14.12.2021, 9:11
Оқылды: 53

Мәлік Мұқашев әлем чемпионы атанды

Батысқазақстандық паратаеквондошы Мәлік Мұқашев Ыстамбұлда мәреге жеткен әлем чемпионатында Жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Бапкері Ербол Мерғалиевтің айтуынша, Мәлік Мұқашев 80 келі салмақта алдымен түрік спортшысын ұтты.

fc4ba973-d613-44db-9711-059714ffd49f

Финалда ресейлік паратаеквандошымен шығып, екі секунд қалғанда, қарсыласын 41:39 есебімен жеңді.

Мәлік бұған дейін әлем біріншілігінде жеті жылдан бері бақ сынап, үздік нәтижесі – бесінші орынмен шектелген еді. Биыл ол Азия, Еуропа біріншілігі, Қазақстан спартакиадасы, енді, міне, әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтеріліп, бір жылда төрт алтын медальді жеңіп  алып  отыр.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, Мәлік Мұқашев 1986 жылы Орал қаласында дүниеге келген.

Теректі ауданы Подстепный ауылында орта мектепте оқыған. 1998 жылы Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласына қоныс аударған. 2000 жылы ток соғып, қатты күйік алып, екі қолынан айырылған. Ақсайдағы №3 орта мектепті, сосын 2006 жылы Орал қаласындағы қаржы-экономикалық колледжін бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша бітірген. Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде жоғары білім алып, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі атанды.

2014 жылдан бастап таеквандо жаттықтырушысы Ер­бол Мерғалиевтің қоластында жаттығып келеді. Сол жылы паратаеквондодан Еуропа ашық чемпионатында қола жүлдеге ие болды. 2016-2018 жылдары Азия чемпионатының үш дүркін жүлдегері атанды. 2019 жылы Еуропа чемпионы атағына қол жеткізді.

Биыл Ливан астанасы Бейрут қаласында өткен VI Азия чемпионатында үздік шыққан БҚО мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт клубының спортшысы, бөрлілік Мәлік Мұқашевқа тірек-қимыл аппараты зақымдалған спортшылар арасында паратаеквондодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы берілді.

Ғайса Бәймен

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале