20.10.2024, 15:30
Оқылды: 14

МӘМС: Батыс Қазақстанда 130 мыңға жуық адам сақтандырылмаған

2017 жылы 1 шілдеде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен бастап биылғы қыркүйекке дейін БҚО тұрғындарынан 88,6 млрд астам қаржы түскен. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды. 

IMG-20241020-WA0023Фото: freepik

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Сандуғаш Болысбекованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімет еткеніндей, сақтандыру мәртебесі бар адамдар МӘМС аясында кеңейтілген медициналық қызметтерге қол жеткізе алады. Ол үшін үнемі жарналар мен аударымдарды төлеу қажет.

Оның сөзіне қарағанда, биылғы қаңтардан қыркүйекке дейін облыс тұрғындарынан түскен жалпы қаражат көлемі 18,8 млрд теңгеден асқан. Түсімдердің негізгі бөлігі, яғни 10,2 млрд теңгеден астамы жұмыс берушілерден аударылса, қалған 8,6 млрд теңге –жұмыскерлердің, жеке кәсіпкерлердің, дербес төлеушілердің және азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін тұлғалардың жарналары.

«Биылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша Батыс Қазақстан облысында 696 886 адам тіркелген. Сақтандыру базасының деректеріне сәйкес, өңірде 565 341 адам немесе 81,3 пайызы сақтандырылған. Бұлардың 390 мыңы — МӘМС-ке жарналарды мемлекет төлейтін 15 жеңілдікті санатқа жататын азаматтар. Қалған 175 341-і — жұмыскерлер, жұмыс берушілер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және экономикалық белсенді басқа азаматтар. Сонымен қатар 129 957 адам сақтандырылмаған», - деді С.Болысбекова.

Филиал директорының айтуынша, биыл 56 медициналық ұйыммен келісім-шарт жасалса, соның 37-сі (66,1 пайызы) – мемлекеттік, 17-сі (33,9 пайызы) – жеке ұйымдар. 2023 жылмен салыстырғанда, қаржыландыру көлемі 6 пайызға артып, биыл 82,8 млрд теңгеге жеткен.

«Филиал 50 медициналық ұйымға 25,5 млрд теңге (30,7 пайыз) көлемінде алдын ала аванс берді. Бүгінгі таңда медициналық ұйымдарды шын мәнінде көрсетілген медициналық қызметтер үшін қаржыландыру бойынша жұмыс жүргізілуде, төлем тапсырмалары тамыз кезеңі бойынша рәсімделуде. Тоғыз айда 58,2 млрд теңге немесе жасалған келісімшарттардың сомасынан 70,3 пайызы төленді», - деді С.Болысбекова.

Оның мәлімдеуінше, қор филиалында 1 585 өтініш тіркелсе, соның 712-сі (өткен жылдың тоғыз айында – 679) – шағымдар. 271 шағым медициналық ұйымдармен азаматтардың мәселелерін шешу барысында кері қайтарылды. Тек 46 шағым жоспардан тыс мониторингке жіберілді. Халықтың шағымдарының ең көп саны алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарына қатысты.

«Шағымдар мен өтініштерді талдау барысында алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына қатысты бірқатар проблемалық мәселелер анықталды. Сондай-ақ түйткілді жайттар жылдың басында алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының амбулаторлық дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз етілмеуі, медициналық көмектің қолжетімділігі және консультативті-диагностикалық қызметтерді ұзақ күту, кей жағдайларда кадр тапшылығымен байланысты болды», - деді С.Болысбекова.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале