе стансасы минималды және дәстүрлі технологияларды қолданады. Ерте көк­темде, ең алдымен, ылғал жабады. Тұқымды  «Агратор 9800» себу кешенімен егеді. Екі бөліктен тұратын үлкен тұқымсалғыштың бір жағына тыңайтқыш, екінші жағына тұқым салынады. Бұл техника бір жүргенде бірнеше іс тындырады. Арамшөпті кесіп, тыңайтқыш пен тұқымды сеуіп, топырақты тығыздайды. Мақсарыны «Вектор 410» секілді  астық дақылдарын оратын комбайнмен жинаймыз,  – деді маман. Мақсарының ерте пісетін, орташа ерте, орташа және кеш пісетін сорттары бар. Сорттарына қарай  шаруалар оларды тамыздың соңында немесе қыркүйекте орады. Бұл дақыл  90-150 күн аралығында піседі. Айта кету керек, станса мақсарының «Ииркас», «Ахрам» және «Центр 70» сорттарын өсіреді. Облыс шаруалары бұлардан басқа да  сорттарды егіп жүр. Қазір стансаның ғалымдары мақсарының 50 сортын сынақтан өткізіп жатыр екен. Сонымен қоса аталмыш станса күздік бидай, күздік қара бидай, жаздық бидай, арпа, сұлы, тары, судан шөбі, көпжылдық шөптердің тұқымдарын  өсіреді.

WhatsApp Image 2022-11-14 at 14.36.25

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше,  өңірде майлы дақыл өсіруді қолға алған шаруашылықтардың саны артқан. Биыл облыста 185,6 мың гектарға майлы дақыл егілген. Соның ішінде күнбағыс – 61,5 мың га, мақсары – 123,2 мың га және басқа майлы дақылдардың көлемі – 0,9 мың га. Орташа шығымы гектарына 7,9 центнерден айналған. Майлы дақылдардың ең көбі Бәйтерек ауданы аумағында  90 мың га егілген. Теректіде – 46 мың га, Тасқалада – 17 мың га, Бөрліде – 14 мың гектар. Бәйтерек аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің берген ақпаратына сүйенсек, майлы дақылдар 90473,5 гектарға егілген. Күнбағыс – 42246,6 га болса, мақсары – 48226,9 гектар. Мақсарының орташа түсімі гектарына 9 центнер болған. Облыс әкімінің міндетін атқарушы Ғ. Есқалиев биыл аталмыш ауданға барған сапарында облыста мақсары майын өндіру мәселесін көтерген еді. Осы игі іспен айналысқысы келетіндерге қолдау көрсетілетінін де айтты. Сондықтан мақсары да бір кәсіптің көзіне айналғалы тұр. Айта кету керек, биыл өңдеуші кәсіпорынға тапсырылатын майлы дақылдардың әр тоннасына 10 000 теңге көлемінде демеуқаржы төленеді.

Ясипа Рахимқызы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале