16.09.2021, 22:16
Оқылды: 28

Мал дәрігерінің жалақысы мардымсыз...

– Ел Президенті өзінің кезекті Жолдауында көптеген өзекті мәселелермен бірге ауыл шаруашылығына байланысты шешімін табуы тиіс мәселелерге де қозғау салды. Жұмысымызға байланысты аудандардағы елді мекендерді аралағанда жайылымдардың тапшы екенін шаруалармен жүздесіп сөйлескенде байқаймыз немесе мұны өзіміз көру арқылы көз жеткіземіз.

13

Мәселен, жайылымдардың көлемі негізінен 10-15 шақырым болу керек. Ал көптеген елді мекендерде орналасқан шаруа қожалықтарындағы жайылымдық жерлердің көлемі 1,5 шақырымнан аспайды. Мұның өзі кезінде жер дұрыс өлшенбей, қалай-солай шамамен бөліп берудің салдарынан туындаған жайт. Бұл ауылды мекендейтін азаматтардың басты мәселелерінің бірі саналады. Жер көлемі аз болғандықтан оларға мал азығын жеткілікті дайындау қиынға тиеді. Мұнымен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешудің өзі де екіталай нәрсе.

Жолдауда сондай-ақ су тапшылығы және шаруа қожалықтарының субсидияны уақытында ала алмауы туралы орынды мәселе көтерілген. Осыған орай біздің партия жоғарыда айтылған мәселелерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрылымдармен бірлесе отырып шешкенді жөн деп тауып отыр. Сол сияқты ауылдағы интернет жайы бізді алаңдатады. Көптеген елді мекендерде интернет жоқ. Соның салдарынан шаруа қожалықтарындағы төлдеген малдар тіркелмей, уақытында есепке алынбайды. Осыдан келіп, мал санының есебі дұрыс, нақты жүргізілмейді. Сол сияқты ауыл шаруашылығында мал дәрігерлері маңызды рөл атқарғанымен, олардың жалақысы мардымсыз. Бұл тұрғыда – Жолдауда терең айтылуы көптің ойымен үндес келіп тұр. Ауыл шаруашылығында мал тұқымын асылдандыру жұмыстары кемшін жатыр. Оны ойдағыдай жүргізуге қазіргі шақта зоотехник мамандығының қат болуы кедергісін тигізуде. Осы арада айта кететін жайт, Кеңес дәуірінде зоотехникалық, малдәрігерлік шаралар талапқа сай жүргізіліп, жүйелі жолға қойылды. Бұл мәселені қайтадан мықтап  қолға алмасақ, мал тұқымын асылдандыру жайы қазіргідей әрі-сәрі күйде қала береді.

Және бір айтпағым, жас мамандарды ауылға тұрақтандыру бағытында байыпты, мақсатты бағдарлама қажет. Ауыл шаруашылығында қызмет істейтін жастар жөнінде арнайы бағдарлама жасалатын болса, тіптен құба-құп болар еді. Бұл мәселе де жоғарыда айтылған жайттармен өзектес. Жолдауда сөз болғандай, Президент Жолдауларында бұрын-соңды айтылмаған салаларда қызмет істейтін мамандардың жалақысы жыл сайын 20-25 пайызға өсіп отырады деуі көңілден шықты. Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін жастарға тұрғын үй бағдарламасы бойынша «Отбасы банк» арқылы  қолжетімді баспана берілсе, сөз жоқ, іс оңға басады. Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы көбейді. Сол сияқты басқа да мамандық иелерінің табыс-кірісі артады деген сенімдеміз. Сондықтан Мемлекет басшысы баяндаған бұл құжат үлкен бастаманың алды, іргелі жақсылықтардың басы  деп есептеймін.

 

Мынатаубиік Әнесов,

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы
Батыс Қазақстан облысы өңірлік филиалының төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале