Кеше облыс әкімі Ғали Есқалиевтің қатысуымен облыстық құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті.
Отырыста жол-көлік оқиғаларының алдын алу, қыс мезгілінде жолдарды күтіп ұстау жұмыстарын ұйымдастыру және нашақорлықпен күресу мақсатында атқарылған жұмыстар, құқықбұзушылықтың орын алу себептері жайында сөз қозғалды.
– Соңғы жылдары жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біраз жұмыс атқарылды. Облыс орталығында орнатылған жылдамдық режимін бақылаудың автоматты жүйелері қаладағы жағдайды айтарлықтай жақсартты. Алайда жол апаты әлі де көп. Желтоқсан айының басында 12 ауыр жол-көлік оқиғасында 8 адам қаза тауып, 17 адам жарақат алды. Бұл қыс мезгілінде жолдарды күтіп ұстау өте төмен деңгейде екенін көрсетеді. Көрші мемлекеттер жауын-шашын жауа бастағанда жолдарды тазалауға кіріседі. Біз ауа райын ұдайы бақылап, жедел әрекет етуіміз керек. Республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың бойына құм базаларының орнатылғаны жөн. Биылғы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша малдың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасының саны 2 есеге (3-тен 6-ға дейін) артып, 5 адам қаза тапты. Біз жергілікті атқарушы органдар мен аумақтық полиция бөлімдерінің малдың қараусыз қалғаны туралы хабарламаларына жауап қайтару бойынша облыстың автожолдарында жасырын тексерулер жүргіздік. Жергілікті атқарушы органдар осы бағыттағы жұмысын ширатуы қажет, – деді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин.
Жол-көлік оқиғалары мәселелері егжей-тегжейлі талқыланғаннан кейін әңгіме жастар арасындағы нашарқорлыққа ойысты. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнара Абдрахманованың айтуынша, нашақорлықтың салдары адамның өзі үшін де, жалпы қоғам үшін де ауыр. Ең алдымен, есірткі заттарын қолдану нашақордың психикасының бұзылуына және мінез-құлқының өзгеруіне әкеледі. Ұйқы қашып, есте сақтау, ойлану қабілеті нашарлайды.
–Психоактивті заттарды пайдаланатын жасөспірімдерді анықтап, тіркеу топтарына енгізген дұрыс. Білім ордаларымен, үкіметтік емес ұйымдармен, полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарды жандандырған жөн.Жастарды жұмысқа тартып, әлеуметтік желілерде алкогольдік сусындардың және басқа да зиянды заттардың адамға пайда әкелмейтінін көптеп жазған дұрыс. Оқушылар арасында электронды темекіні тұтынатындар көбейіп барады. Ата-аналар ұл-қыздарын көзден таса етпей, жіті қадағаласа екен, – деді Гүлнара Мақсотқызы.
Ғали Нәжімеденұлы құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын күшейтіп, осы отырыста қозғалған мәселелерді талқылап, нақты нәтижеге қол жеткізу керек екенін айтты.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz